Мазмұнға өту
Обложка сообщества Блоги

Мен психологияны қалай түсінемін

Психологияның әркім өзінше түсінеді деп ойлаймын. Ол да психологияның айтатын әр адамның индивид екендігінде дәлел. Мен психологияны математика, физика, биология сияқты ғылым ретінде емес, адамның жеке дамуы мен өзін жақсы сезінуіне көмектесетін ғылым ретінде қараймын. Психология мен үшін өмірімде үлкен өзгерістер алып келіп жатқанын нақты айта аламын. Олай дейтінім адамдар қашанда бақытқа қарай ұмтылады, бірақ бақыттың не екенін білмеуі мүмкін. Психологиялық жазбалар мен кітаптар оқи бастап, бақыт деген дәл қазіргі сәт екеніне, бақыт деген сатып алатын нәрсе емес ол менің жай күйім екенін түсіне бастадым.

Жеке өзімді қарастырар болсам, менде бәрі де өз уақытымен кезеңімен болып жатты. Қолыма алғым келген қызыл дипломымды алдым, одан кейін магистратураға түсе саламын деген ой болды. Бірақ бірінші жыл болмады. Мен депрессияға түстім. Дайын тұрған жұмыс болмады, ұнамайтын жұмысты істеуге тура келді. Барлық құрбы құрдастарым бірден түсе қалды. Қазір ойлап қарасам, депрессия деген сөзді өзіміз ойдан шығарып алады екенбіз. Мен қазір сол кездері болған сәтсіздігімді сабақ ретінде көріп қуанамын. Сәтсіздіктермен мен одан да биікке көтерілуім керек деп, өзімді іздеумен, өмірге қапа болумен бір жылдай өтті. Маған психология әлеуметтік желінің арқасында келді. Қазіргі уақытта психология сөзі трендке айналып барады. Сондықтан мен оны психология деп емес өзіңді тану дер едім.

Қандай кітаптар оқыдым

Психологияның соншалықты маңызы болмаса мыңдаған ғалымдар миллиондаған кітаптар жазбас еді, олар кітап сөрелерінде тұрмас еді. Менің ең алғаш оқыған осы саладағы кітабым – Джон Кехо «Подсознание может все». Бұл кітапты үш жыл бұрын, студент кезімде бөтен ортаға түсіп(алғаш рет жұмысқа орналасқан кезде) қиналып жүргенімде оқыған болатынмын. Сол кездері өз өзімді жеңуге көмектесті. Түпкі сананың(подсознание) ерекше қасиеттері мен мүмкіншіліктері жайлы автор түсінікті тілде жазған. Түпкі санаға қалай сигнал беру керектігін, орындалғанын қалайтын мақстатыңызды тек осы шақта жазу керектігі және болымсыз сөйлем қолданылмау керектігі туралы ашып айтылады. Яғни, егер сіз бай болғыңыз келсе, «Мен баймын» деп осы шақта айтып, түпкі санаңызға жаза бересіз. Егер деніңіз сау болғанын қаласаңыз «Мен ауырмаймын» деп емес, «Мен саумын, денім сау» деп күнде қайталау керек.

Мен уайымшыл әрі көп ойланатын адам едім. Қолыма қалай түскені есімде жоқ атақты психолог Дейл Карнегидің «Перестать беспокоиться начать жить» деген кітабы түсті. Мен шынында да уайымды жеңуді үйрендім. Кітап оқығанда сізге кейбір сөйлемдері ғана көмектесуі мүмкін. Сол сияқты жадымда ғалған кейбір ақыл кеңестерінің өзі өмірімнің жеңіл болуына көмектесуде. Ол кітапта кез келген уайым қайғыны жеңуді және оның зиян жақтарын ашып түсіндіреді. Мысалы қатты уайым басып тұрғанда болуы мүмкін ең жаман жағын қарап көр дейді. Егер сол болып жатса да не істей аласың, уайымдағаннан не пайда дегендей тұшымды ойлар салып, уайымның маңызы мен мәні қалмайды. Мен өз өмірімде жұмыыста қандай да бір қиындық туындаса, «ең жаманы жұмыстан шығу, онда тұрған не бар» деп жұбатып, уайымымды азайта алуды үйрендім. Ол дегеніміз сондай оймен жұмысқа салғырт қарау емес. Қандай да мәселе болса оны шешуге барынша тырысу керек, шешілмесе онда солай деген пікірде болу керек.

Әйел адамы болған соң нәзік сезімтал боласың. Әр нәрсеге қиялданып, болмай қалса өкініш сезімі басып, өмірден түңіліп, «неге» деген сұрақтар көбейіп кетеді. Сондай кездерде әлеуметтік желі қолданушыларының ұсынысы бойынша орыс психолог-коучеры Наталья Правдинаның «Маленькая книга большого счастья» деген кітабын оқыдым. Бұл кітапта әр адамның өз өзін сүю керектігі, әр адамның индивид екенін түсіндім. Материалдық және моральді тұрғыда жетістікке жету үшін, ойдың таза болу керектігі, қайырымдылық, өз өзіңді жақсы көру қасиеттерінің маңыздылығын жазады. Наталья Правдинанының көптеген жеке дамудағы кітаптары бар.

Луиза Хэй. Бұл кісі туралы аса ерекше сезіммен жазамын. Миллиондаған адамының өмірін қарапайым бір техникаларымен өзгерткен. Талайлардың рақметіне бөленген психолог. Өзінің ауыр тағдырының арқасында психологияны зерттеп, өмірін күрт өзгерткен тұлға. Дегенімен кітап жазды екен, барлығы мақтады екен деп 100% автор сөздеріне қосыла беруге де болмайды. Керегін алып, керек емесін елемеу қажет. Өйткені батыс психологтарының кейбір тұстары біздің қазақы менталитетке ерсі келеді. Мысалы Луиза Хэй «Мудрость женщины» атты кітабында әйел адамы мен ер адамының құқығы тең болу керек, жалғыз өмір сүргенде тұрған да ештеңе жоқ деген пікірлер айтады. Мен бұл пікірмен еш келіспеймін, бірақ авторды кінәламаймын да. Өйткені салт басқа, сана басқа. Мен кітапты оқып та үйрендім деп айта аламын. Бастапқыда менің ойыммен сәйкес келмеген кітапты оқымай қоя салатынмын. Қазір керегін алып, керек емесін елемеуге тырысамын. Луиза Хэйдың тағы бір ең ұнаған туындысы- «Исцели свою жизнь». Бұл кітаптың әрбір сөзі іліп аларлық, ескерерлік. Біздің физикалық ауруларымыздың барлығы да ойымыз мен санамызда жатқанын майда тілмен, түсінікті етіп жеткізеді. Біз ешқашан елемеген өзіміздің нашар қасиеттеріміздің тек өзімізге зиянын айтқанда шынында да деп түсініп қаласыз. Л.Хэй аффирмациялардың қасиетін қалай қай кезде қолданылуы туралы керемет айтқан. Аффирмация дегеніміз қазақша айтқанда жақсы сөз жарым ырыс. Күнде өзіміз болғымыз келген қиялдағы адамымыз жайлы айта берсек, сол шынында да орындалады дейды. Ол шын мәнінде рас, біз күнде қайталаған сайын, мақсатымыз үшін жұмыс істей бастаймыз. Луиза Хэйдан мен өзімді сүюді үйрендім.

Дәл қазіргі күндері Валерий Синелниковтың «Возлюби болезнь свою» деген кітабын оқып жатырмын. Ол кітапта да кез келген ауру негативті ойлардан болатындығы туралы жазылған. Түпкі санамен қалай жұмыс істеуге болады, түпкі санадан бұрынғы өткен келеңсіз ауру тудырушы факторларды біліп алуға болады дейді. Шынында да біреуге ренжу, кек сақтау, өсек айту, тәкаппар болу, критика айту ол тек ӨЗІМІЗге ғана зиян. Жек көретін, ренжитін адамдарды жәй ғана жіберу керек немесе ұмыту керек.

Менің өзімді өсіру мақсатында оқып, ерекше әсер алған кітаптарым жоғарыдағылар және басқа да кішігірім кітаптар. Әрқайсысы менің өзімді жақсы сезінуіме бірден бір көмегін тигізуде. Жоспарда тұрған бірнеше кітаптар да бар.

Психологиялық техникалар

Менің өмірім- бұл тек менің өмірім. Өз өміріме өзім жауаптымын. Бұл тұжырымдарға келген себебім. Мен интернет беттерінен Хоопонопоно әдісі туралы оқыдым. Ол Көне Гавай әдісі болып саналады. Махаббатпен жанды тазарту дегенге негізделген. Бұл әдіс өте қарапайым. Яғни мына қарапайым сөздерді күнделікті қайталайтын боламыз. Олар:

- Өкінішті;

- Жақсы көремін;

- Кешір мені;

- Рақмет.

Бұл сөздер арқылы біздің жадымыз негативті ойлардан тазарады. Біз оны түсінсек те түсінбесек те, тек қайталай бергеннің өзінде жақсы әсерін тигізеді. Бұл әдісті атақты америкалық кәсіпкер, психолог, көптеген бизнес кітаптарының авторы Джо Витале өз кітаптарында дәлелменен мысал келтіреді.

Күлгін білезік әдісі. Әлемде көптеген адамдар өз өмірлерін өзгерткісі келеді. Бірақ неден бастауын білмеуі мүмкін. Бұл техниканың авторы –атақты психолог Уилл Боуэн. Техниканың мағынасы күлгін түсті білезікті тағып жүріп ешқандай негатив ойлар ойламай және 21 күн бойы бір қолда тағып жүруіміз керек. Ал егер ойламаған жерден жаман ойлар келсе, басқа қолға ауыстырамыз. Сонда санау басынан басталады. Бұл сіздің ойыңызды бақылауға көмек береді, күлгін білезік тек сіздің есіңізге салып тұрады. Негатив ойлар дегеніміз не? Олар: өсек айту, балағат сөз айту, өз өзіңді кінәлау, біреуге критика айту, біреуді жек көру. Бұл жерде күлгін түстің еш фантастикалық күші жоқ. Тек автор осы түсті таңдаған. Ал неге 21 күн? Ғалымдар зерттеуі бойынша қандайда бір іс әрекетті 21 күн бойы қайталасаңыз, ол дағдыға айналады. Сондықтан да білезікті 21 күн қолымыздан шешпеуіміз керек.

Қорытындылайтын болсам, әркімнің өмірі тек өз қолында. Қазақ психологы Камшат Бекжігітова айтпақшы «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгертуге болады». Тек оймен, эмоционалдық жағдайлармен жұмыс жасау қажет. Қазіргі таңда атақты қазақ психолог қыздары Құралай ханым, Камшат Бекжігітова, Құралай Қалиевалардың блогтарын, видеосеминарларын тыңдаймын. Кітаптарын көп оқымасам да Бриан Трейсидің сұхбаттары мен Ted оқуларын тыңдаймын. Әйел кісілермен қоса мотиватор ер адамдарды оқу керек деп білемін. Оның ішінде қазақ мотиваторларының бірегейі –Қуаныш Шоңбай дер едім. Өз өмірімізге тек өзіміз ғана жауаптымыз!

0
0
25703

Осы тақырып бойынша