Рухани келісім – Қазақстандағы бірлік пен бейбітшіліктің негізі
21 қазан күні Рухани келісім күніне арналған «Рухани келісім – Қазақстандағы бірлік пен бейбітшіліктің негізі» атты республикалық форум өтті. Шараны Алматы қаласы Дін істері басқармасы ұйымдастырды.

Форумның маңызы зор. Өйткені онда цифрландыру үдерісі мен жастардың дүниетанымдық бағдарларының өзгеруі сияқты жаңа сын-қатерлер жағдайында рухани келісімнің маңызы қарастырылды. Сондай-ақ аталған шара қазіргі қоғамдағы рухани құндылықтардың рөлін талқылауға арналған басты қоғамдық диалог алаңы болмақ.
Форум аясында: «Ортақ болашақ жолындағы мемлекет, қоғам және діни бірлестіктердің әріптестігі», «Жастар және рухани құндылықтар: ұрпақтар диалогы», «Жасанды интеллект дәуіріндегі этика және рухани бағдарлар» аттыүш панельдік сессия өткізілді.

«Жасанды интеллект дәуіріндегі этика және рухани бағдарлар» панельдік сессиясында бас қосқанмемлекеттік органдардың, діни бірлестіктердің, ғылыми қауымдастық пен азаматтық сектордың өкілдері айтқан басты дүние: Жасанды интеллект барлық үрдісті автоматтандырып жатқанымен, еш уақытта адамның орнын баса алмайды. Адам сияқты сезімін білдіріп, эмоциясын көрсетпейді. Дүниежүзін жайлаған жаңашылдық адамды рухани санадан айырмай, керісінше оған көмекші құрал болуы керек. Ал өмір жолындағы тұсбағдар ретінде қызмет ететіні – рухани құндылық.
Алматы қаласы Дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов:«Бүгінде цифрлық орта жаңа буынның дүниетанымын қалыптастырып жатқан кезде, қоғамды біріктіретін адамгершілік құндылықтарды сақтау ерекше маңызды. Рухани келісім – бұл абстрактілі ұғым емес, елдің тұрақты дамуының нақты негізі», – деді.
Форумның мақсаты – конфессияаралық диалог дәстүрлерін нығайту, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінің қорытындыларын талқылау, сондай-ақ Қазақстан өңірлері арасында бейбітшілік, өзара құрмет пен толеранттылық идеяларын ілгерілету тәжірибесімен алмасу.
