Діни экстремизм дегеніміз не?

Сурет: sarkan-gazeta.kz
Біз «Дін – апиын» деп Ленин жазғанын оқып өстік. Бірақ ол бұл сөзді Карл Маркстен алған. Ал зерттеушілер бұл Маркстің де төл сөзі емес деп жүр. Жарайды, ол жағы бізге енді маңызды да емес.
Негізі, Маркс «дін – халықтың апиыны» дегенде оны апиынның тыныштандыратын, ауруды басатын, яғни емдік қасиетіне байланыстырып айтқан көрінеді. Ленин соны бұрмалап жіберген.
Діни экстремизм дегеніміз асыл дінімізді осылай бұрмалаушылардан, бұзушылардан келіп шықты ғой. Әйтпесе, Ислам болсын, Құдайға құлшылық ету жолының қай-қайсысы да адам өлтіруді, кісі ақысын жеуді, оның жолында қантөгіс жасауды дәріптемейді. Мұны діндарлар да, осы саланы зерттеушілер де айтудай-ақ айтып келеді. Алайда, өкінішке қарай, діни фанатизмнің жолына айнымастай болып түсіп алғандар осындай жөнге салар сөздерді құлаққа да ілер емес. Олар үшін өзіне ермегендердің бәрі – жау. Сөйтіп, ата жауымен, яғни «дінсіздермен» мәмілесіз айқасқа шығады. Яғни олар – радикалдық көзқарастағы әсіредіншіл адамдар. Солардың әрекеті бұл. Жалпақ тілмен айтқанда, діни экстремизм дегеніміз – осы.
Ал енді оның ғылыми негіздемесіне келсек, «Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық» (2010 ж., «Aruna» баспасы) кітабында мынадай анықтама берілген:
«Діни экстремизм Ислам құндылықтарын сақтау жолында үндеу тастаған өздерінің пікірлестерін діни принциптерді бұзушылар деген айыптаулармен кінәлайды. Діни-саяси экстремизм болса, әртүрлі діни пікірлерге негізделгеніне қарамай, олардың іс-әрекеттері Қылмыстық істер кодексінің баптарына сәйкес келеді. Яғни, діни-саяси экстремизм - діттеген саяси мақсаттарына қол жеткізу үшін, дінді қалқан ете отырып әрекет етуші, дінге ешқандай қатысы жоқ іс-қимыл. Басқаша атағанда –терроризм (лаңкестік). Мұндай әрекеттер көбіне мемлекеттің құрамын күшпен өзгертуге немесе үкіметті басып алуға бағытталады».
Яғни діни экстремизм әлдебір саяси топтардың құйтырқы, арам әрекетінен туындайды. Олар аңғал адамдарды арбап-арбауға түсіріп, бұл дін жолындағы шаһид іс деп сендіруге тырысып бағады. Тіпті сендіріп те жатады. Солай деп санасына сіңіріп, зомбиға айналдырған адамдарын өздерінің саяси амбицияларын орындау жолына жұмсап отырады.
Дінтанушы Нұрлыхан Қожабергенқызы «ҚазАқпарат» агенттігінің сайтында жарияланған «Діни экстремизм – діни фанатизмнің шектен шыққан түрі» атты мақаласында бұл бүлікшіл құбылыстың үш белгісін атап өтеді.
«Экстремизмнің бірінші белгісі - адамның надандыққа, көрсоқырлыққа негізделген өз көзқарасы, пікірінің орындалуын табанды түрде талап етуі. Мұндай адамдар басқа көпшіліктің қажеттіліктері мен шынайы жағдайын түсінбейді немесе түсінгісі келмейді. Экстремистердің екінші белгісі – олардың ешбір қажеті болмаса да, әр істе шектен шығуға бейім тұруы. Басқаларды да осыған итермелейді. Нәтижесінде адамдар арасындағы қалыпты қарым-қатынас бұзылып, қоғамдағы үйлесімді тіршілік арнасынан ауытқиды. Бұл әлеуметтік толқулардың тууына себеп болады. Экстремистік көріністің үшінші түрі сырт көзге байқалмайтын, адамдарға деген күдік пен сенімсіздіктен туады», – дейді дінтанушы.
Ол діни экстремизм діни фанатизмнің шектен шыққан түрі екенін дәл тауып айтып отыр. Осындай фанатизмнен әлгіндей бүлікшілдік идея, арам ниет шығады. Мұндайға бар ынтасымен берілгендер өздерін Алланың хақ жолына түстік деп санайды. Сөйтіп, өзгелерді қатарына көптеп тартып, «сауап» жинағысы келеді. Бірақ шын мәнінде солай ма? Әрине, олай емес. Сондықтан фанатизмге шалдыққандардың әрекетін жұртты дінге тарту емес, керісінше, одан жирендіру деп ұққан жөн.
Түптен келгенде, халық ондайларға ермеуі керек. Әр адам мұндай арам пиғылға әрдайым тойтарыс бере білуге тиіс. Діни экстремизмнің кеңінен өріс алуына жол бермеудің бірден-бір амалы – осы.
Оразәлі БАЙМҰРАТ
