Футбол алаңы жаңартылып, пайдалануға берілді
Шымкентте «Ордабасы» футбол орталығының алаңы заманауи талапқа сай жаңартылды.

Озық үлгіде қайта жабдықталған футбол алаңының салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан қала басшысы Ғабит Сыздықбеков пен Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов нысанның тұсауын кесіп, спортшыларға ізгі тілектерін жеткізді.
Бұл туралы Шымкент әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Игілікті іс федерация мен «Ордабасы» футбол клубы арасында нысандарды жаңарту мақсатында қолға алынған «Алаң» жобасы аясында қолға алынған. Бір айда атқарылған құрылыс барысында футбол алаңына италиялық үлгідегі газон төселіп, жаңа қақпалар орнатылды.
Қала басшысы мегаполисте бұқаралық спортты қолдау бағытындағы жұмыстардың ауқымды жүргізіліп жатқанын, осындай шаралардың бұқаралық спортты дамытудағы рөлі зор екенін атап өтті.
«Қайырымдылық істің бастамашысы болған Қазақстан футбол федерациясының президентіне алғысымды білдіремін. Нысанда жаттығатын жастарымыздың әлемдік деңгейде көрінуіне тілектеспін. Бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасауды жалғастырамыз», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Сондай-ақ әкім тұрғындарды балаларын осындай спорт түрлеріне беріп, бұл саланы үнемі қолдап отыруға шақырды.
Соңғы үлгіде жабдықталған футбол алаңында 250-ге жуық бала жаттығады. Солардың бірі – 10 жасар Санжар Нұрмахан. Ол енді жаңартылған алаңда жаттығудың жеңілірек болатынына қуанып жүр.
«Стадионның тесік жері көп еді. Ол кезде допты тепсек, оның ұшу бағыты өзгеріп кететін. Қазір алаң жақсы. Енді доп тепкенде, бағыты өзгеріп кетпейтін болды. Газонның Италиядан әкелгенін көрдім. Бұл, әрине, керемет», – дейді жас футболшы.
Ұзындығы 100 метрлік алаңға заманауи сертификатталған алюминий қақпасы орнатылды. Сонымен қатар мұнда 200 тонна кварц құмы мен резеңке түйіршігі төгіліп, жас спортшыларға барыншажайлы жағдай жасалған.
Жалпы, ауқымды жоба аясында биыл елімізде 4 футбол алаңын салу жоспарланған.
Шымкентте спортқа үлкен көңіл бөлініп келеді. Соның арқасында тұрғындардың осы салаға деген қызығушылығы артып отыр. Әсіресе, аяқдоп десе делебесі қозбайтындар кемде-кем. «Ордабасы» футбол клубының жетістіктері де жанкүйерлерге қуаныш сыйлаумен келеді.
Көбіне жоғары лигада ойнап, 2011 жылы тұңғыш рет Қазақстан кубогын, келесі жылы Қазақстан суперкубогын ұтып алған шымкенттік команда 1998 жылы құрылған. Ол 2000 жылғы маусымның ортасында "Жігер" және "Томирис" клубтарының қосылуымен "Достық" деген атауды иеленіп, 2003 жылы "Ордабасы" болып өзгертілді.
