Мазмұнға өту
Обложка сообщества Qaz

Ж О Л С А П А Р-Жұмбақ жер

Ақша мен құжаттарын түгендеп алып бір айдан кейін Горюнов шығысқа жол тартты, ғылыми барлау құралдарымен және басқа жарақтарын өзімен бірге ала жүрді, олардың ішінде су жаңа үш мықты нарта мен бір үлкен байдарка бар. Байдарка бөлек-бөлек болғанымен, жарты сағаттың ішінде құрастырып, жүзіп жүре берерлік. Оған төрт адам, үш нарта жүгімен және он ит еркін сияды, ал бұл дегенің – экспедиция мүшелерінің екі жағдайда да теңізден өтуіне мүмкіндік беретін дүние.

Иркутскіден Качуг арқылы Ленаны бойлай төмен құлдилайтын ат-шана жолы, кәдімгі әкімшілік жер аударылғандар өлкесінің жадау астанасы – Якутскіге шейін шеті де, шегі де жоқ оппа қарды қақ тіліп, мұз құрсанған өзендерінің жақпар тасты жарқабақтарының астынан өтетін келеңсіз де көңілсіз ұзақ жол басталды. Одан әрі жол Алдан өзенінің сағасымен, Верхоян жотасының түксиген шың-құздарының арасымен кетті. Сонан соң жол өлкенің бір пұшпағында, сағасына шатырына шейін қарға көмілген Казачье селосы орнаған Яна өзенінің кең арнасы мен кемер-қырқаларын басып тартады. Якутскіден әрі күннің көзі тіпті көрінген жоқ, қырқалардан асқан соң қысқы поляр түні басталды, боран болмаған тынық күні жолды тек жұлдыз жарығымен, ай сәулесімен, терістік шапағымен ғана ажыратасың.

Ақпанның аяғында артынып-тартынып Горюнов Казачьеге келді. Онда экспедицияға не қажеттін бәрін қамдап, отыз ит тауып, оларға қақтаған балық (юкола), адамдар үшін азық-түлік, киім-кешек, шаңғы әзірлеп жолдастары да күтініп отыр еді. Екі кәнігі кәсіпкер – барон Толльмен бірге хабар-ошарсыз кеткен серігінің інісі якут Никита Горохов пен казак Капитон Абрамович Никифоров те экспедицияға қатысуға келісті. Новосибирь аралдарына екеуі де әлденеше мәрте болып, соңғы рет Толльді іздеп бүкіл жағалауды шарлап шыққан. Санников жерінің бар екеніне екеуінің де сенімі кәміл және ашық күндері Қазандық аралындағы биіктен оны көргендерін айтып иландыратын. Осынау жұмбақ жер оларды біздің үш жолдастан кем желіктірген жоқ, сол аралды алғашқы болып ашу арманы қуаныштарын қойнына сиғызбады.

Казачье селосы Яна өзенінің атырау басынан жоғарырақ оң жағада біртегіс төбешікке, терістік ендіктің 71 градусы мен орманды алқаптың теріскей бетіне орналасқан. Шатырларына шейін қар көміп кеткен бірнеше казак тамдары мен көпес үйлері, бірнеше якут жаппалары мен шағын шіркеу адырды бойлай бей-берекет созылып жатыр. Жеркепелердің мұржасынан өрілген түтін мен тандыр жаққан жаппа түндігінен ұшқан ұшқын, қар басқан қоңырау мұнарасы ғана өзінің күйкі көлеміне қарамай, Приянск өлкесінің бүкіл терістігі үшін аса мәнді – адам тұрағы барын аңғартады. Терістікті шығыс пен батысты түгелдей тундра алып жатыр, қыс қайда көз тастасаң да – аппақ айдын, мидай жазықта емін-еркін ұйтқыған жел, бұрқыраған боран шиырлап тастаған касат қардан тұрған қалың күртік. Түстіктен көз ұшында тырбиған селдір тоғай қарауытады да, ашық күндері Янаның сағасын басқа дүниеден бөліп тастағандай Кулар қырқасының шыңдары шеңберленіп көз алдына тұра қалады.

Екі аптада дайындық тегіс аяқталды да, наурыздың ортасында күн бір сағат болып ұзарғанда экспедиция жолға шықты. Саяхатшыларды үш нартасымен Новосибирь аралдарына дейін каюрларымен (ит күтушілер) бес нарта шығарып салды. Олар өздерімен бірге аралдардағы қоймаға қоюға және жолда ауқаттануға деген адамдардың ас-суы мен иттердің азығын ала жүрді.

Терістік батысқа жол Яна атырабының бір қолтығынан шығып, ылғи тасыған судың астында қала берген соң, тұрғындары тастап кеткен Устьянскінің жұрты жанынан өтеді. Жолдың біртегіс болуы арқасында олар екі күнде сағаға да жетті. Ақ жазық енді өзіндей аппақ, теп-тегіс теңіз бетімен ұласты. Алайда онда ана жерден бір, мына жерден бір белес-белес белдей бұлдырап аралдар, оң жақтан көз ұшында терістікке барып сүңгіген құрлықтың мүйістері қарауытады. Бір түні болса да Яна өзені түстіктен ағызып әкеп, теңіз теуіп тастаған ағашты жағып жағада қонып шығу үшін олар бұғазды кесіп өтіп, жолды осы бағытқа бұрды.

Осылай олар Ярок аралын, жалғыз жаппалы Манико мүйісін, атшаптырым Селях бұғазын, Туруктак, Ванька, Дарычан мүйістерінен асты. Дарычаннан Чуркин мүйісіне дейін жағалауды бойлай келіп, онан Аббелях бұғазын кесіп өтіп, құрлық кеп шумақталатын Киелі Тұмсық мүйісінің түстік бетін ала Горохов қосына келіп аялдады.

Сағадан екі жүз шақырымдай осы жолға табаны күректей төрт күн кетті, себебі олар иттерді ә дегеннен қалжыратып алмас үшін асықпай жүріп отырды. Теңізбен жүргенде адым аштырмайтын іркіс-тіркіс мұз шоқылар Лена өзенінің атырауы мен Киелі Тұмсықтың омырауына келіп сұғынған үлкен бұғазда онша қалың да, ұзын да емес еді, сондықтан оны айналып өтуге де болатын. Күн бұлыңғыр, бірақ тымық-тұғын.

Горохов қосы дегені – сусіңді сырғауылдан салынған не терезесі, не пеші жоқ, от жанып тұрғанда ғана жылитын жалғыз ошағы бар екі қоржын там. Оларда ара-тұра көктемде итбалық пен морж, күзде жабайы бұғы мен ақ аю аулаған кәсіпкерлер тұрып кетеді.

Қосқа келген күні кешке таман аспан айыққан шақта үш жиһангез ашық теңізді көзден көлегейлеп тұрған, құм кемері бағзы бір замандағы жанартау жарылысынан балқып, қап-қара бағана болып құйылған Киелі Тұмсықтың биік жарына қарай тартты. Бір сеңнен бір сеңге тырмысып, олар мүйістің ұшар басына да шықты. Қарсы алда ақ қарды айқара жамылып көсіліп жатқан шалқар теңіз, тек ана тұста бір, мына тұста бір қарға көміліп қарауытқан мұз шоқылар.

Айдынның көкжиекпен астасқан тұсында, тұп-тура терістікте төрт шоқылы жалпақ жота – Үлкен Ляховский аралы бұлдырап тұр, аппақ дүниедегі қара ноқаттар құз-жартастарды аңғартқандай. Бұл – кәсіпкерлер жиі баратын мамонт сүйегі мол Новосибирь аралдарының ең жақыны. Тура жүрсе, ол алпыс-жетпіс шақырымдай ғана. Зерттеуші жиһангездеріміздің жолы соны жанай өтеді.

Күн ұясына қонды. Мұз айдынынан ызғырық жел есіп, барлаушылар көз байланбай қосқа жетіп алуға асықты, онда ошақта от лаулап, мосыда бұрқылдап ас пісіп жатыр. Үстел кәдесіне жарап кеткен жол жәшіктерінің үстінде тәрелкелер тізіліп қалған. Шағын жәшіктерді орындыққа ұқсатып, қорқорын тісіне басқан Горохов пен Никифоров ошаққа итіне мініп, келсе-ақ асқа бас қойғалы жолдастарын күтіп отыр. Олар иттерді доғарып, төсек-қаптарды жайып, басқа шаруаны бағана тындырған. Жапсарлас лашықтан әзіл-қалжың, күлкі естіліп тұр, онда экспедицияны аралдарға шейін шығарып салмақшы бес нарталы каюрлар жатыр.

Ертеңіне күн шыға әрқайсысына сегіз-тоғыз ит жегілген сегіз нарталы керуен құрлықпен қош айтысып, Киелі Тұмсықтың үшкір құздарын орай өтіп, теңіз арқылы терістікке қарай шұбап жөней берді. Алақаншықтап қар жүріп кеткенімен, біртегіс жерде иттердің жүрісі де өнік, шаңғышылар әрең еріп отыр. Ал жолда сеңгір-сеңгір сеңдер басып қалған жерде қарға адым жер мұң, нарталардың өтуіне еңіс іздеп, әрқайсысын жеке-жеке өткізуге тура келді. Нарталарды біреуі артынан итеріп, біреуі бүйірінен сүйеп, шаңғы таяғымен демеп, кісілер иттерге көмек беріп отырды. Сеңдердің арасынан өтуге ыңғайлы жол табылмаған жағдайда олар беліндегі балталарын іске қосады. 30-40 градус аязда әбден шыңылтырланып алған мұз балта тисе-ақ шыныдай шытынап, шытырлай ұшады. Балта даусы шыққан кезде күллі нартаның иттері аялдаманы пайдалануға уәделесіп қойғандай,қарға бауырын төсеп жата-жата қалысады, бәзбір осыдан соң ширек сағат жол азабын тартатындарын алдын ала сезгендей.

Осылайша бірде баяу, бірде шапшаң, жалпы сағатына жеті шақырым жүріп, олар түс әлетінде аралдың жарты жолына да келді. Иттерін доғармай, өздері шалып алғалы тоқтап, олар салқын ет, кепкен нан, ыстық шаймен түстік жасады. Шай қайнату үшін олар от жағып әлектенген жоқ. Түсте тоқтаған жерде от жағып, су қайнатып уақыт алдырмас үшін Горюнов астанадан термос ала келген-ді. Отқа қоймай-ақ ып-ыстық болып тұрған шайды мейірі қана сораптап ішкен сайын каюрлар осынау ғажайып ыдысқа қайран қалады. Отыз градус суықта сырты қол қарыған ыдыстың ішінен ауыз күйдірерлік ыстық шайдың шығуы сиқырсыз мүмкін емес деп ойлайды олар. Казачьеден шыққан күні түстік жасағалы алғаш тоқтағанда от тұтатуға оңтайланған каюрларға Горюновтың қалжыңдап, шайды мен қарға да қайнатып, сендерден бұрын ішемін дегені бар. Олар құманын отқа қойғанда, бұл термосты алып ортан белінен қарға тығып, бес минуттан соң айран-асыр болып отырған якуттарға ыстық шай құйып берген. Оның құпиясын білетін Горохов пен Никифоров каюрлардың таң-тамаша қалғанына қыран-топан күліп, ішек-сілесі қатқан.

Түскі астан соң олар бағанағы тәртіппен тағы да ілгері тартты. Арал көкжиекті көзден тасалап, аппақ айдынның үстіне ұстай қойған шымылдық сияқты тұтас бір денеге айналып, қарлы көрпеден жеке қарауытқан құздар мен жаға жарының қошқыл таңбалары ғана көрінеді. Күн батар алдында соңғы сең шоқыдан асқан иттер жер иісін сезгендей бар пәрменімен зымырай жөнелді. Жерге табан тисе тыным да, тағам да болатынын жақсы білетін олар жарқабақтың етегінде қарайған лашықты көргенде ұлып, жын қаққандай жұла-жұла тартты.

Алайда жаға олардың аптығын әп-сәтте басты, теңіз қайта басталған тұстағы күзгі дауыл сеңдерді ерсілі-қарсылы сапырып үйіп тастапты да, олардың арасынаи нарталарды Кіші Қыстақ аталатынға дейін бір-бірлеп апаруға тура келді, бұл үйшікті он тоғызыншы ғасырдың басында осы аралды алғаш ыспаттап берген Геденштромның серігі және жолбасшысы болған белгілі кәсіпкер Санников салған-ды. Жүз жыл тұрса да мынау суықтан үйшік көп жапа шекпеген тәрізді. Теңіз тұзын бойына тартып тіреулердің сырты қарайып, кей тұсы бопалай бастағаны болмаса, іші тәп-тәуір. Аралға бара жатып я қайтар жолда талай кәсіпкер осы лашықта жан шақырған сияқты, бәрі де тері ілгекпен ұсталған үйшік есігі мен төбесінің түзу болуына көбірек көңіл бөлгенге ұқсайды, шатырға әредік-әредік топырақ тасталып тұрған. Үйдің жанында сумен ағып келген ағаштар үюлі жатыр, мұның өзі жаға бойлап зыр жүгіріп, қар астынан отын қазып алмауға өте жақсы болған.

Ұзамай қыстақтың алдындағы алаңқайда от тұтатылып, оның қып-қызыл жарығы екі жақтан да қапталдай созылып жатқан мұз қабырғаларға түсті.

0
0
916

Осы тақырып бойынша