Мазмұнға өту
Обложка сообщества Qaz

САННИКОВ ЖЕРІНДЕГІ БІРІНШІ КҮН-Жаңа Жер

Таң ағарғанда тұман айыққан жоқ еді, оның қоюлығынан бес қадам жердегі адамның өзін ұшты-күйлі таба алмайсың.

Шатырдың сыртына шықсаң да құздан құлап кетпес үшін сипалап жүру қажет.

Жар жақпарын жағалай әрі жүріп төмен түсер жол іздеу үшін күте тұру керек болды. Олар Қазандықтан алып шыққан отынның қалғанын жағып, асықпай ас әзірлеп ішті, иттерін азықтандырып алды.

Сағатқа қарап шамаласа, күн шыққанына бір сағаттан асқан, алайда соқыр тұман тұмшалап алып әлі көрсеткен жоқ. Тұман бейнебір ойпаттың алып тостағанына шып-шып толып, тасып төгіліп жатқан айран тәрізді.

– Мынау түтіндеп тұрған – сіздің жанартауыңыз! – деп қағытты Костяков. – Бұл түн баласы атқылап шығатын әуелі от лаулап, артынан түтін бықсиды.

– Күле түс, күле түс, Павел Николаевич, – деп ойын сөзге шын жауап беруге айналды Ордин. – Айт-айтпа, ойпаттың, жанартаудың өзі, оны ашу да Санников жерін танытқаннан түк те кем емес.

– Айтыңдаршы, поляр мұздарының арасында жанартау болуы мүмкін бе? – деп сұрады Костяков.

– Неге болмасын, түстік поляр аймағында Эребус пен Террор сияқты сөнбеген жанартаулар күні бүгін де бар, ал сөнгендері қаншама. Мұзды мұхиттан әр кезеңдегі жанартау жыныстарын табамыз, оларды Гренландиядан да, Шпицбергеннен де, Франц – Иосиф жерінен де, тіпті Санников жеріне ең жақын жатқан Беннетта аралынан да ұшыраттық.

– Олардың бәрі көне жерлер ғой.

– Бәрі емес, мәселен, жанартаулары ылғи атқылап жататын Исландияны қайда қоясың?

– Ал бұл жанартаудың ауқымы жағынан басқаларын шаңына да ілестірмейді, – деді Горюнов – Сіздердің болжамдарыңыздың дұрыстығына күмән келтіріп тұрған да осы.

– Бұл шынында да орасан үлкен, меніңше, мұның көлденеңі жиырма, көлбеу бағыты қырық-елу шақырым.

– Жер үстіндегі белгілі кратерлердің ең үлкенінің көлемі қандай?

– Ұмытпасам, Гавай аралдарындағы Мауна-Лоа кратерінің диаметрі төрт шақырым, ал Явадағы Гунунг-Тенгердікі алты шақырымнан сәл ғана аз болса керек.

– Міне, көрдіңдер ғой, мына қалпына қарағанда бұл Жерде емес, Айда болуға тиіс жанартау! – деп қосарланды Костяков.

– Айда болса ең елеусізі болар еді, себебі онда диаметрі алпыс, сексен, жүз шақырым, тіпті онан да үлкен кратерлер бар. Мысалы, Птоломей кратерінің диаметрі жүз алпыс бір шақырым, Лянгренустікі – жүз елу сегіз. Ал диаметрі жетпіс-тоқсан шақырымдық кратерлер оннан асады. Жалпы Айда барлығы отыз мыңдай кратер бар.

– Олардың бәрі атқылаған кезде Ай сұмдық болған шығар!

Жиһангездер Айды әңгімелеп отырғанда күн өз шаруасын жайғап жатты; тұман тез сейіліп, түтеленіп жоғары көтерілді де, бірте-бірте ауаға сіңіп жоқ болды. Ұзамай жар жақпары да мұнтаздай тазарып, жолға шығуға да жарап қалды, алайда аңғар әлі жоғары жағы ғана көбіршіктеніп, мұнарда сүттей ұйып тұр. Ернеудің төмен иілуіне қарап олар батысты бетке алып әрі тартты. Не керек, түске тармаса әрі қарай тағы да биікке бастайтын ең аласа тұсқа да жетті.

– Егер бұл арадан түсер жол таппасақ, оны ойпаттың терістік жақ шалғайынан іздеуге тура келеді, – деп өз ойын айтты Горюнов.

– Ол дегенің азап болады, – деп ақтарылды Ордин, – себебі тамыздықтық та отын қалған жоқ, иттердің ас-суы әрі кетсе үш-ақ күнге жетеді.

Анықтап көргелі бәрі жардың жиегіне келді. Барометр теңіз деңгейінен жүз жиырма метр ғана биіктік көрсетіп тұр. Арқанмен жақпар тастан-жақпар тасқа түсіп амалдауға болғандай.

– Міне, түсетін жол да табылды! – деп дауыстап жіберді Горюнов оң жақты нұсқап.

Бәрі де со жаққа қарады. Қырқадан аңғарға қарай созылып қар жалы жатыр, боран ұйтқып теңіз жақтан жотаның аласа тұсы арқылы айдап кеп тығып тастаған кәдімгі күртік, құз тасасында еру деген оның ойында да жоқ. Жардың ернеуіне дейін жеткен күртік әжептәуір тік, оның оңынан да, солынан да сондай қасат қар ұшырасты, бірақ олардың екеуі де қырқаға жетпей тоқтаған, демек, осы ортаңғымен ғана төмен сырғуға болады. Қардың қаттылығын байқап қарап еді – аяқ төрт-бес елі ғана батты.

Еңіс 40 градус, сондықтан нарталарды жегінімен сырғытуға болмайтын еді. Иттерді де доғарып, екі-екіден әр нартаға арқанмен байлап, нартаны екі жақтан демеп, төмен сырғи бастады. Екі нарта төмен түскенше Костяков үш бөлек жегінімен жүрген иттерді жетелей тартқан еді. Иттерді жеке жіберуге болмайтын, жолда аң иә құс көрсе тұра қуып, көз жазып қалу қаупі барды. Бірақ отыз итті еңіспен жетелеу де оңай шаруа емес екен; төменде адамдар мен нарталарды көре салып тұра ұмтылғанда Костяков та мұрттай ұшты. Етпетінен түскен ол түу төменге жеткенше бауырымен қарды бұрқылдата жыртып, аспанға шығарып, жоғарыда да, жерде де қарап тұрғандарды қыран-топан күлкіге батырды.

Түсіп болып олар төңіректі шолуға кірісті. Күртістің айналасындағы топырақтың беті жалаңаш екен. Шамасы, мұнда күн жаздың ортасына қарай теріскейден түссе керек, тым төмен түскен шуақ оны жылыта алмайтын сияқты. Қар көпке дейін ерімей, өсімдік еркін бойлай алмайтынға ұқсайды.

Ал күртіктен бір отыз қадам шығысымен тақта тастар мен базальт жақпарлар арасында жап-жасыл болып қына, жаңа гүл жарған шар гүлдер жатыр. Одан әрегірек әзір сидаң, бүрін енді-енді жара бастаған бұталар тұр. Жарты шақырымдай жүргенде әлгі ағаштар қалыңдап, жапырағы да жамырай бастады. Оның ту сыртында аласа болғанымен қалың орман қарауытады.

Нарталарда қалған-құтқан отынды жинап жағып түстік ас пісіріп, шай ішіп отырып олар әрі қарай қалай жүру жайын ақылдасты. Байдарка мен нарталардың, иттердің керегі енді болмай қалды, өйткені ойпатта не қар жоқ, не жүзуге жарайтын үлкен өзен жоқ.

Отыз итті шұбыртып, оның тамағын тауып беру – аяққа қаншама тұсау. Құс көп болғандықтан иттер соны қуып кетіп қаншама әуре-сарсаңға салады, ал байлауда ұстап тұру – экспедицияның үш бірдей адамын осыған бөліп, пайдалы жұмыстан жырып әкету деген сөз. Жексе, қарсыз жерде сүйрелген нарталардың табанынан түк қалмай, мұзбен қайтар жолға жарамайды және иттер босқа титықтайды.

Бірден-бір дұрыс шешім артық мүлік пен иттерді, бір адамды қарауыл етіп, осы күртіктің етегінде қалдыру сияқты, мұнда салқын, қалатын кісі бар уақытын аң аулап, өзіне және иттерге азық табуға жұмсайды. Қалған төртеуі жеңілденіп, жаяу Санников жерін аралайды, жинаған коллекциясын әкеліп тастау үшін ара-тұра осы базаға келіп тұрады. Чукот және ламут тілдерін білетін Горохов онкилондармен кездесе қалса сөйлесуге керек, сондықтан заттар мен иттерді күзетуге Никифоров қалатын болды. Оны бұл жағдай біраз күмілжітті, бірақ Солтүстіктің күллі кәсіпкерлері сияқты бірнеше күн немесе бір апта жалғыз қалудан ол қорыққан жоқ, азулы аң кез келсе, мынау бір қора ит маңайлатар ма, солардың қамы үшін күйбеңдеу жұмыссыз зеріктіре қоймас та.

Екі күртіктің арасынан орын сайлап, шатыр тікті де, олар күн батқанша заттарды сұрыптауға кірісті. Жаяу ойпатқа ендеп бара жатып, артынып-тартынып ауыр жүк алуға болмайды, сондықтан ең қажеттілерін ғана – азын-аулақ киім-кешек, аяқкиім, оқ дәрісімен мылтық алып, аң аулап, ашық аспан астында түнемек оймен бұларға қазан мен құман қосты олар.

Кешке қарай аспанды бұлт торлап қар аралас жаңбыр жауып, шатырда паналауға тура келді.

– Күннің мынау райы бізге ақыл салып тұр: қалдырып кететін заттар мен нарталар және байдарка жаз бойы жауынның астында шіріп, бүлінбес үшін бір амал жасауымыз керек, – деді Горюнов.

– Қазық пен қабықтан ілдалдалап күрке жасаған жөн, – деп ұсыныс айтты Ордин.

– Ол онша жақсы пана болмайды және ағаш үшін алыс бару керек, – деді Горохов.

– Ал осы күртіктер не үшін? Осылардың терең қойнауы, тегі, ерімесе керек. Үңгір қазып, барлық затты неге тықпаймыз, әрі құрғақ, әрі салқын, жыртқыш аңнан да қауіпсіз.

– Иттерге деп басқа үңгір қазалық, – деп пікір қосты Никифоров.

– Бұлар ыстықты ұнатпайды, оның үстіне түнде қамап тастасаң, қашып кетпесіне жақсы.

– Түнде ғана емес, күндіз де қамау керек. Аңға шықсаң, екеу-үшеуін ғана ертесің, үйірімен шұбатып жүрмейсің ғой. Бәрін шулатып шұбап жүрсең, бүкіл аңды бездіріп алып, қанжығаңа түк ілінбей қояды, – деп сөзін нығыздады Горохов.

– Тіптен дұрыс, тамаша пікір! – деп мақұлдады Горюнов.

– Ертең ертемен біз бұны жүзеге асырамыз.

Бұл күні кешке шатыр іші салқын болды – жағатын отын жоқ, маңайдан шырпы-шылан теріп әкеп асты әрең пісірді. Сол себепті ұйықтауға да ерте жатты. Азанда аңғардан, тіпті таяу жерден шыққан үн – мөңіреген, маңыраған, өкірген дауыс иттердің шамына тиіп, олар жиі шабаланып, ұйықтап жатқандарды оята берді.

– Ылғи мына шәуілдектердің жанында болатын Капитонның көрген күні құрысын да! – деп оянған сайын бұрқ етеді Костяков.

– Қарлы үңгірге қамап тастаса тынышталады, – деп жауап қатты Горюнов бір жамбасына аунап түсіп.

Таң атысымен іске кірісіп те кетті, балтамен олар күртіктің базальт қабырғаға таяу тұсынан терең үңгір қазды. Қардың үстіңгі қабатының асты жатқанына жүздеген жыл болған тұтас мұз екен, жазда ери қояр деп қауіптенудің де қажеті жоқ. Апанға артық заттар мен екі нартаны және байдарканы дестелеп үйіп, ішке жылы ауа кіріп ерімес үшін, Никифоров жоқта кездейсоқ бір жыртқыш еніп кетпес үшін аузын үлкен тақта мұзбен бекітіп тастады. Оның жанынан иттерге арнап әр жегінге бір-бірден үш шағын үңгір әзірленді. Өз тұрағына орманнан отын мен аулаған аңын тасуға үшінші нартаны Никифоровқа қалдырды. Мұз үңгірді қатты ұнатқан Никифоров ет сақтау үшін бір үңгір, сосын қауіпсіздік қамымен ішіне шатыр тігу үшін және бір үңгір қазбақ болды. Жазатайым жыртқыш тап бере қалса, шатырдай емес, үңгірге бір-ақ жағынан келеді, оны күзетуге екі итті байлап қойса жетіп жатыр, сонан соң қауіп-қатер шамалы.

Бұл жұмыс тұтас бір күнді алды, жақын жердегі орманның шетінен барып отын кесіп әкелуге әрең үлгерді олар.

0
0
606

Осы тақырып бойынша

САННИКОВ ЖЕРІНДЕГІ БІРІНШІ КҮН-Жаңа Жер - Yvision.kz