Екпеден бас тартпаған абзал
Шымкентте баласына екпе салдырудан бас тартқан ата-аналарға вакцинаның маңыздылығы жайында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Балалардың уақытында екпе алуының маңызы зор. Бүгін осы мәселе бойынша емханаға қарасты екпеден бас тартқан ата-аналармен түсіндірме жұмысы жүргізілді.
Аула аралау барысында Шымкент қалалық №6 емхананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ұлбала Тілеубергенова екпенің маңыздылығына тоқталды. Бұдан бөлек аула аралауға, емхананың бөлім меңгерушілері,эпидемиолог , иммунолог дәрігерлер, психолог мамандар, әлеуметтік қызметкерлер, бас мейіргер, аға мейіргер қатысты.
Алдын алу және әлеуметтік психологиялық көмек көрсету бөлімінің мамандары, иммунолог, эпидемиолог, инфекционист дәрігерлер вакцинаның денсаулыққа тиімділігі, ағзаға әсері, әсіресе балаларда кездесетін жұқпалы аурулардың алдын алудағы ерекшеліктерін бүге-шігесіне дейін түсіндіріп берді.
Атап өтейік, қызылша – жыл сайын таралатын ауру. Дегенмен биыл елімізде қызылшамен сырқаттанған балалар саны ерекше артып отыр. Бұған екпеден бас тартатындар санының көбебі себеп деуге негіз бар.
Жақында Шымкент қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова қоғамда егілмегендер мен вакцинадан бас тартушылар көбейсе, ұжымдық иммунитет төмендейтінін, содан қоршаған ортада қызылшаның вирусы күшейіп, ауру өрши бастайтынын айтқан болатын. Сөйтіп, ол халық арасында қызылшаның алдын алудың бірден-бір жолы вакцинациялау екендігін жеткізді.
Адамдар екпе салдырудан діни ұстанымына байланысты бас тартып жататыны жасырын емес. Шымкентте бұл жағынан да түсіндіру жұмыстары жүргізіліп-ақ жатыр.

Шымкент қаласының Бас имамы Бақдәулет Әбідрахманов осы мақсатта баспасөз мәслихатына қатысты. Ол Ислам діні әрбір адамға өз өмірі мен денсаулығына дұрыс күтім жасауға және ауру-сырқаттан емделудің алдын алу жолдарын іздеуге міндеттейтінін, сондықтан діни тұрғыда екпеге тыйым салынбайтынын айтты.
«Вакциналау – белгілі бір жұқпалы аурудың алдын алу үшін қолданылатын әдіс. Ол адам организміне арнайы тәсілмен дайындалған антигендік қасиеті бар заттарды енгізу арқылы жүзеге асады. Вакциналау арқылы көптеген сырқаттардан сақтануға болады.
Ислам дінінде екпе жасауға тыйым салынбайды. Оған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисі дәлел: «Кімде-кім таңертең әжуа құрмасының жеті данасын жейтін болса, сол күні оған сиқырдың және удың зияны тимейді» (Бұхари). Ислам діні әрбір адамға өз өмірі мен денсаулығына дұрыс күтім жасауға және ауру-сырқаттан емделудің алдын алу жолдарын іздеуге міндеттейді», – деді Бақдәулет Әбідрахманов.
