Перейти к содержимому

Батысым Шығыс болып кетті..

Астана қаласынан Қытайдың Гуанчжоу және Ченду қалаларына әуе рейстері бар екен. Меніңше, ішкі Қытайда Сиань мен Пекин (Ханбалық) де қызық. Әрине, Гонконг пен Шанхайдың да орны ерекше. Дегенмен, бірінші Шыңжаңды білу керек болар.

Жалпы, соңғы жылдары еліміздің Қытаймен байланысы одан сайын артып келеді. Жаңағы Гуанчоу мен Ченду қалалары туралы оқып отырып, Сычуань паршасы туралы материалға кезіктім. Айтқандай, дәл осы Гуанчжоуда 1206 жылдан бері тұрған, үш рет реконструкциядан өткен әйгілі Шамшырақ-мұнара мешіті бар. Бұл өлке мұсылман Әлемімен әуелден байланыста болған ғой. Ал, Ченду Сычуань провинциясының орталығы.

Қалай десек те Қытай ежелгі өркениет ошақтарының бірі, ал, мата өндірісі әуелден болғаны белгілі. Айтқандай, Орталық Азия да Әлемдік мата өндірісі орталықтарының бірі. Дегенмен, менің қызығушылығымды тудырған бұл өндірістің біздің түркі жұрты арқылы өзге елдерге жетуі, әрине, мәдениеттердің синтезі, дамуы заңдылық.

Сонымен, әдетте біз Қытайдың жібек матасы туралы білеміз де, мен айтып отырған мысалы Сычуань паршасы туралы хабарсызбыз. Сычуань паршасы Қытайдың материалдық емес мәдени мұрасы болып табылады. Бұл паршаның ерекшелігі – ол жібектен тоқылады және қанық, түсі қызыл. Және бір қызығы Қытайды билеген Құбылай хан заманында Еуропа елдерімен Ұлы Жібек жолы арқылы байланыс болғандықтан бұл паршаға еуропалық өнер бейнелері де түскен. Сычуань паршасы Жапония мен Персияға да экспортталыпты. Бір қызығы парша сөзі парсы тілінен шыққан, айтқандай мана жоғарыда айтқандай Орталық Азияда да парша өндірісі дамыған деп, оның бір үлгісі 7-8 ғасырлардағы жібек аксамит негізіндегі қырғауыл бейнелері бар дөңгелектер. Сонымен бірге, Қытайда Сычуань паршасынан өзге Сун және Нанкин паршалары бар.

Парша парсы тілінен енген деп жаздым, алтын мен күмісті араластыра отырып тоқылған мата. Енді бір қызығы, осы паршаның алтынбас (түбі Анатолиядан) деп аталатын бір түрі орыс халқында алтабас делінеді. Бұл матадан шіркеу мен сарай киімдері жасалды. Бұл бұл ма орыс жұрты атқа мінуге арналған киімді терлик (яғни, терлік) дейді, аяғына киетіні чулки, яғни, қазақ тіліндегі шұлғау. Атлас та солай, араб тілінде тегіс деген мағына береді, Ресейге жеткізілетін атласты Кизыльбашские деп атаған, яғни, Персиядан, қызылбасымыз баяғы Қобаланды бабамыз соғысып жүрген түркі жұртының бірі - қызылбастар. Айтқандай, орыс халқы қазақ түйесі жүнінен тоқылған матаны да көп пайдаланған. Енді, осы тұстан орыс киімдерінің кейбіріне тоқталып көрейік:

Армяк – түйе жүнінен тоқылған сыртқы киім, тон іспеттес, татар тілінде армак түйе жүнінен киім.

Азям не озям - сыртқы киім, көбінесе жолға киеді, азям кушакпен оралады, сөз түбірі парсы-араб, яғни, Шығыс деген мағына болар, яғни, әу баста Аджемнен келген, кейін өздері тіккен, түбі түркі орыс киімі.

Архалук – сөз айтып тұрғандай арқалық екенін білдіреді. Кавказ түркілерінен орыс жұртына өткен киімдердің бірі.

Бешмет – орыс казактарының киімі, әрине, іргелес түркі жұрты киімі екенін белгілі, бешпет біздің.

Башмак – бәтіңке немесе жартылай бәтіңке, түбірі өзіміздің башмақ.

Доха немесе яргак – бұл жарғақ тон біздің. Жайық казактары қазақтардан алған болса керек.

Романовская шуба деген бар, яғни, тон, бұл жерде атауына тоқталмай оның негізі татар қойы, дұрысы Алтын Орда дәуірінен Ярославь жерінде пайда болғанын айта кеткенді жөн көрдім.

Кумач – Қазан татарларның матасы, кейін Ресей бойынша өндірісте қолданыла бастады. Араб тіліндегі кумаш сөзінен шыққан.

Кушак – белге байлайтын белбеу, яғни, өзіміздің құшақ сөзінен шыққанын көріп тұрмыз.

Карман – қалта, яғни түбірі қармау дегеннен болар, атақшы Иван Калита есімінің әу баста карманның калита, яғни қалта түрінде қолданылғанын көреміз. Айтқандай, Қалталы Иван басқақтарға жинап, Алтын Ордағы тиесілі ақшаны қармап қалып, байып кеткен еді ғой.

Каблук – түбірі қаб сөзі болғанымен орыс халқыны қаблық түрінде жетіп, өзгеріске үшырады, аяқ-киімнің бір бөлшегі. Бір қызығы Венеция сәйнқойлары киген аяқ киімнің бірі чопин деп аталады, кезінде Атилладан аралдарға қашқан венециялықтар бұл аяқ киім үлігісін Орталық Азия жұртынан алған екен. Бұл аяқ киімнің ерекшелігі аяғындағы тұғыры 50 см жетеді.

Кафтан – парсының хафтан сөзінен, түркі тілдері арқылы орыс жұртына жетіп, олардың күнделікті киімдерінің біріне айналды, яғни, бұл сыртқы киім. Бәлкім қаптоп сөзінен болар деп шамалаймын.

Колпак – бас-киім, түбірі біздің қалпақ.

Тулуп – яғни, тұлып, кез-келген түркі тілін білетін адам тұлыптың түркі тілінен екенін аңғарады және қой терісінен тігіледі, ал, қой шаруашылығымен кім айналысатын еді?

Тафия – әйелдер бас-киімі, өзіміздің тақия.

Сарафан – парсы тіліндегі сарафа сөзінен түркі тілдері арқылы орыс жұртынаы сіңді, ұзын көйлек.

Сәнқой әйелдер ең жақсы көретін заттарын, алтын-күміс әшекейлерін сундукқа, яғни сандыққа сақтады.

Штан – шалбар, біздің тіліміздегі ыштан, іштон екені айтпаса да түсінікті.

Чекмень (чекменик) – Жайық және Дон казактарының киімі, яғни шекпен, іргелес түркі халықтарынан алғаны түсінікті.

Халат – Шығыс киім үлгісі, Ресейде Петр Бірінші заманында Еуропа арқылы келді, сөз түбірі арабтың хильа, яғни, сый киімі деген мағына береді.

Ферязь - ескі орыс киімі, араб тіліндегі фарага деген сөзден шыққан, Шығыс үлгісі.

Бәрінен бұрын Монамах шапкасы деп аталатын, патшалары киіп жүрген «Тяжела ты, шапка Мономаха» деп аталатын тәмсілде бас киімнің Шығыстан, яғни, Алтын Ордадан келгенін ұмыта береміз, кей деректе бас киімнің әуел баста әйел киімі болуы мүмкін деседі.

Суретте: 1576 жылғы гравюрадан үзінді, Қасиетті Рим империясының императоры ІІ Максимиллианға келген орыс елшілігі.

#Түркі жұрты #Орыс киімдері #Amandyq Amirkhamzin

Еще по теме