«Нұр Отан» партиясы ауыл оқушыларына тегін ағылшын тілі курстарын ұйымдастырды
«Нұр Отан» партиясы 7 мың оқушыға ағылшын тілін үйретуді мақсат етіп қойды! Бүгінгі күні Қазақстанның 84 ауылдық округінде және аудан орталықтарында 9-11 сынып оқушыларына «English for Jastar» жобасының шеңберінде тегін элективті курстар басталды. Жоба Елбасының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан үштілділікті жүзеге асырудың ауқымды бағдарламасын қолдау үшін әзірленді. Ол оқушыларға ағылшын тілін жетілдіруге және қарым-қатынас дағдыларын жақсартуға көмектеседі. «English for Jastar» пилоттық режимде өтеді және 2018 жылдың қыркүйегінен бастап қараша айына дейін 2 айға созылады. Ағылшын тілін үйрену үшін «Жас Отан» жастар қанатымен арнайы таңдалған жергілікті мамандар мен тілдің иелері сабақ беретін болады. Республикада үштілділікті дамытуға өз үлестерін қосқысы келетін 141 волонтер ерік танытты. Олардың 75-і қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері. Ағылшын тілін үйрену бойынша таңдап алынған курстар басқа партиялық жобаның бөлігі ретінде бүкіл Қазақстан бойынша ашылған 20 коворкинг орталықта, сондай-ақ Қазақстандағы 64 мектепте ұйымдастырылған. «Қосымша сабақтарда оқушылар мектепте жұмыс істегеннен гөрі тереңірек білім алады. Сонымен қатар, жақын арада балалар шетелдік адамдармен сөйлесуге мүмкіндік алады», - деді партия хатшысы Тамара Дүйсенова.
