Денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстар оң нәтижесін беруде
Шымкентте денсаулық сақтау саласындағы ел саулығын көздейтін тың жобалар іске асырылды.

Елімізде халықтың өмір сүру ұзақтығының деңгейі 74,4 жасқа жетті. Өмір сүру ұзақтығының өсуіне экономиканың дамуы, әлеуметтік жағдайы, халықтың саламатты өмір салтын ұстануы сияқты факторлар әсер етеді. Шымкенттің денсаулық сақтау саласында бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар оң нәтижесін беріп келеді.
Бұл туралы қаланың ақпараттық-коммуникациялық орталығы хабарлады.
Қазіргі таңда шаһарда амбулаториялық деңгейде 53 медициналық ұйым қызмет атқарады. Оның 14-і мемлекеттік емхана және 39-ы жекеменшік медициналық ұйым.
Соңғы үш жылда шаһарда жаңадан 17 жаңа емхана ашылып, медициналық қызмет көрсетудің сапасы жақсарды және тұрғындар үшін дәрігерлік көмек алудың қолжетімділігі артты. Биыл қаладағы 4 емхана базасында ашылған «Үздік тәжірибелер орталығы» халық пен дәрігерлердің арасындағы байланысты күшейтті. Скрингтік тексерулер аурудың алдын алудың бірден бір жолы десек, оның өлім-жітімге соқтыратын қауіпті аурулардың алдын алуда маңызы өте жоғары.
2023 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша қаладағы медициналық ұйымдардағы скринингтік зерттеулер өз деңгейінде орындалып келеді. Айталық, олар қан айналымы жүйесінің аурулары бойынша 97,3 пайыз, қант диабеті бойынша 99,0 пайыз, глаукома бойынша 99,9 пайыз, жатыр мойны обыры бойынша 93,7 пайыз, сүт безі обыры бойынша 91,6 пайыз, тоқ ішек бойынша 93,5 пайыз орындалған.
Медицина қызметкерлерінің тиісті деңгейде жұмыс атқарып жатқанына бұл салаға мемлекет тарапынан тоқтаусыз қолдау білдіріп отырғаны себеп дей аламыз. Мемлекеттің басты құндылығы адам десек, оның денсаулығына көңіл бөлу – мемлекеттің басты мәселелерінің бірі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл наурыз айында VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде еліміздегі өзекті мәселелерге тоқтала келіп, денсаулық сақтау саласындағы бірқатар міндеттерді де атап өткен болатын. Ол денсаулық сақтаудың тиімді жүйесі адами капиталды дамытудың негізгі құрамдас бөлігі болып саналатынын айтты.
«Еліміздегі медицина инфрақұрылымын жақсарту қажет. Оның жай-күйіне қатысты түйткілдер аз емес. Мемлекет соның бәрін біртіндеп шешіп жатыр.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл-аймақта 600-ден астам нысан салу жоспарланған. Жұмыстың бәрі уақтылы әрі сапалы жасалуы керек. Бұл өте маңызды. Барлық жауапкершілік әкімдерге жүктеледі», – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ президент медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуы және олардың әлеуметтік жағдайы туралы мәселелерді қозғады.
