ЖАҢА СІБІР АРАЛДАРЫНЫҢ АРАСЫНДА-Жаңа Жер
Ертеңгісін елең-алаңда керуен қайта жолға шықты. Аралдың түстік жағасын бойлап батысқа қарай бес шақырым жүріп, олар мұз жарларды осының алдындағыдай тағы да барлауға мүмкіндік алды. Онан әрі теңізге дейін көсіліп, аралдың төрт шыңының бірі – Кигилях құзды тауымен көмкерілетін ұзыннан-ұзақ батыс түбек арқылы созылған асуға тап болды. Таудың состиып тұрған себебі бұрын айнала белдеулеп жататын аралдың бір бөлегі опырылып, ұзынша, тар қылта ғана қалған. Жолды отыз шақырымдай қысқарту үшін қылта басталысымен-ақ онан асып түсу керек еді.
Кигилях таулары өз атын аспанға тік шаншылған діңгек сияқты жел мүжіген ғажайып шыңдарының көптігінен алған. Кәсіпкерлер бұл діңгектерден қиялында адам мүсінін табады да, тауды киелі деп қастерлейді (киги-адам, кигилях-адам сияқты).
Мәселен, олар Бунге балғамен шекіп, жартастан тау жынысын алып көргенде, бұл батылдығы басына бір тиеді деп қатты наразылық білдірді. Сондай-ақ олар мына шыңға шығуға болмайды, бейәдеп жолаушы өркөкіректеніп шықса-ақ бітті, қою тұман орап алып, ол құздан құлап өледі дейді. Шынында да, тұман бұл араны қас-қаққанша тұмшалай қояды, сондықтан соқыр сенімділердің сандырағы аяқ астынан ақиқат болып кетеді. Шыңға қалай әлектенсе де шыға алмаған Бунгенің серіктері тауға бақыр мен күміс теңгелерден садақа тастап құтылған.
Қылтадан өткенде жиһангездердің тәуір-ақ терлеуіне тура келді: әуелі нарталарды жағаның құлама жарына сұғынған терең сайдан сүйреп шығарды, одан бірнеше шақырымнан кейін адырдың келесі бетіне тік жардан тағы құлдилады.
Асудан асқан соң каюрлар Кигиляхқа бетін беріп, сәт сапар, табысты кәсіп тілеп, тағзым етті. Түксиген шыңдары түнере түсіп, қарға бөгіп дөңкиіп жатқан тау асудан жиырма шақырымдай қашық болғандықтан, каюрлар садақаға тиын-тебен тастамай, бірер шөкім темекі шашумен ғана құтылды. Қараңғы руластарына қарағанда көкірегінің саңылауы бар, саналы Гороховтың өзі садақа беруге араласпағанмен:
– Қап, мына соқыр сенімділер қыруар темекіні рәсуа қылды-ау! – деп мырс еткен Никифоровқа ала көзімен ата қарады.
Еңіске түскен соң олар аралдың терістік-батыс беткейін жағалай отырып терістік-шығысқа бет алды, бұл беткей айналасы жүз шақырымға жуық, сүйір басы солтүстікке бағытталып қисық сызылған үшбұрыш сияқты. Жол оншалық ауыр болған жоқ, мұз шоқылар көбінесе жағамен жарыса жатқандықтан, арадағы ашық айдынмен, аракідік ұшырасқан белестерді басып жүре беруге жағдай туды. Каюрлар аспанға қарап қойып, иттерін қыса айдады. Казачьеден шыққанда тып-тынық, ап-ашық ауа райы бұзыла бастады: күн түтін түстес ұлпа бұлт шымылдығының ішінде буалдырланып тұрды да, терістік-батыстан ауық-ауық ызғырық жел соқты. Қоналқаға қолайсыз жерде боранға ілікпес үшін асығу керек болды. Жағалаудан табылатын салынды ағашқа сеніп, отын да ала шықпаған еді. Қылтадан жиырма шақырым жерде тар да құлама мұзарт тап болды. Оның бір жерінен Горохов жиһангездерге көзге түсе бермейтін аңғарды көрсетті, бір кезде әжептәуір айдынды Жекекөл осы арадан теңізге қотарылыпты. Түлеген кезінде аралда жаз жайлап қалатын жабайы қаздардың сүйікті орны да осы көл еді. Оған кәсіпкерлер де көп келіп, түлеп жүрген қаздарды1 жүздеп таяқпен ұрып ала беретін. Көл құрып кеткен соң қаздар басқа жаққа ауып, кәсіпкерлер өздеріне де, иттеріне де нәпақа болып тұрған олжасынан құрамай қапты.
Үлкен Қыстақ өзенінен асқан соң арал жағасы тегістеніп, қиырынан орталық Хаптағай тауы көрініп тұратын тұсқа қарай біртіндеп биіктейді. Осы өзеннің сағасынан бастап алыстан әрең көрінген Кіші Ляховский аралының терістік пұшпағына шығу үшін бірте-бірте жағадан жырылып, оңтүстікке қарай ойыса беру керек еді. Алайда каюрлар батыс көкжиекті көзбен шалып алды да, жағаның тура өзін бойлай жүрген жөн деп, иттерін бұрынғыдан да қыса айдады.
– Күн бұзылғанша бұлардың Ванька мүйісіне жетіп алғысы келді, – деп түсіндірді олардың ойын каюрлармен бірер сөз қатысқан Горохов. – Мүйістің арғы жағында бораннан қорғануға да, отындық ағаш табуға да болады.
Түс ауа Адасқақ өзенінің сағасынан аса-ақ батыс желі жебей соғып, сеңгір-сеңгір сеңдер басындағы ұлпа қарды ұйтқытып, алақұйындатып айналаны шаңыттырып жіберді. Еңкейген күн осы алақұйынның арасынан зорға сығалайды.
Күн суытып кетті. Тегіс жерде иттер бар пәрменімен жүгіріп, шаңғылы адамдар әрең ілесіп келеді, мұз шоқыларға тап болып, нарталарды сүйреп шығару үшін қолмен жұмыс істегенде ғана сәл табан суытып алады.
Жел сәл саябырланып, көз көріне бастағанда алдан Ванька мүйісінің қарауытқан тұлғасы шалынды. Тир өзенінің сағасынан асқан соң теңізге дендей сұғынып мүйісті айнала берді олар. Бұл тұста батыс жақтан аспан қорғасындай сұрланып алып, ұйтқып-ұйтқып кеткен жел жығып кете жаздайды, қар көз аштырмай, өткір инесін бетке қадайды, иттер басын оңға бұрып, тұмсығын жерге төсей жүгіреді.
Мүйісті әупіріммен орап өтіп еді, тыныс та кеңіп сала берді, тасада жел онша ексімдей алған жоқ. Тас төбеде қар бұлтын іріккен аспан да сүттей аппақ, төменде сол бұлттан үзілген бірер қар қапалағы ғана қалқиды. Күн әлі ерте болғанымен, бұдан әрі жылжу жайын тіпті ойлаудың өзі артық, мүйістен әрі ақтүтек боран қойнына сүңгимін десең де қия бастырмайды. Мүйістен шығысқа таман көсілген терең бұғаз да ақтүтек арасында ғайып болған. Мүйістің панасы өз төңірегіне ғана жетіп тұр. Бұл жерде қашаннан да баспана жоқ, сондықтан жаз жардан құлап тоң болып қатқан қыртыстылау жер тауып, құламаның етегіне шатыр тігуге тура келеді. Каюрлар болса, өздеріне басқа орын сайлап алды, балтамен шауып, тік жапсарлас күртік қардан үңгіп үйшік жасады олар. Горохов жиһангездерге де солардан қалмай қардан күрке жасап алыңдар деп ақыл берді, себебі жел терісыңғай шығып, мүйістің пана болмай қалуы мүмкін. Боран бір басталса, тәулік бойы, тіпті екі күн соғуы да ғажап емес.
Балта тиісімен тақта-тақта болып түсіп жатқан қасат қардан апан қазу қиындық келтірген жоқ. Жел бағыты өзгерсе қалқа болсын деп олар қар тақтасын дестелеп, апан аузына үйді. Сосын жағалаудағы мұз шоқылар мен күртік қарды қазып, отынға салынды ағаш тауып алған соң ғана нарталарының жүгін түсіріп, тар болса да жайлы үйшіктеріне жайғасты. Нарталар мен сирек мұз тасасында байжарақ арасында ас берер кезді күтіп, қалаштай бұратылып иттер жатыр. Отты олар қар күркенің ішіне емес, жар қабырғасының тасасына жақты, өйтпегенде жылудан үйшіктің іші еріп, кісілердің төбесінен тамшы ағатын еді.
Боран түні бойы соғып, тек келесі күні түсте ғана тынды. Жел саябырлап, аспан сәл ашылғанда ғана олар жолға жиналды. Ванька мүйісінен он шақырымдай тұрған терістік-батыстағы Кіші Ляховский аралының тура тұмсығына бағыт ұстады олар. Бұл арал Үлкен Ляховскийден көп кіші, терістіктен түстікке қарай қырық-елу шақырым созылып жатқан айта қалардай құзар биігі жоқ, адырлы жота. Жағаны бойлай отырып, аралды айнала орап олар терістік тұмсыққа жетпей қоналқаға тоқтады. Жауын-шашыннан жалғыз-ақ пана– сеңгір-сеңгір сең шоқылар, бірақ бұлардың бақытына қарай тымық болды.
Келесі күні жолдың ең қиыны – Кіші Ляховский мен Қазандық аралдары арасындағы жетпіс шақырым жерді жүріп өтуге тура келді. Қиын-қыстаулығы сол, бұл арадан шығыстан батысқа қарай теңіз ағымы өтеді де, күзде көпке дейін қатпай жатады, қатқан күннің өзінде де дауыл болса, мұзы ашылып кетеді. Соның салдарынан көшкін мұздар жиі қозғалып, сеңдер тау-төбе болып көп тізіледі.
Теңізде қонса қажет отын, ол-пұлын артып олар Қазандық аралындағы ең түстікте тұрған Аю мүйісін бетке алып терістік-батысқа жылжыды. Қазандық аралы көкжиекте төңкерген қазан сияқты дөңкиіп көзге шалынады, аты да осы көрінісінен алынса керек. Аралдың ең биік нүктесі Молақатын тауының шағын шыңы сол қазанға шығып тұрған тәрізді.
Бастапқы жиырма шақырым жол тіпті жеңіл болды, сеңдер сирек әрі аз. Алайда ағым мен күзгі жылым алқабында бірінен-бірі сұсты сеңдер басталды. Кейбір мұз шоқылар шоғыры мен жеке сеңдердің биіктігі жиырма метрге жетеді. Балта қолданып жолды қиып салуға, әбден титықтаған иттерге көмек беріп, нарталарды арқанмен (өрме қайыс арқан) сүйреп шығаруға тура келді. Кей сеңдерге бір, иә жарым сағат кетті.
Сондықтан күн батқанша жолдың жарымы ғана және бір жақсысы, ең қиыны артта қалды. Асу бермеген бір сеңгір сеңнің түбіне түнеуге мәжбүр болды олар. Бірнеше мұз шоқыны ықтап шатыр құрды да, апыл-құпыл ауқаттанып алып жатып қалды. Күні бойы қалжыраған олар қатты ұйықтады.
Түн ортасында төбесінде шатырдың қатты сықырлағанынан оянған Горохов:
– Тағы да ұйтқып кеткені ме? – деп міңгірлеген қалпы келесі жамбасына аунап жатпақ еді, шатыр быт-шыты шығып жыртылардай, шайқалып-шайқалып кетті.
«Шамасы, жайшылық емес» деп ойлаған Горохов төсек қаптан шығып ауызға барып, қалың матаны әрең ысырып, басын сыртқа шығарды. Мұздақ қар бетін сабалап, көзді аштырмайды. Шатыр ұшқалы қомданған құстай желпілдеп бір орында тұрар емес.
«Не лаж бар, бәрін де оятып, беркіне беру керек, – деп ойлады кәсіпкер, – әйтпесе жазым болуымыз кәдік».
Ұйықтап жатқандарды ол шайқап оятып, бесеуі де төрт тағандай еңбектеп сыртқа шығып, шатыр іргесін ұстап тұрған темір қазықтарды мұзға тереңдете қағуға кірісті. Сонан соң үшеуі де еңбектеп жүріп жүк тиелген нарталарды сүйреп әкеп, үшеуін шатырдың үш жағына қойып, арқанмен матастырып байлап тастады. Осының өзіне көп қайрат-күш жұмсауға тура келді: жел аяқтан шалып, тынысты тарылтып, қар көзді аштырмады; төңірек түгел қап-қараңғы, үш адым жерден біріңді бірің тани алмайсың. Сеңгір-сеңгір сеңдердің саңылауынан өкіріп, өксіп, ұлыған, ысқырған желдің арасынан он қадам жерде тұрған каюрлар шатырынан балта тоқылы келді. Олар да оянып, бекініп жатқанға ұқсайды.
Қолдан келген амалдың бәрін жасап болып, ұйықтағалы қайта қисайғанда олар ұзақ уақыт жылына алмады, әбден жел өтіп, қойны-қонышына, тіпті жеңіне дейін қар толып қалыпты. Таң ағара бірінші болып оянған Горюновтың боран басылмасына көзі жетті. Бірақ шатыр қозғалмай, үстін қар басып бүйірі тысырайып, ауыр салмақтан үрген қарындай жарылғалы шақ тұрды. Тағы да сыртқа шығып қарды аршуға тура келді. Горюнов жолдастарын оятпай, бұл жұмысты күрекпен өзі-ақ жайғап тастады. Буалдыр мұнар арасынан маңайдағы мұз шоқылар көріне бастады, жел бәсеңдеген сияқты, оның есесіне жылбысқы ұлпа қарды үйіпті де салыпты. Қырылдаған айқай мен қатты ыңқыл Горюновты каюрлар шатыры жаққа жалт қаратты. Шатыр әлгінде ғана қарауытып тұр еді, енді көрінбей кетті. Бір пәленің болғанын іштей сезген ол адым сайын қарға көміліп қалған иттерге сүрініп жүгіріп келді. Бақса, бұлардың шатыры ескі екен, ауыр салмаққа шыдамай жыртылып кетіп, ұйқыда жатқандарды қар басып қалыпты. Олар қар басқан көрпесінің астында тырп ете алмай, ауа жетпегеннен тұншығып, ыңырсып, барлығып жатыр екен.
Горюнов шатырына қайта кеп жолдастарын оятып, өзі күрекпен қар көмген каюрларды аршып алуға кірісті. Іле жеткен Горохов пен Ордин де оған көмектесіп, шатырды қарымен басқа жерге көтеріп қойып, кісілерді құтқарып алды, біреуі талықсып қалған екен, оның есін енгізуге тура келді.
Өстіп әуреленіп жүргенде жарық болып, боран басылып, күн ашылды, қар жаууы сиреп, жел аракідік қана ұйтқып кетіп тұрды, шығыстан өлеусіреп күннің көзі көрінді. Иттерді, нарталарды аршып алып, шай ішіп олар қайта жолға шықты. Жаңа түскен қар жабысқақтанып аяққа едәуір тұсау болды, ол ойлы-қырлы жердің бәрін тегістеп жіберіп, иттер де, нарталар да оппаларға түсіп кетіп отырды. Иттерге жол төсеп отыру үшін екі адам алда шаңғымен жүрді.
Қазандық аралының жотасы алда көкжиектің ширек бөлегін алып жатты, енді онан менмұндалаған шыңдар мен жаға жарын айыруға болатындай, қар көрпенің арасынан жеке-жеке ноқат құсап құзтастар қарауытады. Одан оңға қарай арасы онша қашық емес Фадеев аралы көкжиектен болар-болмас қана көзге шалынып жатыр.
Күн батқанша қыруар мұз шоқылар шоғырын артқа тастап, олар Аю мүйісіне жетіп, одан соң оңтүстік-шығыс жағалаудағы лашыққа дейін жеделдетіп бес шақырым және жүрді. Бұл жаға Үлкен Ляховский аралының жағасындағыдай мұз құрсанған емес, қатты тау жыныстарынан тұрады екен, ол жыныстар кейде мұз үстіне қабырға боп қаланып, кейде күртік қармен қалқаланып теңізге шымылдық боп ұсталғандай.
