Мазмұнға өту
Обложка сообщества Шымкент жаңалықтары

Күнгейдегі мегаполисте 240-тан астам көше жөндеуден өткізілді

Биыл Шымкентте жолдарды жақсы және қанағаттанарлық жағдайға келтіруді 71,2 пайызға жеткізу жоспарланған. Бұл бағытта ірі жолайырықтардан бөлек, жол жамылғысы тозған, магистралды және ішкі көшелерді жөндеуге басымдық берілген.

2023 жылы шаһарда 245 орталық магистраль және ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі таңда соның 241 көшесінде жөндеу жұмыстары аяқталып, ел игілігіне берілді. Сонымен қатар, орталықта жол жамылғысы тозған магистралды 31,1 шақырымды құрайтын 15 көше орташа жөндеуден өтетін болса, оның бірқатарында құрылыс аяқталды. Олар – Уәлиханов, Гагарин, Дулати, Қонаев, Тәуке хан, Қазыбек би, Желтоқсан, Назарбеков, Аймауытов, Қабанбай батыр, Анаров, Жансүгіров, Абай, Алпысбаев, Орынбаев көшелері.

Құрылысы қызу жүріп жатқан нысанның бірі – қаланың оңтүстік бағыттағы жалғыз кіру-шығу жолына жүктемені азайту мақсатында салынып жатқан 15,5 шақырымдық Қонаев даңғылының жалғасы. Жыл соңына дейін теміржол өткелінен Дамбовая көшесіне дейінгі аралықтағы Қонаев даңғылының жалғасы аяқталады деп жоспарланған.

Сондай-ақ, Қызылсай ықшамауданындағы теміржол өткелі арқылы кірме жолдың құрылысы 65пайызға орындалды. Жол 2024 жылы толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Теміржол асты өткелі тұрғындарды сапалы жолмен қамтамасыз етіп, қалаға тиімді қатынауына және қауіпсіз қозғалуына мүмкіндік береді. Төте жолдың қоғамдық көліктердің қатынауында да тиімділігі бар.

Күнгейдегі мегаполисте жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілумен қатар ондағы қауіпсіздік мәселесі де жіті назарда тұр. Өткен айдың соңында тұрғындардың талап-тілегі ескеріліп, М.Мәметова атындағы №35 орта мектептің тұсындағы Қазыбек би көшесінің бойына жасанды жол кедергісі орнатылды. Бұл кедергі мектеп оқушыларының қауіпсіздігі үшін өте маңызды.

Сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қ.Бақбаев көшесі мен Ташкент көшесінің қиылысына жаяу жүргіншілер жолағы сызылса, Жібек жолы және Сайрам көшелерінің қиылысында болатын көлік кептелісін айналып өту мақсатында ақпараттық белгі орнатылды. Ал Қабанбай батыр көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа жол жабындысы төселген соң толығымен қайта жол белгілері сызылды.

Жақында шаһардың қажеттілігі бар аймақтарына 15 бағдаршам орнатылғанын да айта кету керек.

Жалпы қалада 293 бағдаршам нысанын күтіп ұстау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Сонымен қатар 450 шақырым жол таңбалары сызылып, 4 000 қауіпсіздік белгісі қойылған болатын.

Осы жылы қаланың орталық көшелеріне заманауи үлгідегі жаңа 150 аялдама павильонын орнату да жолға қойылған. Осыған дейін белгіленген орындарға 140 шыны типтегі аялдама орнатылса, қалғанын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

0
0
181

Осы тақырып бойынша

Күнгейдегі мегаполисте 240-тан астам көше жөндеуден өткізілді - Yvision.kz