СОНДАЙ БІР ЖҰМБАҚ ЖЕР ӘЙТЕУІР БАР-Жұмбақ Жер
Ізсіз-түзсіз кеткен барон Толль мен оның серіктерін іздеу үшін жасақталған экспедицияның хабарын тыңдауға арналған ғылыми қоғамның салтанатты мәжілісінің бастапқы бөлігі бітуге таяп та қалды. Қоғамның мәртебелі басшылары мен жебеп-желеушілерінің әйдік суреттері безендірген қабырғаға тақау кафедрада бір офицер тұр. Барон Толль барып түсіп, кері оралмай қалған Беннетта аралына Новосибирь архипелагынан Мұзды мұхит арқылы ескекті желқайықпен жүзіп барып қайтқан батыл теңізші осы. Оның поляр бұрқасынына тотыққан ер келбеті кафедрада жатқан баяндамасының қолжазбасы мен алтын түйме әм ордендер әшекейлеген теңізші мундиріне шағылған шамның жасыл қалпағының тасасында көмескі көрінеді.
Кафедра алдындағы жасыл шұғамен жабылған ұзын үстелдің басында қоғам Советінің мүшелері – терістік астанада тұратын кілең көрнекті ғалымдар мен атышулы жиһангездер отыр. Ортада – председатель. Ол көзін жұмып баяндамашының біркелкі дауыс ырғағымен қалғып отырған тақылетті. Шағын зал аузы-мұрнынан шығады.
Баяндамашы құтқару экспедициясының қиын-қыстау сапарын, құрлықтан Новосибирь аралдарына дейінгі сеңгір-сеңгір мұз шоқылары арқылы желқайықты нартаға артып алып жүргендегі жол азабын, Қазандық аралының жиегінде теңіздің ашылуын күтіп жаздай жатқанын, жаға бойлап жүзгендегі сеңмен айқастарын және Беннеттаға теңіз арқылы қалай қаймықпай өткенін түгел айтып та берді. Жыл он екі ай мұз құрсанып жататын осынау қу медиен аралды сыпаттап алып, ол одан Толльдің лашығын тапқанын, онан қалған заттар мен арал бедерін суреттей келіп: «Бүгін түстікке қарай аттанамыз, бар мәзіріміз он бес-жиырма күндік. Дін аман тегіс саумыз» деген сөзбен тәмамдалған құжатты жайды.
– Сонымен, – деді баяндамашы даусын көтеріп, – мың да тоғыз жүз екінші жылдың жиырма алтыншы қазанында барон Толль, астроном Зееберг және кәсіпкерлер якут Василий Горохов пен тұңғыс Николай Дьяконов Беннетта аралынан түстікке, Новосибирь аралдарына қарай мұз үстімен жолға шыққан. Алайда олар бұл көздеген жеріне жете алмаған – біздің экспедиция ондай ешбір белгі көре алған жоқ. Сонда осы жаужүрек жиһангездер қайда кетті? Олардың жол-жөнекей опат болғанында еш күмән жоқ. Қазанның аяғына таман бұл ендікте күн деген болмайды, түске тармаса ғана қылаңытатын алегеуімнің өзі екі-үш сағатқа ғана созылады. Аяз 40 градусқа дейін барып, ауық-ауық алай-дүлей боран соғады. Бірақ бұ кезде теңіз қатпайды, жылымнан аяқ алып жүру жоқ. Бәлкім, жиһангездер боранға тап болып, беті кілегейленіп жатқан жылымға түсіп кеткен шығар. Әлде арқадан қысқан аяз бен ішті жалаған аштықтан әбден әлі құрып, сеңнің сергелдеңінде өліп кетті ме екен, себебі оларда ит жоқ, желқайық пен мүліктері тиелген нарталарды өздері сүйреген. Тіпті көзге түртсе көргісіз поляр түнінде желқайықпен кілегей теңізге шьғып дүлей дауылда суға кетуі де кәдік. Қалай болғанда да олар Мұзды мұхиттың түбінде мәңгі тыныштық құшағына кірген тәрізді, ал барон Толльсарсылып сонша іздеген Санников жері деген атымен жоқ, оған көздеріңізді жеткізуге мен де тырыстым.
Баяндамашы кафедрадан түсіп кетті. Баяндаманың соңғы қорытынды сөзінен туған алакүлік әсерден тыңдаушылар ойын үрей билеп алды. Кенет ақырғы қатардан бір ащы дауыс шықты.
– Сондай бір жұмбақ жер әйтеуір бар! Зал толқып кетті.
– Бұл кім! Қай сәуегей өзі?.. – деген дауыстар шығып қалды.
Председатель ызбарлы жүзбен отырғандарды бір шолып өтіп, қоңырауды шылдырлатты да, зал тыншыған тұста тіл қатты:
– Қоғам мүшелерінің жалпы жиналысына және қонақтарға ғылым жолында құрбан болған жиһангездер: барон Толль, астроном Зееберг, кәсіпкерлер Горохов пен Дьяконовты еске түсіріп, орнынан тұруды ұсынамын.Барлығы орнынан тұрды.
– Ширек сағатқа үзіліс жариялаймын. Есікке таман отырғандар сыртқа лап қойды. – Совет мүшелері баянда-машыны алқалап алды, ал олардың бірі академик Шенк, кәдімгі барон Толль экспедицияның кеңесшісі әрі ұйымдастырушысы болған зерттеуші алпамсадай денесімен сығылысып, соңғы қатарға қарай тартты. Ысырылған орындықтардын жұрттың дабыра-шуының арасынан оның даусы өткем шықты:
– Санников жері бар деп сеніммен айтқан әлгі адам маған келсінші, сөйлеселік.
Топырлаған тыңдаушылардың ортасынан оның шақыруына қара кеудешелі бір жас жігіт бері бөлініп шықты. Ұсақ әжім өрнектей бастаған қоңырқай жүзінен жазғы аптаптың, қысқы үскіріктің, ызғырық желдің табы байқалады. Шенкке таяу келген ол:
– Айтқан – мен, қажет болса тағы да қайталауға бармын!– деді.
– Кітапханаға қарай баралық. Мынау ығы-жығыда әңгімелесу мүмкін емес, – деді Шенк батыл жігітке қалың қасты түксиген қабағының астымен сынай қарап.
Жас жігітті қолтығынан алып Шенк бүйірдегі есікпен кітапхананың Қоғам кеңсесі орналасқан ақырғы бөлмесіне алып кірді.
– Ал құлағым сізде. Қане, Санников жері жайында не білесіз?
– Әуелі өзімнің кім екенімді баяндауға мұрсат беріңіз, – деп жауап қатты жігіт. – Саяси жер аударылушы ретінде мен бес жыл Яна өзенінің сағасындағы Казачье селосында тұрдым. Сол аюлы мекенде, анығырақ айтқанда, ақ аюлы түкпірде тұрып мен жергілікті кәсіпкер дегендермен таныстым, астаналық мәдениет тұрғысынан қарағанда олар– тұрпайы, топас адамдар, ал жақын білгенге ер көңілді, ізгі жанды, мейірбан кісілер. Жыл сайын көктемде күн ұзарған, бірақ мұз әлі берік кезде олар қорқу-үрку дегенді білмей, мамонт сүйегін әкелу үшін Новосибирь аралдарына жанкешті сапар шегеді. Ол арада мамонт сүйегі мол болса керек... Сол кәсіпкерлердің кейбіреуі Санников жерін анық көрген және оның бар екеніне сенімі де берік.
– Мұныңыз сенімсіздеу! – деп сөзін бөлді Шенк. – Жаңа баяндамадан есіттіңіз ғой, Санников пен Толль көрген тау алып мұз шоқысына ұқсайды. Ендеше, Қазандық аралынан көріну үшін топшылап жүрген жердегі таудың биіктігі екі мың екі жүз елу метр болуы керек. Ондай заңғар таудың Мұзды мұхит ортасында болуы мүмкін емес.
– Бұл да болжам, бірақ деректі дәлел емес.
– Ол аз десеңіз, Толль Беннетта аралына түспей тұрып, жер болуы ықтимал деген төңіректе «Заря» яхтасымен ерсілі-қарсылы жүріп, оны әуре-сарсаң боп босқа іздеген.
– Оны былай деп дәлелдеуге болады, жұмбақ жер теріскейге қарай жатыр, Санников және басқалар ойлағандай ол Қазандық аралына жақын да жатқан жоқ, оның үстіне олар оны көргенімен де қашықтығын болжай алған жоқ, – деп жігіт те беріспеді.
– Сөзіңіздің жаны бар! – деді Шенк. – Алайда осы аса дүдәмал деректен өзге қолда ештеңе жоқтығында болып тұр ғой мәселе. Оған өзіңіз де келісерсіз, әйтеуір құстардьң терістікке қарай ұшатынынан басқа қандай мағлұмат бар бізде.
– Ал осыны неге толық айқын дерек демеске! – деп таңданған сыңай танытты жігіт. Оны Врангель-ақ айтқан Майдель құптаған, ал Солтүстік тұрғындары болса, Сібірдің терістік жағалауларындағы жазғы құс базары екі алқапқа бөлінетінін дәл көрсетіп берді: біріншісі – Хрома өзенінен Омолоя өзеніне дейін де, екіншісі – Якан мүйісінен батысқа қарай елу шақырым жерден Рыркайпий1 мүйісіне дейін.
– Құстар батыс жақтан Новосибирь аралдарына, ал шығыстан – Врангель аралына қарай ұшады, – деп қарсыласты Шенк.
– Бұрын осылай делініп келген, бірақ бұл дұрыс емес. Врангель аралы аса биік әрі құз-тасты, жаз бойы қар астында жатады. Қаз-үйрек сияқты құстардың ұя салуына жер тым тар. Бірақ бізді қызықтыратыны – батыс бөлек.
– Иә, Новосибирь аралдарына құстар содан ұшады.
– Бақсақ, бұл аралдарда жаз жайлап қалатын құстар шамалы, басым бөлегі тізбектеліп терістікке ұша беретін көрінеді. Мұны Устьянск, Орыс саға, Ожогинодағы аралдарға барып кеп жүретін кәсіпкерлер сан мәрте дәлелдеді, оны Санников та білген секілді. Ұшатындары балдырмен күн көретін, жәндіктерді және өсімдіктерді қорек қылатын ақ қаз, шіңкілдек, әр алуан үйректер, жылқышы, шымшық, тағы сол секілділер. Бұған қарағанда терістікте өсімдіктері мол және әжептәуір аумақты құрғақ жер бар екені кәміл.
– Иә, ол – Беннетта аралы, – деп сөз қосты Шенк.
– Толль қалдырған құжаттардан біз бұл аралда суық торғай, қасқалдақтың екі түрі, жылқышының бір, шағаланың бес түрі жаз жайлап шығатынын білгенбіз. Жыл құстарының басым бөлегі осылар ғой. Бұны бір деп қойыңыз. Әлгі құжаттағы және бір сөзге көңіл аударғаныңыз бар ма? Толль түстіктен терістікке ұшқан қаршығаны, терістіктен түстікке ұшқан сұңқарды, солтүстіктен топталып ұшқан, яғни жаз аяғында жаңағы жұмбақ жерден құрлыққа көшкен қаздар керуенін де көрген ғой.
– Дұп-дұрыс! – деп мақұлдады академик.
– Толль тағы да былай дейді: Қалың тұманның қырсығынан өткен жолғы Санников жері сияқты әлгі құстар ұшып шыққан жерді көре алмадық.
– Зердеңіз қандай зерек! – деп қайран қалды Шенк.
– Баяндаманы зейін қоя тыңдадым, Толльдің құжаты да менің Санников жері бар, бұрын ойлағандай емес, ол терістікке қарай деген сенімімді бекіте түсті. Сондықтан да өз ойымды бүкпей айтуға тура келді. Ал Беннетта аралына келетін болсақ, өзіңіз де есіттіңіз, ол аядай ғана, әрі өзін мұз басып жатыр, яғни жаңағыдай жыртылып-айрылған құстарға тұрақ бола алмайды. Оны Толль де айқындай түседі: суық торғай, жылқышы, шағала, шіңкілдектің екі түрі – жазғы меймандарының бар болғаны осы.
– Солтүстікке тым сұғынып, мәселен 80 градус ендікте жатқан аралдың мұзы әлгіден де қалың болмасына кім кепіл, демек, ол да көп құсты азықтандыра алмайды.
– Сонда бұл есуас құстар қайда ұшып жатыр? – деп күлді жігіт.
– Оны, шын сырым, білмеймін. Бәлкім, Солтүстік полюсты басып Гренландия асатын шығар, Бірақ бұ да онша нанымды емес, – деп иығын қозғап қойды Шенк.
– Поляр мұхитының мәңгі мұздарының ортасында солтүстікке сұғынып жатқанымен де Санников жерінің ауарайы ерен бір әсердің ықпалы тиіп, түстікке таман тұрған Беннетта мен Новосибирь аралдарына қарағанда жылырақ болуы ықтимал деп, неге осы болжам жасамасқа?
– Ғафу өтінем, мұныңыз енді құрғақ қиял! – деді сәл шамданыңқырап қалған академик. Бұлай ойлауға құстардың ұшу бағытынан басқа ешбір негіз жоқ.
– Бәлкім, онда жер қыртысын жылытып тұратын жанартау, я ыстық арасан бар шығар, – деп жігіт те болар емес.
– Жанартаудың түтіні болса, сіздің кәсіпкерлеріңіз бен теңізшілеріңіз баяғыда-ақ аңдар еді ғой. «Фрамамен» жүзіп, сеңмен бірге аққанда Нансен де осы жұмбақ жер бар деген төңіректе біраз жүрген, бірақ ештеңе көрмеген.
– Ал сізге Солтүстікте өмір сүрген онкилон деген халықтың аяқ астынан бірі қалмай түгел жоғалып кеткені белгілі ме? Чукчалар ығыстырған олар құрлықтан мал-мүлкімен кетіп қалыпты, қайтып ол жайында ешкім ештеңе есітпеген, қайда екені белгісіз.
– Иә, олар жайында Врангель, Норденшельд пен Майдель мағлұмат жинағаны есімде. Бірақ мен этнографиямен шұғылданбаушы ем...
Кітапханаға қатты естілген қоңырау үні академиктің сөзін үзіп кетті де, Шенк орнынан тұрды.
– Келесі баяндаманы тыңдауға баруымыз керек. Ал сіздің ойларыңыз мені қызықтырайын деді, әлі де әңгімелесуіміз қажет. Бір жұмадан соң кешкілік маған үйге келіңізші. Міне, менің мекенжайым.
Шенк әмиянынан визит карточкасын алып, жігітке ұсынып тұрып, тағы бір ой ұштығын шығарды.
– Әлгі онкилондар жайында әдебиеттерден ақтарып қарармын. Және Толльді іздеу үшін жаңа экспедиция жасақтау жөнінде академияның тамырын басып, бірдеңе шығарына күмәнім күшті болса да, негіз қалай берейін. Қалай болғанда да, келіп кетіңіз.
