«ЕР ЕДІГЕ» жыры
автордың аудармасы
«ЕР ЕДІГЕ» жыры
«Малым - жанымның садақасы,
жаным - арымның садақасы»
БІРІНШІ ЖЫР
"Тоқтамыс хан және оның Әмір Темірмен арадағы араздығы, сондай-ақ Тоқтамыс ханның Құттықия биді оның ұлы Едігемен бірге өлім жазасына кескені туралы"
Ертеде өткен заманда, байырғы бір кезеңде,
Ноғайлы елі қоныс тепкен өңірде,
Ноғайдың арғы атасы - Ноғай еді,
Сарайдай шаһар бар еді.
Еркін аққан Еділ дарияның бойында,
Бұлға шаһары жарқыраған сол тұста.
Жайықтың суы толқып аққан заманда.
Алтын Орда - дәурен сүрген заманда.
Қыпшақ пен Бұлғар мекен еткен өлкеде,
Ноғай ханы билік құрған кең далада.
Тоқтамыс атты хан таққа отырған еді.
Кім оған дос болса — жақын тұтқан.
Кім оған дұшпан болса — аяусыз жойған.
Иелігінде болған — сансыз қалың малы,
Ал, оның бар байлығы — құлдары,
Азаппен өткен олардың жылдары.
Елден елге жеткен оның даңқы,
Сарай шаһары— ел-жұрттың мақтаны.
Сансыз мұнаралар көкке бойлаған,
Сексен көшесі бар шаһар
сәнге айналған!
Алтын Тас - Алтын сарайы!
Сары мәрмәрге - түскен қызыл арайы.
Даңқы оның сегіз жұртқа жайылған,
Тек Хан - сарайымен мақтанбаған.
Аңшылыққа ұстаған сұңқары бар,
Түкті Аяқ атты қара құсы бар.
Қанатын жайған сұңқарды
Хан ер-тоқымнан ұшырып,
Олжасын іліп, қырандай
Самғатып аңға салатын.
Тоғыз жұртқа даңқы жайылған,
Даңқты ханның сұңқары.
Тоқтамыс ханның салты осындай:
Ақ боз аты астында — жер басқан,
Қара сұңқары алдында — ер басқан.
Көлдердің шексіз жатқан айдынында
Олжаны аңдыған ханның көзі бар,
Қолдағы құстың самғауын бағып,
Құс салған саятын қызықтап.
Міне, осындай еді сол азамат!
Арғы арнасы— өзеннің ағысы,
Бергі арнасы — Сырдарияның ағысы.
Сырдариядан әрі — Самарқан,
Самарқанды Әмір Темір билеген.
Шах-Темір — ұлы дәулет иесі,
Талай елге жүрген оның әмірі.
Тоқтамыс ханға хат жолдады ол,
Хатында мына сөзді арнады:
«Жайық дарияң кең болса,
Еділ дарияң мол болса,
Өзендердің бәрі қол астыңда болса,
Өзеннің ар жағы Көк-Төбе болса,
Көк-Төбеде Сарайың тұрса,
Сарайда өзің отырсаң,
Тоқтамыс хан сен болсаң,
Бір кезде саған қол ұшын бергенмін,
Кезінде менің қымызымнан
Дәм татып, ішкен болсаң.
Егер сұңқарың қонса қолдағы,
Қонақтаған биік тұғырдағы.
Қара сұңқар — Түкті Аяқ,
Алысқа атағы кеткен тарап,
Жақын-жырақ тоғыз елге,
Шартарапқа даңқы жайылған.
Дүниеге даңқы тараған -
Сол сұңқарыңды бер маған !»
Тоқтамыс хан хатты оқыды,
Оқып болып, хатты бүктеді.
Әуелі сол жағына бір қарады,
Сосын оң жағына көз салды.
Жүрегіне мұздай ызғар ұялап,
Болаттай асыл өңі көгерді.
Жүрегінде жалын оты лапылдап,
Суық темірдей өңі қарайып.
Ақыры оттай жалындап,
Жүзі аппақ болып балқыды.
Жауабын жазуға кірісті,
Қарымта хатты түсірді.
Айтар сөзі мынадай еді:
«Ағысы қатты өзеннің ар жағында,
Сырдария жатыр сол маңда.
Сырдариядан әрі – Самарқан.
Егер сен - Әмір Темір болсаң,
Бырлас әулетінен шыққан әмір,
Егер сен Самарқанда тақ құрсаң,
Мен Сарайда хандық құрсам,
Мен — Тоқтамыс ханмын!
Әкем деп танығаным — Түйқожа,
Түп атам — ұлы Шыңғыс !
Ал, менің сұңқарым Түкті Аяқ
Көк жүзінен құлдилап,
Шүйіле түсіп олжа ілсе,
Қанатын қайта қомдап ұшса,
Тоғыз елге даңқы жайылған
Сұңқарымның өзі болса,
Шах-Темір, ол сенің құсың емес!
Ұлы да айбарлы Шах-Темір,
Әй, Әмір Темір, Шах-Темір!
Менің басқа да сұңқарым бар,
Ақ сұңқарым – Боз Тұйғын.
Әй, Әмір-Темір, Шах Темір !
Ақ сұңқарым саған бұйырмас,
Боз Тұйғыным қолыңа қонбас!
Үшінші сұңқарым — осал құс,
Тышқан аулап күнін көрер.
Әй, Шах-Темір, мені қорқытып,
қылышыңды маған кеземе !
Егер сенің тісің мықты болса,
Кәне, тасты шайнап көр !
Үшінші сұңқарым — бидайық,
Сарқыт болсын саған менен !
Сөз де бітті, хат та тәмам,
Айда батты, аяқталды күн тамам.
Күн батып, қас қарайған кезде.
Жыл өтті, гүл жайнады белде.
Ширули көлін жағалап,
Құс біткен қонды жан-жақтан.
Түкті Аяқ сұңқарының
Ұрғашысы шығарған екі балапан.
Мөлдіреп таңдары атты,
Аңшылық маусымы да -
басталды.
Тоқтамыс сұңқаршыны,
шақырып алды:
«Сұңқаршым Құттықия, тыңда!
Қара сұңқарым —
мақтанышым менің,
Маған екі балапан сыйлапты.
Қалай самғап, қалай ұшарын!
Кәне, сынап көрейін.
Әлгі жігіт тез оралды,
Мойнына жібек бау тағылды.
Екі ұшы салбырап тұр,
Қолындағы екі бірдей
Балапаны дірілдеп тұр.
Тоқтамыс хан бірін де алмады,
Қарап тұрып, тіл қатты:
«Әй, Құттықия, би Құттықия!
Егер ел билеген хан болсам,
Егер мен — Тоқтамыс хан болсам,
Булғар мен Сарай — ордам болса,
Сұңқарым Түкті Аяқ болса,
Сұңқардың бабын сен білсең,
Балапандарын бер маған !»
Құттықия хан алдына бас иіп,
Егіз қаздай қос балапанды
Тағы да әкеліп ұсынды.
Бірінен-бірі айнымайтын,
Екі бірдей балапанды.
Тоқтамыс хан бұл жолы
Алақанына алды екеуін,
Тырнағының ұшына қондырды
Қос бірдей кішкентай -
балапанды.
Бірін алып жоғары сермеді,
Бозторғайға тастамақ еді.
Екіншісін де көтеріп,
Үйрекке қарай атпақ еді.
Бірақ алғашқы балапан
Қанатын қағып ұшпады.
Екінші балапан да
Орнынан қозғалып, ұшпады.
Сонда хан Тоқтамыс
Ашуға мініп, дірілдеп,
Зәрін шашып ақырды:
«Тоғыз жұрттың -
қызғанышын қозғаған,
Түкті Аяқ — менің сұңқарым еді.
Сұңқар атанып, даңққа бөленген мен,
Сұңқарымның қасында сен жүр едің.
Ендеше, неге маған ұсынып тұрсың
Жүні шықпаған табанды балапанды,
Тұмсығының ұшы жалпақ, доғал балапанды?
Өз балапандарымды неге бермейсің?Соқыр деп мені ойлайсың ба?
Мына балапандарды өзіңе ал!
Бұлар — бидайықтан туған құс!»
«Уа, Ұлы ханым, әміршім хан!
Түкті Аяқ - қара сұңқары.
Тоғыз елге даңқы жайылған,
Сенің саят сұңқарың еді.
Кеше ғана сен де қартайдың,
Бүгін сұңқарың да қартайды.
Қанаты қайырылып, әлі құрыған,
Кәрілік жеңіп, қауқарсыз қалған.
Ал, оның балапандары
Бізге бір бейшарадан туғандай көрінер.
Маңдайына жазғаны — сол бір сор,
Бірақ мына сұңқар балапандар —
Бәрібір соның тұқымы ғой!»
Ел билеушісі орнынан тұрды,
Жүзі шоқтай болып қызарды.
Қаны толып көзіне,
Қаһар тұнды жанарына.
Сөйтіп, қаһарлы дауылы бұрқ етті.
Жалған екен бұл жалған дүние,
Заңы осылай болғаны ма?
Самарқанда — Әмір Темір,
Ақ Сарайда — отырған мен.
Сұңқарымның аты — Түкті Аяқ,
Соны күзетіп сен, Құттықия,
Қарауыл болдың әрдайым.
Бірақ ұядағы екі жұмыртқаны
Ұрлап алған сен екенсің.
Бидайықтың екі жұмыртқасын
Ұяға салған сен екенсің.
Сұңқарымның тұқымын түгелдей
Темірге беріп, құртпақ болғансың!
Жауап бер енді, айтшы маған:
Хандық заңды неге бұздың?
Неліктен хан жарлығын
Құттықия аяқасты еткенсің?!
«Әй, Құттықия, әй, Құттықия,
Пиғылың қандай пасық, төмен!
Айтшы, енді заман кімдікі?
Бүгінгі дәурен – Тоқтамыстікі!
Әй, Құттықия, жауап бер маған!
Темір талай теңге соғады,
Алтыннан ақша мол соғады.
Сол алтынның біреуіне
Сатылып кеттің бе сен де?!
Бір бастан екі бас жасадың,
Екі билеушіге құл болдың.
Жауап бер енді, Құттықия!»
Құттықия жауап қатты:
«Уа, ұлы ханым, әміршім хан!
Егер Әмір Темірге сатылсам,
Шаһ Темірге бас ұрсам,
Бір бастан екі бас жасап,
Екі ханға бірдей құл болсам, –
Онда маған сор болар еді.
Егер сенің билігің құласа,
Менің де күнім қараң болар.
Сен – менің ханымсың, мен – Құттықия,
Тағдырың – менің тағдырым!»
Ашуға булығып, қаһарланған,
Тоқтамыс хан ақырып, долданған:
«Әй, Құттықия, ей, Құттықия!
Болмысың пасық, пейілің төмен,
затың сұм!
Қай елдің руы күшті? – Менің елім!
Қай заманның дәурені жүріп тұр?
– Менің заманым!
Елдер тағдырын қолыма алдым,
Маңдайымда алмас сауыттай жарқыраған,
Қос қанатты жас қыран –
Шыңғыс алтын тәжінің мұрагері –
Сол тәж менің басымда емес пе?!»
Ата-бабамның даңқты ордасы,
Шыңғыс ханның айбарлы сарайы —
Бәрі де менің табанымның
астында емес пе?!
Сөзімен әмірін жүргізген,
Көп тайпаның алым-салығына
сүйенген,
Қалың орданы билеген әміршімін!
Мен өзім Шыңғыс емеспін бе,
Хандардың ханы емеспін бе?!
Алты айлық жолға созылған
Ұлан-ғайыр елге иелік етпеймін бе?!
Ендеше, тілің қалай барды:
Менің шексіз билігім -
бір күні өшеді-деп,
Ал, сенің басыңа қайғы-қасірет
көшеді деп айтуға?!
Айтқаныңның мәнісін
Маған ашып түсіндір!
Назарын төмен түсіріп
Шындықты айтуға бекініп,
Қолын әуелі кеудесіне қойып,
Құттықия тіл қатты:
«Айтарым – айту, хан ием,
Тыңдарың – тыңдау, хан ием.
Көк Төбе – Жердің кіндігі,
Мұнда Жер әміршісінің ордасы.
Сарайда халық шалқып өмір сүрген,
Төрт қақпасы төрт тарапқа ашылған.
Алыс-алыс елдерден -
Керуен соңынан керуен ағылған.
Қақпадан шығып үлгерместен,
Жұрттың дүбірі толастамастан,
Қаланы айнала қоршаған
Адамдар ағыны толқындаған.
Шеңбердей тұйық қозғалған
Қалың жұрттың қарасы!
Жаңбыр жауса да, дауыл тұрса да,
Даладан айқай-шу естілсе де,
Ям бекетіне қарай асыққан
Жәмшік атын қамшылап жеткен».
Шапса дағы — дала тыныш,
Демалса да — жері үйіндей.
Өміріне төнбес қауіп,
Ел ішінде бақ бар, бейбіт күн.
Жеңілмейтін ел еді,
Қазынасы сарқылмас.
Кедей-кепшік сол кезде
Еңбегінің жемісін алды тұтас.
Шалғында малы көбейді,
Берекесі тасып, ел байыды.
Теңгесінің есебінен жаңылып,
Шексіз байлыққа кенелді.
Ал бүгінгі күнге жақындап,
Көз салсақ өткен заманға,
Сол мол дәулет, сол байлықтың
Жетпей тұрғанын көреміз!
Уа, хан ием, ұлы хан!
Ел билеуді білсең сен,
Қазынаңды мол ұстап,
Халықты зарға салмас ең.
Есіңе алшы, ұлы хан,
Алтын Орда бар еді,
Ақ Ордадай айбарлы,
Алпыс елге жол еді.
Бүгін міне, керуендер
Өлкеге басын бұрмайды.
Түйе де сенің қақпаңа
Бұрынғыдай басын бұрмайды..
Саудагер де сенімен
Үлес бөліп алмайды.
Тиын да саған бұйырмайды.
Бұл нені білдіреді, ұлы хан?
Әлде билік тізгіні
Қолыңнан сусып бара ма?
Айтсам шындық айтамын,
Қаһарыңнан қорықпаймын,
Сарытау — өзеннің жотасы,
Ел-жұртымның мекені еді,
Халқымды сен азайттың,
Еділден екі қайтара -
Ел-жұртымды асырдың.
Ол жаққа да тұрақтатпай,
Шөбі жоқ сортаң далаға,
Қоңыр балшық құмдарға
Халқымды айдап салдың сен.
Көпкүмбезді Құмкентті
Құмға айналдырып,
Жойдың сен.
Әй, тақсыр хан, ұлы хан!
Биенің екі емшегі бар:
Біреуі егер жоқ болса
Екіншісінен сүт шықпас.
Міне, қос өркешті түйеде,
Бір өркеші жоғалса,
Екіншісінде қуат қалмас.
Жерінен айырдың халқыңды
Бақ-береке ұшты бағыңнан.
Балапаның жау жаққа ауыпты,
Ендеше, билігің де тайыпты!
Егер мен кәрілікке жеткенде,
Бір бастан екі бас жаратсам...
Екі бірдей ханға құл болсам
Әділдік қайда, хан, сонда?
Дәулетіңде шындық болмаса,
Басымды шауып түсірсең,
Қылышыңды қанға боясаң,
Тоқтамыс хан, хандық
қылышыңды сайла!
Міне, басым, міне, қаным,
Ал, алсаң, ал басымды!
Хан алдында сөзін бүкпей,
Құттықия тізе бүкті.
Хан Тоқтамыс тіл қатты:
«Әй, ноғайсың, әй, ноғай !
Маңғыттан туған, шыққан жат,
Тегі күмән, қаны былған
Жаттан қосылған ноғайсың !
Кеше ғана тірі едің,
Бүгін күлсің, тозаңсың.
Кеше би боп төрде едің,
Бүгін жолықтың өлімге.
Тұтасымен тұқымыңды,
Жер бетінен жоямын!».
«Әй, Дүрмен, Дүрмен би!
Айбынды айбалтаны қолға алшы.
Иілген қанжарды қынабынан суыршы.
Жау басына төндіріп ажал қаһарын,
Құттықияны — жалған биді
Басынан айыр, шауып ал !
Әйелі бар еді оның бір кезде,
Перизат еді көркіне тең келмес.
Бір перзент сыйлап кетіп еді,
Өз еліне қайта ұшып жөнелді.
Сол баланы тауып ал,
Тірі қалдырмай, көзін жой!
Ал сен, би Шақмағыш,
Оның киіз үйіне жет!
Шақпақ — сенің атың ғой,
Шақсын енді оттың жалын!
Құттықия — опасыз би,
Үйін қиратып, күлін көкке ұшыр!
Қираған үйін отқа орап,
Өртеп жібер, күлін шаш!».
Шеткерірек тұрған бір тұлға,
Даңқты би Жантемір еді.
Ел ішіндегі орны биік,
Алты ұлдың әкесі еді.
Хан балаларын тәрбиелеп,
Хан ісіне кеңес берген,
Ақылымен жол көрсеткен.
Ақсақал атанған абыз еді,
Ел қадірлеген ер еді.
Жас та, кәрі де сөз сұрап,
Кеңесіне құлақ түретін.
Қонышы кең етік киген,
Хан оны биік тұтатын.
Құттықиямен жас күнінде
Серттесіп, қанға бөккен сүттей,
Қандас болып анттасып,
Анда болған екеуі.
Тізесін бүгіп хан алдында,
Бас иді ол тағзым қылып.
Уа, тақсыр хан ием, ұлы хан ием !
Не қалар жерден айырылсаң?
Жерсіз қалған ел қалар,
Елінен жұрдай жұрт қалар.
Ел кетсе егер, не қалар?
Елсіз қалған ел қалар.
Ер кетсе егер, не қалар?
Адамсыз қалған жер қалар.
Жер-елің кетсе, не қалар?
Ананың сүті қалар!
Ал сүт те бір күн жоғалса,
Ақ омырауды емген тіл,
Тәтті сөйлеген бал тілі
Аман-есен қалар!
Тіл де кетіп, сөз өшсе,
Дананың жазған хаты қалар.
Дана басы өлім тапса,
Ұрпақта оның қаны қалар.
Ұрпағын да жау қырса,
Бір әулетті түгел жойса,
Ел ішінде жат жұрт қалар!
Тағдыр ұрған сорлы хан,
Ұрпақсыз қалып, отсыз-жар,
Қаңыраған жалғыз ордада,
Дел-сал болып, маңыраған
Жалғыз хан ғана қалар!
Ұлы ханым, әміршім хан!
Құттықия — сенің сұңқаршың.
Басына рақым қыла көр,
Жалбарынамын, мәртебелі хан!
Бір бабасы оның
Жау боп, елді жапырған,
Екінші бір бабасы
Жауға қарсы атой салған.
Бір бабасы құл болған,
Бір бабасы билік құрған.
Ал, үлкен атасы — Тұқлас Қожаһмет —
Әулие пір, қасиетті жан болған.
Бір атасы құлдық кешкен,
Бір атасы би боп өскен.
Құл жаңылысса — би кешірер,
Би жаңылысса — хан кешірер.
Кәрілік жасым үшін, хан ием,
Оның опасыздығын кешіргін.
Кешірмесең оның күнәсін,
Кешір ұрпағын, жалғасын.
Бүлдіршіннің қанын төкпегін,
Жас баланы өлімге кеспегін!
Жантемір би осылай деген еді:
Бірақ хан оның сөзін құптамады,
Қабыл алмай, қаһарына булықты.
Ашуына берік еді, мейірімі әлсіз,
Даңқы асқан Сарай шаһары,
Сексен көшеге созылған,
Жүздеген мұнара бой түзеген.
Бәрінен биік — Алтын Тас,
Одан кейін — Салқын Тас.
Жаза орны — сол бір мекен,
Кінәлі болсаң да, кінәсіз болсаң да,
Үкімге ұшырарсың сол жерде.
Хан әмір етті қаһарланып,
Сұңқаршының қол-аяғын байлатты.
Жаза алаңына алып келуді бұйырды,
Сол жерде үкімін орындатуды құп көрді.
Ұзақ күн еңкейіп, күн батқанда,
Зор томардың дәл жанында,
Құттықия тізерлеп жерге отырды.
Би Дүрмен балтасын қолына алды.
Жарқ етті балта - бір сәт қана,
Домалап басы түсті иығынан.
Хан - Жантемір сөзін құп алмады,
Жантемір де райынан қайтпады.
Не істеу керегін бірден аңғарып,
Өзінің ордасына қарай аттанды.
Жантемірдің алты ұлы бар еді,
Кенжесі Құбығыл атанған еді.
Бауырына туған баласын алып,
Құттықияның үйіне асықты.
Бесігіне баланы жатқызды,
Құттықияның жарлығын жасырды.
Қонышы кең етігінің ішіне
Құттықияның ұлын салып,
Алып келді өз үйіне.
Оның соңынан Дүрмен жетті,
Бесік ішінде баланы көрді.
Тыныш үйдің ішінде ақырып:
«Жер басып жүру саған не керек?
Хан жарлығы жүрсін сенің орныңа!
Әкеңнің мойнын қиған балта
Саған да енді төнсін, міне!
Шаш талындай мойныңнан өтсін!» — деді.
Сөйтіп сәбиді өлімге қиды,
Құбығұлды жазықсыз мерт қылды.
Шақмағыш келіп үйді шапты,
Құрғақ шөпке от қойып жақты.
Жүректерге қан құйған,
Әкені бассыз қалдырған,
Ауыр балта сермелді,
Бірақ ұлға тимеді.
Нәрестені тағдыр қорғады,
Өз орнына өзге жан,
жан тапсырды.
Хан жарлығы өлді сол сәтте,
Кінәсізді Құдай сақтады.
Өмірі қымбат еді оған.
Баланы етігінің қонышынан алып,
Жантемір былай деді:
«Тексіз болсаң да,
Тұқымсыз болсаң да,
Жалған дүниеге бас қадам!»
Сөйтіп, оған Едіге деген есім берді.
