Туған күніңмен, Елорда!
Бүгінде Елордамыз 19-шы туған күнін тойлауда. Жаңа астанаға көшу туралы ой елбасында 1992 жылы туындаған еді. Алайда, Қазақстан экономикасы ол ойды іске асыруға мүмкіндік бермеді. Тарихқа көз жүгіртсек бұл идея ертеде де көтерілген екен. Бұған дәлел ретінде Әлихан Бөкейхановтың Қазақ автономиясын құрсақ, Алаштың ордасы Қараөткел қаласы болса деген ойын келтіруге болады. Қараөткел деп отырғанымыз қазіргі Астана. Ол кезде бұл ойды жүзеге асыруға мүмкіндік болмаған еді. Ел орданы Евразия жүрегіне ауыстыру бақыты тәуелсіз Қазақстанның алғашқы көшбасшысына бұйырды. Тәуелсіздік елімізге болашақ сыйласа, жаңа астана оны нығайта түскендей. Жас, әрі қарқынды даму үстіндегі Астанамыздың гүлденуі, кеңеюі әрбір Қазақстандықтың мерейі.
Бәрімізге белгілі тәуелсіздік алған жылы ел ордасы Алматы қаласы еді. Ел орданы Алматыдан Ақмола қаласына ауыстыру туралы жарлық 1994 жылы 6 шілдеде ҚР Жоғарғы Кеңесімен қабылданды. Ақмолаға ресми көшу 1997 жылы 10 желтоқсанда жүзеге асты. 1998 жылы 6 шілдеде Президент жарлығымен Ақмола атауы Астанаға ауысты.
Гүлденген Астанамыз тек еліміздің әкімшілік орталығы ғана емес, сонымен қатар, тәуелсіздікті аңсаған, тәуелсіздік жолында құрбан болған ата-бабамыздың, Қазақстанның бүгінгі Қазақстан болуына үлес қосқан барлық азаматтардың еңбектерінің ақталғанының бір белгісі іспеттес. Әлемдік маңызға ие ресми кездесулер өтетін орталық. Әлемнің алдыңғы қатарлы оқу ордаларымен терезесі тең білім беретін оқу ордасы бар, жас ғалымдарға зерттеу жүргізіп, жаңа белестерді бағындыруға мүмкіндік беретін ғылым ордасы. Өнер мен мәдениет ордасы.
Ел басының туған күнімен тұспа тұс келетін бұл мейрамды еліміз ерекше қарсы алады. Жыл сайын көптеген іс-шаралар жүзеге асырылады. Көптеген концерттер болатыны да белгілі.
Мәселен, осы жылы Оңтүстік Қазақстан облысында «асқақтай бер, Астана!» атты іс-шара өтті. Осы жиында Қазақстанның тәуелсіздігі мен дамуын, өткенін, болашағын, жетістіктерін насихаттайтын «ЖаҺан таныған жеті тұлға» және «Тұлға.Тәуелсіздік.Тарих» атты екі кітап жарық көрді. Бірінші кітап аты айтып тұрғандай әлемге танымал, адамзатқа аянбай еңбек еткен жеті тұлға жайында. Олар – М. Ганди, У. Черчилль, М. Кемаль, Дж. Вашингтон, Ш. Де Голль, Ли Куан Ю және, әрине, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Екінші кітап үш бөлімнен тұрады, бірінші бөлім елбасының атамекеніндегі ой толғаныстары, өмірге деген көзқарасы турасында сыр шертетін болса, екінші бөлім көшбасшының басқа ел президенттерімен кездесулері туралы. Үшінші бөлім ел басының 1991 жылдан бастап облысқа іс-сапарлары бейнеленген. Аталаған екі кітаптің жазылуына ел басының көрегендігі, даналығы арқау болған.


Елорданың туған күніне орай Алматы қаласында жаңа жол айрығы пайдаланылуға берілді. Бұл жол айрықтың құрылысы 2015 жылдың соңында басталған еді. Бағасы 8,6 млрд теңгені құрады. Жаңа жол айрығы Шаңырақ, Өжет, Дорожник ықшам аудандарында үнемі болатын көлік кептелісін азайтады деп хабалады әкімшілік.

Астананың туылған күні қарсаңында Көкшетау өлкесінде 500 жанұя жаңа пәтер алмақ. Олардың қатарында 135 ұзақ кезекте тұрған әлеуметтік тұрмыс деңгейі төмен отбасы бар. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі, көп балалы отбасылар және толық емес отбасылар да қамтылған.
Тұрғындарға пәтер кілтін табыс еткен облыс басшысы Малик Мырзалин осы игі бастама президентіміздің көреген саясатының бір көрінісі екенін атап өтті.

Осы орайда айта кететін тағы бір жаңалық, Талдықорған қаласында да тұрғындарға 168 пәтер табыс етілді. Тұрғындарға пәтер кілтін табыс еткен Алматы облысы әкімі Амандық Баталов көшбасшымыздың «нұрлы жол» бағдарламасы аясында пәтерлі болған тұрғындарды қоныс тойымен, сонымен қатар, Астана күнімен құттықтады.

Ал Жамбыл облысында Жас Астанамыздың күніне орай 800 баспана иесін тапты. Облыс әкімі К. Көкірекбаев «Нұрлы жол» программасы аясында бой көтерген «Арай-2» ауданы пәтерлерінің кілттерін табыс етті.

Елорда күніне орай жүзеге асырылған тағы бір ізгі бастама - Шымкентте «Наурыз» саябағының ашылуы.

Астана күніне орай Астана қаласында 15 әр түрлі сала қызметкерлері пәтерлі болды. Баспана кілтін табыс еткен Астана қаласы әкімі Ә. Исекешев қала күні тек Астана қаласының емес, бүкіл еліміздің мерекесі екенін атап өтті. Егемен еліміздің басты символы, дүние жүзіне танымал бірден бір қала екеніне де назар аударды. Жаңа пәтер иелерін қуаныштарымен құттықтай отырып, қаланың гүлденуіне, өркендеуіне үлес қосқандары үшін алғысын білдірді.



Сондай-ақ, жылдағы дәстүрден таңбай жас жұбайлар неке қию салтанатын өткізді. Осы жылы 38 неке қиылды. Дәстүрге айналып бара жатқан бұл шараға биыл 10 жыл. Биылғы жылғы 38 жұптың ең жасы 18-де болса, ең үлкені 40-та. Сонымен қатар, жас жұптар арасында әртүрлі сыйлықтар да ойнатылған екен. Басты жүлде Түркияға жолдама. Той шарларды ұшырумен, неке қию вальсімен және тортпен жалғасты.



Астана күніне орай ЭКСПО-2017 аясында «Хан шатыр» алаңында «көшпенділер қаласы» ашылды. Бұл қалашықтың басты мақсаты қала тұрғындары мен қонақтарын орта ғасырлардағы Қазақстан өңірлерінің қалыптасу, даму тарихымен таныстыру. Ғасырдан ғасырға адамзаттың, ауылдық-қалалық өңірлердің өзгеруі, өнер мен мәдениеттің дамуы, тұрмыс пен шаруашылықтың көрінісі осы қалашықта бейнеленген. Сонымен қатар, тарихи жәдігерлер мен көшпенділердің күнделікті тұрмысқа пайдаланған құрал-жабдықтарын да осы жерден көруге болады. Бұл өлкеде қазақтың тек материалдық өткенін ғана емес, рухани тарихымен де танысуға болады. Ұлттық киымдер киген әжелеріміз ұршақ иіріп, жүн түтуде. Дәстүрлі әншілер өз өнерлерін көрсетіп, айтыс ұйымдастыру да жоспарда. Тағы бір атап өтетін жағдай, халықтың осы қалашыққа назарында. Таңертеңнен көрермен саны көп болып, күніне үш мың көрермен келеді деп күтілуде. Шара 10 қыркүйекке дейін жалғаспақ.



Астана күніне орай, Елбасы Елорданың көрнекі жерлерін аралады. Президент қайта жөндеу жұмыстарынан өткен «Бәйтерек» монументінде болды. Сонымен қатар, «Нұржол» бульварында жыл сайын өтетін АСТАНА АРТ ФЕСТ мәдени шарасының экспозицияларымен танысты. Фестивальда көптеген елдерден келген өнерпаздардың 60-тан астам туындылары көрермендерге ұсынылған. Елбасы Кенесары ханға арналған ескерткіштің жанында орналасқан «Арбат» жаяу жүргіншілер жолымен өтті. Қолөнершілердің теріден, киізден жасаған әртүрлі бұйымдарын тамашалап, көше әртістерінің өнерін тамашалады. Сарыарқа ауданы әкімі елбасын қаланың даму жоспарымен таныстырды. Елбасы қала тұрғындары мен қонақтарымен әңгімелесіп, барлығын Астана күнімен құттықтады. Күн Есіл өзені жағасында лазерлік шоумен аяқталды.



Астана – болашақтың қаласы. Астананың дамуы – Қазақстанның дамуы және Елордамыздың жарқын болашағы ешкімнің көкейінде күмән туғызбайды.
