Күнгейдегі мегаполис түнде де жарқырай түсуде
Шымкент қаласында жарықтандырылған көшелер саны артып жатыр.

Шаһар аудандарының аумақтарында көшелерді жарықтандыру жұмыстары жоспарға сай атқарылуда. Биыл Абай ауданында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 16 көшені жарықтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ал келер жылы 176 көшені жарықтандыру жоспарланып отыр.
Бұл туралы Шымкент қаласының ақпараттық-коммуникациялық орталығы хабарлады.
Әл-Фараби ауданы аумағында 14 көшені жарықтандыру жоспарланып, қазіргі таңда 8 көшеде (Әбдіразақов, Тыныбаев көшесі, Бөгет көшесі, 16 шағынаудан ішкі орам көшесі, Мәметов көшесі аумақтары) жұмыстар аяқталды. Қалған 6 көшеде жарықтандыру жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.
Тұран ауданында 22 көшені жарықтандыру жоспарға енгізіліп, қазіргі уақытта 13 көшеге жарықшамдар орнатылды. Атап айтқанда, Әбдірайымов (Жаңаталап ықшамауданы), Ескендіров, Әбсейітов (кіші Самал ықшамауданы), Аққыстау (Қазығұрт), Балапан Ата (4-ықшамаудан), Аққыстау, Қарашығанақ көшелері (Құрсай елді мекені) жарықтандырылды.
Еңбекші ауданы аумағында 28 көшені жарықтандыру жоспарланып, жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. 2024 жылы ауданда 192 көшеге жарықшамдар орнатылмақ.
Қаратау ауданы аумағындағы орталық 91 көше жарықтандырылған. Биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 30 көше жарықтандырылады. Олар – Сейфуллин, Ахтам, М.Әуезов және Бозжорға көшелері қиылысы, Абай, Жамалов, Мыңөрік, Атымтаев,Саяхат, Ақсұңқар, Қызылсу, Үшөзен, Шаян, бұрынғы Коммунистер, Әдия ТҮК, көп қабатты үйлер аумағы, Болашақ, Медеу, Дайрабеков, Ақбаев, Ахметбаев, Ақберен, Балқаймақ, Төле би, Баққон және атауы жоқ 5 көше.
Бүгінге дейін 19 көшеге толығымен жарық шам орнатылып, 11 көшені жарықтандыру жыл соңына дейін аяқталмақ.
Шымкент қаласы бойынша жалпы орталық маңызы бар 747 көшенің 518-і жарықтандырылған. Оның ішінде, 2022 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 165 көше жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 47 пайыздан 69 пайызға өсті. 2023 жылы жалпы 104 көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Жыл қорытындысы бойынша жарықтандыру көрсеткіші 69 пайыздан, 75 пайызға өседі деп күтілуде.
Айта кетейік, шаһардың инфрақұрылымын жүйелендіру мақсатында «Ақылды қала» жобасы негізінде жарықтандыру саласы автоматтандырылып жатыр. Көше жарығы диспетчерлік орталығы өткен жылдың мамыр айынан өз жұмысын бастаған болатын. Орталық арқылы көшенің жарықтандыру жүйелері басқарылып отырады. Яғни істен шыққан жарықшамдар кері байланыс арқылы автоматты түрде мониторда көрсетіледі және түнгі мезгілде көлік қозғалысы баяулаған кездерде жарық беру пайызы автоматы түрде төмендейді. Бұл электр қуатын едәуір үнемдеуге септігін тигізеді.
