ЖОҒАЛЫП КЕТКЕН ХАЛЫҚ-Жұмбақ Жер
Шенк сүр бойдақ еді, жасында көп саяхат жасаған, тундрадан мамонттың қалдықтарын іздеп Енисейдің сағасында, Байкал сырты мен Амурда зерттеу жүргізіп, Россияға қосылған бетте Сахалиннің де жер бедері мен өсімдік дүниесін барлаған. Сонан астанаға оралған соң жинаған материалдарын өңдеуге отырған-ды.
Ол жалғыз, әрі тым жұпыны тұратын, академиктік еңбекақысының басым бөлігі жас ғалымдарға көмекке жұмсалып, өзін ғұмыр бойы қызықтырып келген Сібір мен поляр елдеріне экспедиция жасақтауға ұсталатын. Қыруар ақшасы өзі зерттеуші ретінде жоғары бағалайтын Толльдің саяхатына, оны іздеушілерге кетті.
Салтанатты мәжілістен келе сала Шенк таң-тамаша жұмбақ тайпа онкилондар туралы деректер оқуға кірісті.
Ықылым ғасырлар бұрын олар Чукот түбегін түгел алып тұрыпты, кейін чукчалар Мұзды мұхиттың жағасына таман тықсырыпты. Түр-тұрпаты, киім киісі, тілі мен тұрмыс салты жөнінен чукчалардан тіптен бөлек олар туыстығы жағынан Кадьяк аралындағы алеуттерге жақын.
Солтүстік Сібір жағалауында өзінің «Вега» кемесімен жүзген кезде Норденшельд Иркайпий1, Шелаг және Якан мүйістері ауданында онкилондардың көп жұртына тап болады. Баспаналары былайша жертөле тәрізді, жартысына дейін жерге кіріп жатыр, төбесіне кит қабырғалары салынып, топырақпен жабылған. Қазған кезде тас пен сүйектен жасалған балта, пышақ, найза мен жебенің ұшы сияқты әр алуан құралдар табылды. Сабы көбіне сүйек пен ағаштан болып келетін, қайыспен таңылған бұл қарулар мәңгі тоңның арасынан дін-аман шықты. Онкилондар темір, тағы басқа металдарды қолдануды білмеген нағыз тас ғасырының адамдары болатын.
Чукчалардың Врангель жинаған әңгімелерінің ауанына қарағанда, онкилондардың Мұзды мұхит жағалауынан аууына олардың көсемі Крэхой мен бұғылы чукчалар қолбасшысының арасындағы рулық кектен қозған қанды қырғын себеп болған сияқты. Ізіне түскен чукчалардан бас сауғалап, Крэхой өз тайпасының аман қалған азын-аулақ адамдарымен әуелі Солтүстік мүйістің жақпар тастарына бекініп, кейін Шалаур аралдарына өтеді, ақыр аяғында он бес байдаркаға отырып, Якан мүйісінен Мұзды мұхитта таулары бұлдырап көрінетін бір жерге (яғни Врангель аралына) көшіп кетеді.
«Дерек тым таяз, әрі қарама-қайшы екен, – деп ойлады кітапты жауып жатып Шенк. – Дегенмен де қызық өзі: сонда әлгі тайпа қайда кеткен?»
Келесі күндері Шенк уағда бойынша «академияның тамырын басып, негіз қалағалы» поляр елдерін зерттеуге ынтық-ау деген академиктердің кейбіреулерімен кеңесіп көріп еді, Санников жері мен барон Толльдің із-тозын ашар жаңа экспедицияның жоспарын құптаушылар шықпады. Жаңа зерттеу жұмысын тапсыруға татырлық салиқалы оқымысты көзге көрініп тұрған жоқ, ал ақшаны қайдағы бір қиялшылға ұстата салу бейқамдық болмақ және оны іздеп жату да ыңғайсыз. Не керек, енді Шенктің өз қаржысын есепшотқа салуына тура келді. Ол осы бір кәсіпке бірер мыңды бөлмек еді, бірақ онысы жетіңкіремейтіндей көрінді.
«Жарайды, – деп түйді ол ойын, – құрал-жабдықтарды әртекті ведомстволардан тегін түсіреміз, ал бұл экспедиция жылдан артық созылмасқа тиіс. Осы уақыттың бағдарында не бұл жұмбақ жер табылып, істің беті оңғарылады да, қаржы өз аяғымен келеді, не ондай жер жоқ екеніне көз жетіп, көңіліміз суиды».
