Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовтің туған күніне орай әсерлі видео жариялады
Бүгін - қоғам қайраткері, марқұм Заманбек Нұрқаділовтің туған күні. Ол Алматы облысының Кеген ауылында 1944 жылдың 15 қаңтарында дүниеге келген.

Заманбек Нұрқаділовтің жесір, әнші Мақпал Жүнісова осыған орай Instagram-дағы жеке парақшасында әсерлі видео ( https://www.instagram.com/p/C2FwRSuMJp9/ ) жариялады.
"Бүгін, Зәкең, бар болса 80 жасты тойлар едік. Әттең бір қанішердің құрбаны болып кеттіңіз. Соларды таппайынша, халыққа көрсетіп, естіртпейінше сіздің рухыңыз тынышталмайтынын мен жақсы білемін, Зәке. Алла енді сол күнді де естіп, көруді нәсіп еткейсің", - деп жазды Мақпал Жүнісова.
Айта кетейік, Заманбек Нұрқаділов 2005 жылдың 12 қарашасында Алматыдағы өз үйінде өлі күйінде табылды. Ресми мәлімет бойынша, ол өз-өзіне қол салған. Бірақ көпшілік оған сенбейді.




