Қаланы таза ұстау және абаттандыру ісінде жастардың үлесі мол
Күнгейдегі мегаполисте «Жасыл ел» еңбек жасақтарының кезекті маусымының жабылу салтанаты өтті. Оның ұраны – «Сен және мен – таза әлем!»

Көрме орталығында Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері басқармасының қолдауымен және «Алтын Орда» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік кеште қаламызды тазалауға атсалысып, абаттандырумен айналысқан жастар марапатталды.
Елімізді көгалдандыру, абаттандыру арқылы жастарды еңбекпен қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған «Жасыл ел» жобасына 1 500 жастан құралған еңбек жасағы қатысты. Биылғы күз маусымында «Жасыл қала», «Эко-керуен», «Қамқор», «Салауатты ұрпақ», «Таза қала өзіңнен басталады» акциясы бойынша жұмыстар атқарылды.
«Қала жастарын еңбекке баулу арқылы туған жерді қадірлеп, қастерлеуге үйретеміз. «Жасыл ел» бағдарламасы өмір сүріп жатқан ортамыздың тазалығы ғана емес, адамдар арасындағы қарым-қатынасты өзгертеді. Қаламыздың көрікті болуына тікелей үлестерін қосып жатқан жастардың еңбегі орасан зор. Мұндай еңбек өзінің нәтижесін бермей қоймайды. Сіздер тұрғанда біздің болашағымыз жарқын, тынысымыз кең болады. Алдыңғы аға буынның міндеті – сіздерді сол іске ынталандыру, жағдай жасау, қолдау көрсету», – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.
Айта кетейік, жастардың жұмыс тобы 5 ауданға бөлініп, күніне 4 сағаттан тиімді, пайдалы жұмыстар атқарды. Оның ішінде саябақтарды жапырақтан тазартты. Ардагерлер үйіне барып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Қала аумағында 14 000 көшет егіп, Абай саябағында 5 000 түп шырша отырғызды.
«Жасыл ел» – 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. Сол жылы Астана қаласында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының республикалық штабы құрылып, еліміздің барлық аймағында бөлімшелері ашылып, жұмысын бастап кеткен еді. Бұл бағдарлама күні бүгінге дейін көптеген жастың отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ұлы Абайдың сөзін өскелең ұрпаққа ұғындырып, жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік тудырды. Уақыт өткен сайын жалпыұлттық бастамаға үн қосып, қолдау білдіруші студенттердің, жалпы жастардың қатары артып келеді. «Ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет» немесе «бір тал кессең, он тал ек» деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек.
Түптеп келгенде, көп шаруа жастардың жұмыла қатысуымен бітетіні белгілі. Сондықтан да елдің гүлденуі, озық мемлекеттердің қатарынан орын алуы үшін бәрі жұмыла жұмыс істеуі керек.
Бұл бағдарламадағы басты бағыт – табиғатты қорғау, экологияны сақтау ғана емес, жастарды тәрбиелеу және еңбекке баулу.
