Мазмұнға өту
Обложка сообщества Книги

Төлеген Айбергенов - заманның дара тұлғасы

XX ғасырдың 60 жылдары поэзиямыздың жаңа дәуірі басталған кезең болды. М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, С.Жиенбаевтар өздерінің ақындық таланттары арқылы қазақ өлеңіне үлкен серпіліс, жаңа өрлеу кезеңін ала келді. Міне, осы буын жасаған поэзияда ерекше орны бар үлкен талант, дүниеге өзінің аппақ, тап-таза пейілімен келіп, сол көңілмен кеткен сағыныштың ақыны - Төлеген Айбергенов. Жыр бәйгесінде өзінің талғампаздық, өнерпаздық құныңды, суреткерлік қасиетіңді, азаматтық абыройыңды сақтап қалу үшін шынайы талантпен қоса дамылсыз ізденіс те керек. Міне, осы көкіректегі дарын мен көңілдегі ой-сезімді фонтан суындай көкке бір-ақ шапшытып, өнерпаз маңдайын айдай жарқыратар ізденіс-халқымыздың дарынды ұлдарына ғана тән қасиет.Сондай ұлдарының бірі де бірегейі шоқ боп маздаған, асаулығы бойынан табылар қазақтың маңдайына біткен біртуар ақындарының бірі - Төлеген Айбергенов.Жастайынан өлең шығаруға әуестенген ақынның балалық балғын өлеңдері мектеп оқып жүргеннен-ақ танымал бола бастады. Туған жерге деген албырт сағыныш пен алғаш мөлдір махаббатқа толы бір топ өлеңдері 1961 жылы шыққан «Жас дәурен» атты ұжымдық жинақта басылды. Ақынның қазақ поэзиясына өзіндік жаңа ырғақ, тегеуірінді екпін әкелген поэтикалық жыр кітаптары: «Арман сапары» (1963), «Өмірге саяхат» (1965), «Құмдағы мұнаралар» (1968), «Мен саған ғашық едім», «Бір тойым бар» (1981), балаларға арналған «Бақшаға саяхат», «Сурет кітапшасы» (1985) жарық көрді.Қазіргі қазақ лирикасының қанаттануына Т. Айбергенов ерекше ықпал етті. «Аппақ қардан омбылап, көктем іздеп келем мен» деп өзі айтқандай, уақыт ызғарына қарамай ол қазақ поэзиясына желпінте келді. 60- жылдардың соңында Төлеген жырлары «Бір тойым бар», «Маңғыстау мұнаралары» т.б өлеңдері оқырман қауымының санасында жаттаулы еді. Табиғи жарасымды сазы, ашық үні, кестелі орамдары Төлеген ақын жырларын халыққа жақындатып отырды. Төлеген Айбергенов әлемінің шексіз тазалығы мен кіршіксіз пәктігінің көрінісін осындай. Жарық дүниеде жағаласып жүріп, талай-талай кесірліктің кескінін сомдайтын тұлғалардың тұщымсыз әрекетіне деген жауабы. Ақын жүрегінің нәзіктігі сондай, «Адам қолы жасаған ұяттарға» төзімділік таныта алмайды. Осы ретте ақын поэзиясының көркемдік әлемі туралы мына пікірді келтіре кетуді жөн көрдік.«Төлеген Айбергенов поэзиясы тұтас бір тұңғиық әлем іспетті. Әлем болғанда қандай. Кібіртіктемей, көңіліңдегіні еркін ақтаратын, өршіл рухы мен елінің ертеңіне жалғасып жататын ғажайып әлем. Кіршіксіз жырдың құдіреті ә дегеннен- ақ оқушысын тылсым дүниенің тұңғиығына жетелей түседі. Ұзақ сонар поэзия сапарына басгайды», - дейді журналист Ғабидолла Жәдігер. Өнер - өмір, өмір ақындықтың мазмұндық - тақырыптық аясына, суреткерлік- көркемдік кесте ерекшелігіне тоқталар болсақ, Төлеген Айбергенов творчесгвосында тынымсыз қозғалыс, үздіксіз ілгері басу, өзін үнемі жол үстінде деп ұғыну, сапар сезімі тән. Тіпті, бұл ақынның кітаптарының аттарынан бастап, әрбір өлең, толғауларының аттарында жатыр. «Өсіп келе жатырмын», «Тау жолында» , «Жолдар, жолдар», «Арал толқындарында», «Қарақалпақ жырлары», «Уақытпен бетпе-бет», «Шабандозбен әңгіме», «Аруана бауыр дүние», «Қазақстан көктемдері», «Революция жалғаса береді», «Ағыстар мен ғасырлар», «Космонавт монологы». Бұдан ақынның өсу эволюциясын, шеберлікке, жетуін шығармашылық тұрғыдан толысуын байқаймыз.Төлеген Айбергеновтің «Жолдар, жолдар» деп аталатын өлеңінде оның күллі адамдық болмыс, ақындық стихиясы, арман- мұраты мен алдағы күллі өмірінің мән- мағынасы жатырТөлеген лирикасының ең басты қаһарманы - сағыныш. Ол оқушысын әр кездескен сайын сөзін сағыныштан бастайды. Сағыныш сезімін мына өлең жолдарынан көреміз:

Үмітке толы, арманға толы әр жерде бір түп қарағай,

Сағынбай жүрсе, қалуы мүмкін жамырасуға жарамай,

Жан-жақтан түскен шұғыланың бәрін сағынып жүрген кезімде,-дейді ақын.

«Сағыныш» деген бір тақырып пен төрт өлеңдік топтама арнаған сағыныш әлеміне енеді. Бұл - алпысыншы-жетпісінші жылдар поэзиясының шырқап салған әні, шауып шыққан шырқауы. Оның қай тұсын оқысаңыз да осындай сағыныш сазы еседі. Туған жерге деген сағыныш, достарға деген сағыныш, өлеңге деген сағыныш. Шындап келгенде бұл сағыныштың бәрі де ақын көкірегін өртеп бара жатқан алай-дүлей махаббат.

Ақынның лирикасы сан-салалы, көп тақырыпты, орасан зор, ауқымды дүние. Оның шығармашылық бетін, қалам қарымын танытатын нәрсенің бірі - азаматтық әуен.Төлеген Айбергенов шығарамашылығын негізінен сыршыл өлеңдер құрайды. Демек, Айбергенов өлеңдерінде көңіл-күй лирикалары көбірек. Ақынның сырласуға шақыратын, өз мұң-шаттығын білдіретін көңіл-күй лирикаларында сезімталдық та, ойлылық та, бар. Т.Айбергенов лирикасы туралы Б.Кәрібаеваның «Қазіргі қазақ лирикасының поэтикасы» атты еңбегінде: Төлеген нәзік жанды лирик, философ тұлғаға айналды. Сезім серпілісінің үзеңгісін қаға отырып, ой толғап, ақыл қорытады»- деген пікірі бірден-бір әділ баға болып табылады.Ақын Кегейлі арқылы бүкіл Қарақалпақстан өлкесін ұшқыр оймен, оның табиғатын өзгеше бір тілмен бере алған. Қарақалпақ елінің қос ұлы Бердақ пен Әжниязды тілге тиек ете отырып, сол арқылы терең мағыналы ұғымды беріп отыр. Өмірі қысқа, бірақ баршаға нұсқа ақын Айбергенов өзінің туған жерінің бай екендігін, бұл өлкенің байлығы тұнып тұрғандығын жырға қосып, оның болашағынан үлкен үміт күтеді.Поэзиясының әр қырында өлең жолдарында соншама терең мағына мен тапқырлық жатыр. Ол осы өлкені мекендейтін халық өкілдерінің қайсымен сөйлессең де көкірегіндегі ой-пікірін жасырмай айтатын, аңқылдақ ақкөңілді жандар екендігін алдына жайып салады. Бұл өлкеде қаншама байлықтардың барлығын, жазылмай жатқан тарихгың барлығын баса айтады.

Т.Айбергеновтың поэзиялық туындылары - халыққа сонау алғашқы жарық көрген кезінен бастап, жаңа бастаулар, тың өзгерістер, оқшау бұрылыстар, өзгеше жаңалықтар әкелген, қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орны бар дүниелер. Зергер жазушы, белгілі әдебиет сыншысы Әбіш Кекілбаев сөзімен айтқанда, «Төлеген - сөз жоқ талант. Дара талант, сэра талант»[7]. Ақын шығармашылығы әсіресе соңғы кезде,яғни еліміз егемендікке жеткеннен бергі халықгың жаңарған, өскен талап тілегіне сай көркемдігі биік, рухани серпіліске жетелейтін шығармалардың қажеттілігі арта түскен қазіргі дәуірді елге ерекше қызмет етіп, өзінің мәңгіге мәнін жоймас рухани азық екен. Әдебиеттегі ұлттық мінез әлеуметтік психологияның емес, әдебиеттанудың нысанында зерттелетін категория болғандықтан, ол әдеби жанрмен: оның эпикалық, драмалық, лирикалық түрлерімен тығыз байланысты, әдеби бейнелер неғұрлым көркем жасалса, оның ұлттық сипаты мен мінезі соғұрлым анық әрі айқын білінбек, көрінбек. Әдебиетшілердің типтік образ ұғымын ұлттық мінез категориясымен бірлікте қарасгыруының мәнісі осында жатыр.Ал, дала, қазақтың кең даласы кең даласы ұлттық мінездің бірінші бастауы, қайнар көзі болса, қазақ өлеңіндегі даланың жырлануы,оның халық тарихымен байланысты бейнеленуі дегенде де Т.Айбергенов шығармашылығы оқшаулана түседі.

Қорыта келгенде, Төлеген Айбергенов - өмір, табиғат құбылыстарының сырына сергек қарап, оның қат-қабат, алуан сырларын ашуға сезіммен, оймен талпыныс жасаған ақын.Өмірдің ғажайып шығармасы- поэзия арқылы ақыл-ой парасатын өсіру, әлемдік жүйесіндегі сөз өнері- поэзия құдыретін танып- білуі, бағалау, қастерлеу, өмірдің өзін қастерлеу деген сөз. Поэзияны тану- адамның өзін- өзі тануы. Сондықтан да бұл тұңғиық терең, даладай шексіз кең, таулардың заңғар шыңындай әсем де асқақ. Әлемдегі адамзат баласына ортақ қарапайым да аса күрделі құбылыс, адам өмірі қаншалықты жұмбақ болса, сондай шешуін таптырмас таңғаларлық дүние - махаббат. Бұл әлемдік ақындардың ақындардың мәңгілік жыры. Жыр арқауына сарқылмас қазына.

0
0
692

Осы тақырып бойынша