Мазмұнға өту
Обложка сообщества Мемлекет

Еліміздің газы көрші мемлекеттерге көптеп ұрланып жатыр

Қазақстанда алынатын сұйытылған мұнай газы шет елдерге заңсыз әкетіліп жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің бүгінгі отырысында осыны айтты.

Фото: azh.kz

Бектенов осыған байланысты тиісті орындарға заңсыз экспорттың жолын кесетін жұмыстарды күшейтуді тапсырған.

Қазір елде бұл газды автокөлікке отын етіп пайдалану көлемі артқан. Ол алда да арта түсуге тиіс. Сондықтан бұл өнімнің есебін әрдайым біліп отырған жөн. Үкімет басшысы осыны да алға тартты.

Премьер-министрдің айтуынша, бізде сұйытылған газдың бөлшек сауда бойынша бағасы Қырғызстанға, Өзбекстанға және Ресейге қарағанда екі есе төмен. Оның сыртқа көптеп ұрлануына осы жағдай себеп екен.

«Бағаның төмен болуы ірі көлемде сұйытылған газдың шектес елдерге заңсыз шығарылуына әкеп соқты. Мен бұған дейін тиісті мемлекеттік органдарға сұйытылған газдың «көлеңкелі» экспортын, оның ішінде қылмыстық жауапкершілікті белгілеу арқылы жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырдым», – дейді Олжас Бектенов.

Осы тапсырмадан кейін болуы керек, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметі бойынша, сұйытылған газдың шет елдерге заңсыз тасымалына қатысты 14 деректің жолы кесілген. Премьер-министр бұл жұмысты жалғастыруды, әсіресе, тұтыну көлемі күмәнді түрде артып бара жатқан Абай және Атырау облыстары мен сыртқы елдермен шекаралас аймақтардағы жағдайды бақылауға алуды да тапсырды.

Сондай-ақ бүгін елімізде тауарлық газдың көтерме бағасы 1 шілдеден бастап орташа 14,6 пайыз өскені белгілі болды. Яғни оның өзіндік құны бір текше метріне 33 169 теңге болып отыр.

0
0
388

Осы тақырып бойынша

Еліміздің газы көрші мемлекеттерге көптеп ұрланып жатыр - Yvision.kz