«Ерікті еріккеннің ісі емес». Шымкентте волонтерлер форумы өтті
Күнгейдегі мегаполисте Жастар ресурстық орталығының қолдауымен Шымкент қалалық еріктілер форумы өтті.

«Ізгілікке жарысайық» қайырымдылық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен ауқымды іс-шара Халықаралық волонтерлер күніне арналды.
Еріктілер қазірдің өзінде көп іс атқарып келеді. Көпбалалы отбасыларға, мұқтаж жандарға азық-түлік жеткізіп, қиын-қыстау уақытта шұғыл көмектесіп, аянбай қызмет етуде.
–«Ізгілікке жарысайық» қайырымдылық қоғамдық қоры Шымкент қаласында еріктілер күніне орай, алғаш рет форум ұйымдастырып отырмыз. Қазақта «Ерікті еріккеннің ісі емес» деген керемет сөз бар. Осы құндылықты жастарға кеңінен түсіндіре білдік деген сенімдемін. Бүгінге дейін елімізде болып жатқан жағдай, қаншама істерде халықтың жанынан табылып жатқан осы еріктілер. Олар қоғамда өзін дәлелдеп те жүр. Жас кезінде волонтер болып жүргендер, қазіргі таңда көптеген жетістіктерге жетіп отыр», – деді «Ізгілікке жарысайық» қайырымдылық қоғамдық қорының директоры Қайрат Дәрібаев.
«Ізгілікке жарысайық» қайырымдылық ұйымында бүгінде 50-ге жуық волонтер бар. Олар қаламыздағы мұқтаж жандарға қол ұшын созып, шынайы қуаныштың себепкері болып жүр.
«Еріктілер – өз халқына, ұлтына қызмет ететін адам. Адамдарға көмектесу, қуанышының себепкері болу өзіме қатты ұнайды. Волонтер қатарында жүргеніме бір жыл болды. Сол аралықта көптеген іс-шараның куәсі болып, түрлі жарыстарға да қатысып та үлгердім. Ал бүгінгі форумда өзімді дамытып, білім алу үшін қатысып отырмын. Достарымды да, бауырларымды да осы қоғамдық іс-шараға тартудамын. Сол арқылы өзімнің жаңа қырымды ашып келемін және жаңа орта таптым», – деді волонтер Қуаныш Сатыбалдиев.
5 желтоқсан Халықаралық волонтерлер күні ретінде 1985 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 40-шы сессиясында бекітілген.
Кеше осы айтулы күнмен еріктілерді Twitter-де құттықтаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің волонтерлерге қолдау көрсете беретінін айтты.
«Біз өзгеге қол ұшын беретін жандарды әрдайым құрметтейміз. Еріктілер мейірімділік пен сүйіспеншіліктің, тілектестік пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. «Адал азамат» тұжырымдамасының тірегі – осы мызғымас құндылықтар. Қоғамға пайдалы іс-шараларға атсалысатын, қайырымдылық жобаларын жүзеге асыратын және мұқтаж адамдарға қамқорлық танытатын барша азаматтарға алғыс айтамын. Сіздердің жасампаздыққа толы қызметтеріңіз – шынайы отаншылдықтың көрінісі», – деп жазды мемлекет басшысы.
