Күнгейдегі мегаполисте ғылымды дамытуға мол мүмкіндік бар
Шымкентте алғаш рет жас ғалымдар слеті өтті.

«QazScience: жас ғалымдар слеті» атты ғылыми іс-шараны ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырды. Бұған Шымкент қаласының әкімдігі, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы, «Alageum Electric» АҚ мұрындық болып отыр.
Елімізде алғаш рет өткізіліп жатқан осындай жиынға өңірдегі ЖОО басшылары, бизнес пен индустрия саласында жетістікке жеткен ірі өндіріс орындарының жетекшілері мен медицина, энергетика, нанотехнология, аграрлық, әлеуметтік және гуманитарлық салалардың ғалымдары мен олардың жас әріптестері қатысты.
Слетті Ұлттық ғылыми академиясының президенті Күнсұлу Закарья ашып беріп, бүгінгі жас ғалымдардың слеті еліміздің ғылыми әлеуетін, ғылым мен өндірістің байланысын, ондағы туындаған мәселелерді ортаға салып, жастардың ұсынысын тыңдауға жол ашатынын жеткізді.
«Бүгінде академия жанында ғылымды дамытудың 10 басым бағыты бойынша жас ғалымдардың жұмыс тобы құрылған. Қазір бұл топта 600-ге жуық жас ғалым бар. Жұмыс тобы жиі бас қосып, ғылымды дамыту жөніндегі ұсынысын ортаға салады. Академияның тағы бір маңызды жұмысы – өңірлік ғылымды дамыту. Бұл бағытта оңтүстік өңірге ерекше көңіл бөліп отырмыз. Экономиканың басты қозғаушы локомотиві ғылым болуы қажет. Сол себепті Академияда әр өңірдің басым салаларын зерделеп, зерттеу үшін перспективалы бағыттарды анықтауға назар аударып жатырмыз. Еліміздің ғалымдары аймақтардағы кейбір түйіткілді мәселерді шешуге арналған бірқатар жобаларды іске асыруға дайын. Академияға осы күнге дейін 100-ге жуық жоба мен ұсыныс келіп түсті. Біз бұл жобаларды әр өңір мен қала әкімдіктеріне жолдадық. Бұл өңірдегі ғылымның дамуына оң әсерін беріп, ел игілігіне қызмет жасайды деген сенімдеміз», – деді Күнсұлу Закарья.
Ал қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Бахтияр Өнербаев Шымкентте ғылымды дамытуға әлеует зор екенін алға тартты.
«Экономикада ғылымсыз ешқандай прогресс болмайды. Осы орайда Шымкент қаласындағы 8 жоғары оқу орнында 7 мыңдай ғалым мен педагог жас буынға дәріс беріп келеді. Қазіргі жаңа технология мен инновация дәуірінде үшінші мегаполисті қауіпсіз қала етуге, «Смарт-сити» құруға, қолайлы ортаны жасақтауға ғылыми жобалардың маңызы зор. Бұл бағытта жас ғалымдарға үлкен сенім артамыз», – деді Бахтияр Өнербаев.
Ұлттық ғылым академиясы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында ғылымдағы түйіткілді мәселелерді шешетін механизмді іске қосты. Еліміздің ғылым саласын дамытуға зор үлес қосып жүрген ғалым, ҰҒА вице-президенті Асқар Жұмаділдаев, ғылымды бизнеспен үлестіріп, жетістіктерге жеткен Серікжан Сейітжанов баяндама жасап, жобаларын ұсынды.
