Академия елге қызмет етемін деген жастарға мол мүмкіндік береді
ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл шымкенттік жастармен кездесті.

Ол Жастар ресурстық орталығында аталған академияға түсу талаптарын түсіндіру мақсатында «Қоғамдағы жастардың рөлі» тақырыбында жастармен әңгіме өрбітті.
«Соңғы жылдары президентіміздің бастамасымен мемлекеттік қызмет саласында жүйелі реформалар жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, президент жанындағы Жастар кадрлық резервінің жасақталуы — басқару жүйесіне жас, талантты, білімді әрі ізденімпаз жастардың келуіне жол ашты.
Мемлекеттік қызмет саласына ашықтық пен жариялылық және меритократия қағидалары батыл енгізіліп жатыр. Сондай-ақ, салаға факторлы-балдық шкала негізінде бағалау жүйесінің енгізілуі де мемлекеттік қызметшілердің нәтижелі еңбек етуге деген ынтасын арттырғанын да атап өткен жөн. Бір ауыз сөзбен айтқанда, бүгінде елімізде жастардың мемлекеттік қызметке келуіне, олардың өз білімі мен біліктілігін арттыру арқылы қызметте сатылап өсіп, табысқа жетуіне қолайлы жағдай жасалып отыр», – деді Ерлан Әбіл.
Ректор атап өткендей, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жыл сайынғы жолдауларында мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру мәселесі туралы айтып отырады.
«Бізге сапалық тұрғыдан жаңа мемлекеттік басқарушылар керек. Мемлекеттік қызметшілерді іріктеу және жұмыстан босату жүйесін заман талабын ескере отырып, қайта жасау қажет. Мемлекеттік қызмет жеке сектордағы кәсіби мамандар үшін барынша ашық болғаны дұрыс. Кадрлық резервті нығайту керек», – деген еді президент 2022 жылғы жолдауында.
Ал Ерлан Әбілдің айтуынша, өзі басқаратын академия мемлекеттік қызметке барып, елге қызмет етемін деген жастарға мол мүмкіндіктер ұсынады. Бұл академия мемлекеттік қызметшілерді оқыту жүйесіндегі басты оқу орыны ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын даярлаумен айналысатын бірден бір орталыққа айналған. Ол мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыруға және одан әрі дамытуға үлес қосып келеді.

Сондай-ақ ректор Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу барысы туралы айтып, магистратура және докторантура бағдарламаларына оқуға түсу жайын сөз етіп, жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Айта кету керек, Ерлан Әбіл осы кездесудің алдында Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласындағы филиалына барып, ондағы жұмыс барысымен танысқан болатын.
