Перейти к содержимому

Әлемнің тағы бір ыстық нүктесі - Йемен туралы

Маңдайының соры бес елі Йемен деген ел бар, баяғыда, яғни өткен ғасырда екі мемлекет болатын, бірі Оңтүстік Йемен, екіншісі солтүстік Йемен, бәлендей айырмашылықтары жоқ, бірақ, сыртқы күштер заманында бөліп, арасына іріткі салып отырды. Қазір де солай.

Бағзы замандағы тарихтарына тоқталмай-ақ қояйын, бірақ, исламға дейінгі Саба патшалығы туралы естіген боларсыздар, одан соң Ислам діні келіп, тауда өмір сүретіндері (солтүстікте) зейдиттер (шиіттерге жақын) болса, далада өмір сүретіндер (оңтүстікте) - сүннит тармағын ұстанды. Арасында исмалиттері тағы бар.

Бір уақытта Йеменнің бір бөлігі Осман империясына қарады, бір бөлігіне ағылшындар иелік етті, яғни, Йеменнің түркілерге де қатысы бар деп айтуға болар. Оған дейін Барысбай сияқты мәмлүктердің ізі қалған өлке. Бірақ, ескі жараны ашу үшін емес, тарихты білу үшін мына жайтты да ұмытпау керек, кезінде оманлылар осындағы Мәмлүк әмірлігінің астанасы Забид қаласын басып алып, Ахмет әмір бастаған мүмлүктердің бәрін қырып тастайды. Османлылардың мәмлүктерді дәл осылай қарып тастауы Мысарда да орын алып еді.

Йемен кейін жоғарыда айтқандай Осман империясының бір бөлігіне айналады, алайда османлылардың бір кемшгілігі жаулап алған жерлерінің салт-дәстүрін сақтай отырып, оларды ассимиляцияға ұшыратпайтын, яғни, өлке өзінің ерекшелігін сақтап қалды. Тағы бір қызығы Осман империясының тұтастығы, оның жорықтарында Қырым татарларын көреміз. Осман сарайындағы Қырым татарларының рөлінің күшті болғанын мынадай фактімен жеткізейік. Екінші Ғазы Герай хан Дунай бойындағы соғыстарда османлылардың бас уәзірі Коджа Синан-пашаның әділетсіздігін сұлтанға айтып, оның орнынан түсуіне себеп болады. Жалпы, қырымлыларды Осман жорықтарында авангардтан көреміз, Анатолия мен Кавказда және Еуропа да аттың жалын тартып жүр, османлылар мен қырымлылар байланысы - бұл да жеке және үлкен тақырып, тіпті украин мемлекетінің пайда болуына қырым татарларының еңбегі зор еді.

Ал, негізгі тақырыбымызға оралайық. Тәуелсіздік алған соң солтүстігі тек Йемен Араб Республикасы деп аталса, оңтүстігі Йемен Халықтық Демократиялық Республикасы болды. Сөйтіп, 1990 жылы Йеменнің екі бөлігі бірігіп, тұтас мемлекетке айналды. 1994 жылы Азаматтық соғыс басталды. Кейін ішкі алауыздықтар мемлекеттің ыдырауына алып келді.

Осы ретте бір қызық жайтты айтпаса болмас, алауыздықтар кезінде орталық биліктегі йемендіктер: «жауды жеңуге сәл қалды, аздаған қару-жарақ пен қаражат керек» деп кезінде орыс генералдары 2022 жылғы 23 ақпанға дейін бәз-біреуді қалай алдап келді, дәл солай саудиялықтарды алдап келгені белгілі болды. Оны айтасыз, хуситтер деп аталатын шиіт-зейдиттердің әскерлері жеңілмек түгілі, Израильге доңайбат білдіріп қана қоймай, Сауд Арабиясына дрондарын ұшырып қояды. 2014 жылы хуситтер мен Йеменнің орталық билігі арасында Азамат соғысы жүріп, жүз мыңға тарта адам қаза тапты, халық әбден кедейшілік деңгейіне жетіп, жүздеген мың адам ашаршылыққа ұшырады, әсірес, тоя тамақ ішпеу балаларға ауыр болды. Салдарынан 85 мың бала аштан, ауыру-сырқаудан өлді.

Қазіргі жағдайға қарайтын болсақ, осы шамалы уақытта хуситтер Йеменнің Баб-әл-Мандеб бұғазына жетті, олардың жылжуы қарқынды, енді елдің ірі шаһарларының бірі Тайз қаласына шабуыл жасап жатыр. Хуситтер елдің оңтүстік батысын алып, географиялық маңызды аралдарға да жетті. Тағы бір қызығы ол аралдардың біріне 1923 жылға дейін Түркия таласып келген.

Орталық билік пен хуситтер арасындағы соғыста Сауд Арабиясы бастаған Парсы шығанағы елдерінің және Иранның «іздерін» көруге болады. Хуситтер өз саясатын жүргізеді десек те, Иран бастаған «шиіттік остің» маңызды бөлігі.

Себебі, Ормуз бұғазында АҚШ пен Иран соғысы (қайшылығы) орын алып отырса, хуситтердің Баб-әл-Мандеб бұғазына иелік етуі Сауд Арабиясы сияқты мұнай экспорттаушы елдердің жігерін құм қылады. Тіпті Баб-әл-Мандеб бұғазы арқылы экспортталатын Саудия мұнайы 90 процентке төмендеп, аптасына 11 млн. баррельден 1,3 млн. баррельге дейін түскен. Орталық биліктің құрлықтағы әректтерінен нәтиже шықпайтынын, әуеден бомбалау тау-тастың жықпыл-жықпылына кіріп жасырынған хуситтере түк те істей алмайтынын түсінген саудиялықтар АҚШ-ты «жәрдем беруді» өтінгенмен жауап жоқ.

Оның үстіне, Әлемдік сауданың 80 проценті су жолы, яғни, теңіз-мұхит арқылы жүреді. Ормуз түсінікті, Баб-әл-Мандеб хуситтерге өткен соң, Әлемдік теңіз саудасының рөлі одан сайын нашарлайды, мысалы, Ғазадағы оқиғаларға дейін Қызыл теңіз (Суэц каналы) арқылы 2023 жылы күн сайын 931 000 teu, яғни «жиырма футтық» эквивалентке тең контейнерлік тасымалдар жүргізілетін болса, қазіргі күні олардың саны 102 000 teu дейін төмендеген.

Бұл жердегі басты айтпақ ойым бәз-біреулер «артық қыламын деп тыртық қылған» сыңайлы, ал, хуситтер орталық билікті құлатар болса, өзге арабтар «орталық билікке» жанталаса көмектесетіні белгілі, әрине басқа арабтар, ең алдымен саудиялықтар әр жыл сайын йемендіктерге миллиондаған доллар қаражат беріп келді. Бірақ, Әлемнің ең кедей елдерінің үштігіне кіретін Йеменде әзір тыныштық орнайды деген жай сөз сияқты.

Бұл ретте, АҚШ, Израиль және Сауд Арабиясы секілді елдерге бірдей «айбат шегетін» хуситтер деген кімдер деген сұраққа жауап іздеп көрейік.

Хуситтер немесе «Ансарулла» - шиіт зейдиттердің әскери тобы. 2004 жылы орталық билікке қарсы көтеріліс жасап, кейін елдің оңтүстігіндегі кейбір аймақтарда өз билігін орната алды. 2011 жылы Йемен революциясына қатысты, нәтижесінде Йемен Президенті Әли Абдалла Салех доғарысқа кетті. Бұл жерде йемендіктерді (қазіргі саны шамамен 40 млн.) бір ұлт десек те, діни және саяси көзқарастарында айырмашылықтар бар. Хуситтер 2015 жылы ел астанасы Сананы басып алған соң және Революциялық кеңес құрылғаннан кейін Йемендегі басты күшке айналды. Топ оның негізін қалаған және басшысы Хүсейін әл-Хусидің атымен аталады. Бұл ретте, хуситтердің идеологиясы мысалы Иран шиіттер не өзге шиіттік бағытты ұстанатындардан ерекшеленетінін айту керек.

#Йемен #Хуситтер #Amandyq Amirkhamzin

Йемен картасы: By Addicted04 (Revision by Kkrrkkww & Rapesovskyy).

Еще по теме