МАМОНТТАР ҚОРЫМЫ-Жұмбақ Жер
Үлкен Ляховский немесе Таяу арал геологиялық құрылымы жағынан керемет. Оның төрт тайпақ, бірақ құзтасты шың, анығырақ айтқанда, шыңдар сілемі түп-түгел гранит, ал қалған жері жұмсақ құм-қайраң. Сондығынан да әлгі шыңдардан шапшып шығып жатқан сансыз бұлақтар мен жылғалар жұмсақ қыртысты оңды-солды тілімдеп, шетене өспейтін тақыр төбешіктерге бөлген де тастаған. Әудемге бармайтын қысқа жазда беткейі мүк батпақты тундраны көз алдыңа келтіріп, терістікке қараған ылдилар мен терең сайларында қар жатады.
Астын қулаған толқынның қырсығынан теңізге төнген жеке-жеке жарқабаққа ұқсаған арал жағасы да әлгі жұмсақ құм-қайраңнан құрылған және ол өзек пен бұлақ жылғаларынан бөлек-бөлек танаптар түзген. Атам заманда қалыптасқан бұл қабат сірескен тон, тек жазда ғана болар-болмас жібіген сыңай танытады. Жібіген жердің дені суға құлайды не толқын шайып кетеді, соның салдарынан арал бірте-бірте мүжіліп шөгіп барады. Тіпті судың шаюына сәл тосқауыл болып тұрған мынау мәңгі тоң болмаса, арал баяғыда-ақ құрып кетіп, жалғыз гранит діңгегі қалар еді.
Жаңағы жұмсақ қабатта мамонт сүйегінен аяқ алып жүре алмайсың, тіпті сол көне жануардың тұтас денесін де жиі ұшыратасың. Оның тұстастары жүні ұзын мүйіз тұмсық, зеңгі бабаның түпкі атасы, канада бұғысы, жылқы және басқа жануарлардың денесі мәңгі тоңның арқасында бүлінбей, жүн-жұрқа, мүйізімен, ішек-қарынымен түп-түгел сақталған. Жазда тоң жібіген шақта көп тұсты өзендер шайып, жеке сүйек-саяқ пен азу тістерді ағызып сағаға, теңіз жағасына шығарып тастайды. Осылайша жаға жарынан да толқын шайып, тоң жібіп шығып қалған көне жануарлардың өлі денесін теңіз қағып алып, құм-қайраңның астына тағы да тығып жібереді. Кейде бұл өлексені мың сан жыл тоң болып қатып жатқан еттен тайынбайтын жыртқыш құстар мен азулы аңдар тік көтеріп жеп кетеді.
Үлкен Ляховский аралының осындай ерен құрылымы жылда көктемде кәсіпкерлердің құлқынын құртады да тұрады; олар біртегіс теңіз жағасынан, өзен алқабы мен өзен сағасынан өткен жылы тоңнан бөлініп жібіген жердің бетіне шығып қалған мамонт сүйегін жинайды. Тоңда тамаша сақталған бұл мамонт тістерінің бағасы қазіргі піл сүйегінен бір де кем емес. Оны кәсіпкерлердің қолынан жергілікті жердегі, сырттан келген саудагерлер сатып алып, Якутскінің жәрмеңкесіне апарады, одан о сүйектер әрі қарай Сібірге, Россияға шығарылып, тарақ, запөнке, қобдиша, бильярд шары сияқты әр алуан бұйымдар жасауға ұсталынады.
Қазып алынған жануарлар сүйегі кәсіпкер үшін пайдасыз, соған қарап жануарлар әлеміне баға беретін ғылымға ғана қажет олар. Ара-тұра мұз еріп жер бетіне шығып қалған жануарлар денесіне ғана ие кәсіпкерлердің басқа да шаруасы жоқ, оны өлшемейді де, сипаттап жазбайды да, тіпті тағы қайда не жатқанын да білмейді.
Горюнов пен оның екі жолдасы кәсіпкерлерге еріп мамонт тісін жинағалы осы аралда бір рет болғаны бар, олар олжаның молдығына таңғалысты, бірақ бірі де Казачьеде бұл құбылыстың құпиясын түсіндіре алмады, өйткені қолында сүйенетіндей арнаулы әдебиеті болмады.
Астанада Горюнов осы жағын да ойлап, бұл жөніндегі әдебиеттермен де танысып, бірен-саранын өзімен ала келген-ді. Сондықтан жиһангездер жаға жарларын жітірек барламақ болып, әрі кісілер мен иттерді тынықтырып алмақ ойымен аралда бір қонуға келісті.
Келесі күні таңертең Гороховтың жол көрсетуімен үшеуі де теңіз жағасын бойлап жүріп кетті. Күн көзі шыраланып теңіздің жазғы жойқын шаруасы әлі бастала қоймаған кез, алайда шұғыласы жарға асылған еңкек күн біраз істі тындырып та тастағандай. Жаға жарларының биіктігі жиырма-жиырма бес метрдей, ұшар басына қатты бораннан соң үй шатырына тұратын қасат қардай асылған күртік сіресіп сіреу болып қатып қалған. Қысқы жауын-шашын, бораны жиі бұл араның мұз әдіптерінің кей тұсының ені төрт-алты метр, ұзындығы жиырма-қырық метрге жақындап, қалыңдығы бір-екі метрден асады. Осылардың астын қуалай жоғары жағы бірөткей мұздан, кейде қатып қалған салынды – құм-қайраңнан тұратын жаға-жары басталады. Жар астындағы мұз қалыңдығы әр түрлі тұтас бір дүние, бейне арал түкпірін үңгіп бара жатқан мұз қабырға іспетті. Қабырғалардың ара-арасы жұқа балшық, ұсақ құм мен мұз қабаттары болып алмасады да отырады. Жардың жоғарғы жағынан бәзбір сіреу мұз құлап түссе, салынды мен мұздың сырты құмбалшық немесе шымтезекпен көмкерілгенін көруге болады, ал омбы қардың астында жатқан тундраның үстіңгі қабаты да осы жыныс.
Жардың төменгі жағының басым бөлегін қыс бойы жағадан үріп тыққан күртік жауып жатыр. Биіктігі сегіз-тоғыз метрге жететін осынау құлама күртікпен жардың тура ернеуіне дейін барсаң, теңіз деңгейінен он екі – он бес метрдей биіктікте тұрған аралдың құрылымына көзің әбден жетеді.
Жағаны барлау барысында жиһангездер жануарлар сүйегінің мұзда емес, салынды қабатында жатқанын білді. Мұны аралда бұрын көп болған Горохов та растады, ол тіпті салынды қабатынан бітеу өлі жануарлар да тапқан.
Жаға бойлап он шақырымдай жүріп, жер құрылымы түгел біркелкі екеніне көзі әбден жеткен жиһангездер түске қарай Кіші Қыстаққа қайтып, тапқан сүйек-саяғын ала келді, оның ішінде мүйізтұмсықтың бас сүйегі мен мамонттың тісі де бар. Жардың мұзды бөлегінен олар күн көзінің кей тұсты үңги тесіп, сүңгілер тізе бастаған бүлдіру әрекетін де көріп қайтты.
Ас үстінде Горюнов жолдастарына Толльдің осы бір ғажайып аралдың құрылымын, мұнда жойылып кеткен жануарлар өлігінің неліктен молдығын қалай баяндағанын айтты. Оқымыстының ойынша, аралдың мұзы – алапат мұз басу дәуіріне дейін болған үлкен бір мұзарттың қалдығы. Мұз дәуірінің аяғына қарай азайған мұзарттың үстіңгі қабаты мүжіліп, еріп, аралдың жоғары жағынан тұщы су қайнарлары құлауынан тілімденіп, жылғаларда құм-қайраң түзілген. Салындылардан табылған өсімдік қалдықтарына қарағанда, қазіргідей қына мен мүк, тырбиған гүлсымақ емес, аралдың өсімдік дүниесі аса бай болған сияқты, бұрын бұл арада биіктігі төрт-алты метрлік қызыл қайың шоғы, үйеңкі-тал мұзартқа жақын жатқанына қарамай, әр алуан дақыл өссе керек. Шамасы, мұз дәуірінен кейінгі кезде бұл жердің ауа райы жұмсақ болған тәрізді, өйткені мұндай өсімдіктер құрлықта тек ендіктен бірнеше градус түстікке қарай ғана кездеседі. Өлі мамонттардың тісінен, ұлтабарынан табылған азық қалдықтары әлгі жануарлардың осы өсімдіктермен қоректенгеніне куә. Ал өлі жануарлардың мұз бен салынды қабатында жатысының өзі олардың осы жерде өмір сүріп, осы жерде өлгенін аңғартады.
Ал Үлкен Ляховский аралынын мұз дәуірден кейінгі кездің әр алуан сүтқоректілерінің сүйікті орны болу себебі неде?
Мұны былайша болжауға болады: жер дамуының төртінші дәуірінің басында Сібір құрлығы қазіргіден гөрі терістікке қарай сұғыныңқырап жатқан да, Новосибирь аралдары сол құрлыққа кірген. Соңғы мұз басу дәуірінің аяғында, Сібірде әлгі мамонттар, ұзын қылшықты мүйізтұмсықтар, зәңгі бабаның түпкі аталарымен алғашқы қауымның адамдары бар кезде, құрлықтың осы қиян шеті жіктеле жарылып, кейбір тұсы төмен түсіп теңізге батып кеткен. Биігірек жерлері бірте-бірте мұздан арылып, өсімдік өсе бастаған. Қазіргіден күн әлдеқайда жылы болғанын жануарлар сүйегімен бірге табылған өсімдіктерден де көруге болады. Әрине, қаптап келе жатқан топан судан жануарлар қыраң жерлерге қашып шығып, аман қалғаны анық.. Сондай жердің бірі Новосибирь архипелагының басқа аралдары сияқты осы Үлкен Ляховский аралы болса керек. Аралдардың тап түстігіндегісі болған соң ба, оңтүстікке ауған жануарлардың дені осыған жиналыпты. Алайда ол айдынды бұғаз арқылы құрлықтан бөлініп қалып, аралға айналған да, жеткен жануарлар әлі кете алмаған. Жануарлардың көп жиналғаны сондай, азығы жетпей, арал олардың қырылғанда құлар қорымына айналған. Онда қанша мамонт мекендегенін кәсіпкерлер ерте кезде алып келіп, Якут жәрмеңкесіне салған мамонт тісінен де аңғаруға болады. Санаққа қарағанда, олар жыл сайын мың– мың төрт жүз пұт, орташа – мың екі жүз пұт сүйек әкеп тұрған. Ірі мамонттың екі азу тісі сексен килограмм, яғни бес пұт тартады. Демек, жәрмеңкеге жыл сайын екі жүз қырық мамонттың тісі әкелінген. Олардың дені Үлкен Ляховский аралынан алынған, себебі оны жоғарыда суреттелгеніндей, теңіз толқыны шайып, мұз қабатында жатқан мамонт тістерін жағаға шығарып тастап отырған. Кәсіпкерлер де оларды көбіне осы арадан жинап алған, бұл мұз қабатын үңгіп, тоң қопарып жатқаннан, әрине, әлдеқайда оңай. Сөйтіп, бағзы заманда құрлықтың осы бір бөлегі өз пұшпағынан жырылып, аралға айналған соңғы мұз дәуірінің ақырында бұл арада мың сан мамонт босып жүріп бірте-бірте өліп біткен. Бірі жазда мұз ерігенде лай тасқынға қарық болған, екіншісі азын-аулақ шөбіне алдаусырап, мибатпақка батып кеткен, үшіншісі сары маса, сәйгел-бөгелектен қашып, жарылған мұздың арасына құлап, кейін құм-қайраңның астында қалған. Мұз басқаннан кейін тоң арасында осылай өлген жануарлардың ғана денесі сақталған. Ал жер үстінде өлгендердің етін жыртқыш аңдар мен құстар жұлмалап, тек саусылдаған сүйектерін ғана тастаған. Берік мамонт тістері болмаса, бара-бара басқа сүйектер бүлініп, күл боп біткен. Міне, бұл аралдың күллі терістік жағалаудан кәсіпкерлерді қызықтырған мамонт сүйегінің басты қоймасына айналу себебі содан.
– Ляховский аралындағы қазбалы мұздың шығу тегіне деген Толльдің көзқарасын оқымыстылардың бәрі бірдей құптай бермейтінін ескере кеткен абзал, – деді сөзінің соңына қарай Горюнов. – Мәселен, Толльмен бір мезетте зерттеген Бунге бұл мұз бағзы мұзарттың қалдығы емес, кейін пайда болды деген пікір сабақтайды. Мұндай мұздар су қата солтүстік Сібірде күні осы уақытқа дейін түзіледі. Күзгі аяздан жарылып, қыс қар толған мұз жарығынан көктемде тоң топыраққа құйылған судың қатуынан пайда болады ол. Олай болса, бұл мұздар мамонттар өмір сүрген дәуірден көп бері.
– Мұз бертінгі болса, жануарлар қалай оның арасында қалған? – деп сұрақ қойды Костяков.
– Мәселенің өзі де жануарлар қаңқасының мұзда емес, тундра қыртысы мен мұз қабатының арасында жатқанында болып тұр ғой. Толль осыны аңдап, атап айтқан.
– Демек, олар қорыс-қопалы тундрада жайылып жүріп, ұшып өлген де! Сонда тундра олардың тұсында мибатпақты болғаны ғой. Біз мұнда әжептәуір ағаш, шүйгін шөп өскен деп естіп едік, – деп сөз қосты Ордин.
– Бунгенің пікіріне баксақ, солайы солай, – деп жауап берді Горюнов. – Бірақ менің көбіне Толльдін болжамына ден қоятыным мынадан. Біз бүгін жарқабақтардан тундра топырағының арасындағы қабаттардың мұздан құрылмай, қайта мұз арасындағы жарықшақтарды топырақ толтырғанын көрдік.
– Сібірдің солтүстігінің мұзданып бара жатқанына Ляховский аралынан басқа дәлел бар ма? – деп сұрады Ордин.
– Мәселе оның бар екенінде болып тұр ғой. Толль мұз көшкіні кері шегінген кезде қалған көне мореналарды, яғни балшық пен құм жентектелген қойтастарды Таймыр түбегінен де, Анабар өзенінен де, Қазандық пен Жаңа Сібір аралдарынан да тапқан. Миддендорф эррат қойтастарын, яғни мұз әлдеқайдан домалатып әкеп Таймыр түбегінің ана жеріне бір, мына жеріне бір тастаған қойтастарды көрген1.
– Қазбалы мұздың басқа да түзілу тәсілдері туралы менің бір оқығаным бар, – деді Ордин. – Тундрадағы көлшіктер көбіне түбіне дейін қатады, егер ол көктемде еруіне ерік бермейтін лай-топырақпен көмкерілсе, қазбалы мұзға айналады. Қырқа баурайындағы тау-төбе күртік қарлар да құм-қайраң мен лай басса, біртіндеп мұзға айналады және оның сыртқы қабаты кездейсоқ бұзылмаса, ол міз бақпайды.
– Дұп-дұрыс! – деп қостады Горюнов. – Олардың түзілетін тағы бір тәсілін айтайын. Бұлар – Сібір өзектерінің жағасында кейде қалыңдығы да, ені мен көлденеңі де тұп-тұтас болып жататын тоң мұздар. Оларды да көктемде құм мен лай басуы кәдік. Ондай қазбалы тоң мұздардан мамонтпен бір мезгілде жасаған жануарлардың денесі шыққаны бар. Алайда қазбалы мұздар мәселесінің көлеңкелі жақтары әлі көп екенін мойындау керек, олар өз зерттеушілерін күтіп жатыр. Күні бүгінге дейін бұл мәселемен ешкім де арнайы, жан-жақты шұғылданған жоқ.
– Маған мамонттар мен оның тұстастарының тіршілігі мен құрып кетуі туралы мәселе де жеріне жеткізе баяндалмай, әлі де тереңірек зерттеуді қажет етіп жатқандай көрінеді де тұрады, – деді Ордин. – Ал мысалға, олар не үшін көшкінмен жүрген немесе өзендердегі тоң мұздарға неліктен шыққан?
– Бұл түсінікті емес пе: олар маса мен бөгелектен, басқа да шағатын жәндіктерден бас сауғалаған, бәлкім, ол кезде әлгіндей шыбын-шіркейлер тіпті көп болған шығар. Күні бүгін де солтүстік бұғылары жазда сүйтеді, сәйгелден бас сауғалап ерімей қалған күртікке, тоң мұздарға, теңіз жағасындағы мұзарттарға шығып кетеді, мүкке тойған олар жусап иә күйіс қайырып сол салқын жерде сағаттап тұрады. Әрине, мамонт мәселесінде мұнан басқа да түсінік керек ететін тұстар жетіп жатыр. Аталмыш жануарлардың құрып кетуі ауа райының нашарлауынан деседі. Бірақ ауа райы бірден нашарламаған, тұтас ғасырларға созылған сияқты, олай болса құрып кетер алдында ол жануарлардың тұқымы азып, ұсақталуы керек еді. Бұл жағы әлі қараңғы, сондықтан сүйектерді қайткенмен көп жинап, осы мәселенің бетін ашу керек.
– Әлде осы мәселемен шұғылдансақ па екен? – деп қалды Костяков.
– Бір жылдан соң Россияға оралып, университетті бітіріп алайық, арғы жағын көре жатармыз...
