Мазмұнға өту
Обложка сообщества Блоги

Ресейдегі Красноярскінің ежелгі атауы Қызылжар екен

Тағы да Ресейдегі түркі атауларына қатысты қосымша мәлімет. Бұған дейін Ресейдегі Красноярск (миллионер) қаласының атауы түркі тіліндегі Қызылжардан шыққаны туралы жазған едім. Бұл тақырыпты бұдан әрі зерттеп көрдім. Аталған жердің хақастың мекені болғаны белгілі, ал, оларға дейін кет халқының ара (түркі тіліндегі ара, яғни, бал арасына қатысты) атты тайпасы өмір сүрген екен. Бұл тайпа кейін түркіленген, бірақ, бастысы, Красноярск маңындағы түркі жер-су атауларына тоқталсам:

- Құм тиген тауы (орысша, Кум-Тигей, яғни, орысша, Қарауыл тауы деген мағынада);

- 1628 жылы аралар хақастың хаас тайпасымен бірге «Краснояр татарлары» деген атауға ие болған;

- дәл осы жылы түркі тайпаларынан қорғану үшін Ресей Қызылжардың орнында Краснояр острогын салған болатын;

- қазір, жаңағы аталған ара тайпасы хақастың аара атты этникалық субтобын (руын, яғни сүйегін) құрайды;

- ара тайпасының атауымен Бузим (хақас тілінде лайлы деген мағынада) өзені мен Арейское селосының атауы да байланысты;

- Красноярскідегі түркінің Татыш атты кінәзінің (билеушісінің) есімі Татыш аралы (Татышев остров) атауында сақталған екен;

- сондай-ақ, қаладағы (Красноярскідегі) Аринская және Абытаевская атты көшелер ара тайпасының атауының сақталған түрі;

- айтқандай, Татышың баласы Бугачтың есімі өзен атауында, қала шағын ауданында және темір жол станциясы мен қала іргесіндегі Бугачёво елді мекенінің атауында сақталып қалған;

- Енисейдің (Енесайдың) бір саласының атауы Кача, оның хаас тайпасындағы атауы Изыр-Су, яғни орысша айтқанда Орлиная река екен. Бұл өзен Красноярск қаласы маңында ағады. Енисейдің тағы бір саласының атауы Каракуша, түркі тілінде екенін бірден түсінікті!

Өткендегі, Красноярскіден келген қашқындар отбасына қатысты Красноярскі тақырыбын зерттеп, осындай қызықты мәліметтерге жолықтым!

Тағы бір қызығы хаас тайпасының ішінде хыргыс руы жүр.

Менің тағы назар аударған жайым, Енесай қырғыздарының Алтысар аймағының орталығы Ах Тас Тура қаласы болса, Туба аймағының орталығы қазіргі Курагино, яғни, Хураға-тура қаласы екен! Айтқандай, хақастардың өз атаулары тадарлар. Бұл хақастардың ішінде ойрат және халмах атты рулар да бар. Енді, бір қызықты қараңыз, хақастардың хызыл атты тайпасының ішінде улуг аргын және кичин аргын атты рулары (сүйректері) бар екен. Сондай-ақ, бұл жерде де жергілікті атаулардың калькасын кездестіруге болады, мысалы, Тәңіркөлін Божьих озера деп аударып жіберіпті. Тақырып хақастарға қатысты болған соң олардың мына руларына (сүйректеріне) назар аудармаса болмайды екен. Мәселен, хақас ішінде қырғыздың саяғы мен қазақтың найманының ішіндегі сақайы жүр.

Тағы бір қызығы хақастарға туыс шор халқының ішінде қызай және шор қызай атты руларды кездестіріп қалдым. Кейін бұл тақырыпты әрі қозғармын, "іздеген жетер мұратқа" дегендей кезінде Аман Тулеев басқарған Кемеров облысындағы Кузнецк қаласының да атауы шор халқының ұсталық дәстүрімен байланысты екен, заманында шорларды «Кузнецк татарлары» деп атаған. Жер атаулары да қазақ халқының атауымен ұқсас, мысалы, Теміртау деген қала типтес кенті бар екен. Әңгімені осымен доғарайын, жалпы, Алтай түркілері туралы әлі де жазуға болар!

Суретте: 16 ғасырдағы Сібір картасы

-1
2
1097

Осы тақырып бойынша

Ресейдегі Красноярскінің ежелгі атауы Қызылжар екен - Yvision.kz