Күнгейдегі мегаполисте ұлтаралық татулық беки түсуде
Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Бахтияр Өнербаев өзбек этномәдени бірлестігінің көшбасшыларымен кездесті. Кездесу «Достық үйі» ғимаратында өтті.

Аталған басқармаға қарасты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиын барысында этносаралық тұрақтылыққа сызат түсіретін жағымсыз жайттардың алдын алу мәселесі қаралған. Бахтияр Өнербаев өзбек этномәдени бірлестігінің көшбасшыларына ішкі тұрақтылық пен жастар арасындағы этносаралық қарым-қатынасты одан әрі нығайту, жастармен жұмысты жандандыруға қатысты бірқатар нақты міндеттерді жүктеді.
Кездесуде Қазақстандағы өзбек этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрамжан Хашимжанов пен Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаев өңіріміздегі бірлік пен татулықты нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Бүкіл еліміздегі сияқты Шымкентте де ұлтаралық татулық жыл сайын артып келеді. Үшінші мегаполисте, әсіресе, төскейде малы, төсекте басы қосылған өзбек ағайынмен ара қатынас беки түсуде. Бұл жерде барлық этностардың бір-бірімен тату екендігін де айта кеткен жөн. Олар осы татулықтың ең алдымен қазақ тілі төңірегінде бекитінін жақсы түсінеді.
Биыл 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында еліміздің Халық ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясы өткен еді. Сонда сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өзге ұлттардың мемлекеттік тілді үйренуі маңызды екеніне тоқталды.
«Түптеп келгенде, бірнеше тіл білу – әр адамның мәдениеттілігінің белгісі. Ал мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу – қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді. Сондай-ақ қаншалықты патриот екенін көрсетеді. Жалпы, мемлекеттік тіл төңірегінде оң көзқарас ұстану қажет. Тіл мәселесіне қатысты барлық пікірталас этникалық емес, азаматтық және саяси сипатқа ие екенін түсіну маңызды», – деді мемлекет басшысы.
Ал жиынға қатысушылар президенттің бұл ойын қолдайтынын жеткізген болатын.
«Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің атынан алқалы жиында мен де ұсыныс-тілегімді ортаға салдым. Онда Ассамблея мүшелерін әлеуметтік құрылымдарда, әсіресе білім, денсаулық сақтау ұйымдарында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге атсалысуға шақырдым. Этномәдени бірлестік өкілдері сол арқылы өскелең ұрпақтың санасына бірлік, ынтымақ ұғымдарын ерте бастан сіңіруге үлес қоссақ, ертеңіміздің тұрақтылығына кепіл болмақ», – деді сол кезде аталған бірлестіктің төрағасы Тахирбек Нишанбаев.
