Жаңа оқу жылында ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдер саны толығады
2018 жылдың 1-ші қыркүйегіне дейін 7000-ға жуық мұғалім өздерінің пәнін ағылшын тілінде оқытуға дайын болады. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратында бейінді комиссияның отырысында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
«1 қыркүйекке дейін бізде ағылшын тілінде В2 деңгейінде тағы да 7 мыңға жуық мұғалім болады және ағылшын тілінде өз пәндерін оқытуға дайын болады. Мұғалімдер өздерінің пәндерін ағылшын тілінде оқыту әдіснамасы туралы біліктіліктерін жетілдіруде», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, оқу жылының аяғына дейін 1467 мұғалім ағылшын тілінде оқытылатын пәндерге 35 394 теңге көлемінде қосымша ақы алды.
Жалпы, 2016 және 2017 жылдары 12 337 қазақстандық мұғалімдер ағылшын тілінде курстардан өтті.
«Олардың ішінде 8353 мұғалім A2 деңгейін меңгерді, ал қалған 3 592 адам B1, B2, C1 және C2 деңгейлеріне дейін ағылшын тілін оқытуға құқылы. 2018 жылы A2 деңгейіне жеткен осы әріптестеріміз оқуын жалғастырып, биылғы жылы біз оларды B2 деңгейіне шығарғымыз келеді», - деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, 2018-2019 оқу жылында 10-11 сыныптарда шамамен 2000 жалпы білім беру мектебі ағылшын тілінде бір немесе төрт пән бойынша оқытуға ауысады.
«Сонымен қатар, 2019-2020 жылдары аудан орталықтарының және қалалардың мектептері толыққанды ағылшын тілінде оқытуға ауысады деп күтеміз, оларда 12 мыңға жуық мұғалім сабақ беретін болады, біздің жоспарымыз бойынша қазірдің өзінде мұғалімдер дайындалатын болады», - деді вице-министр.
