Мазмұнға өту
Обложка сообщества Шымкент жаңалықтары

Күнгейдегі мегаполисті цифрландыру жоспарға сай жүзеге асырылып жатыр

Шымкент қаласында қазір байланыс операторларының 1200-ден аса базалық станциясы бар. Оның басым бөлігі Kcell мобильді операторына тиесілі.

Заман талабына сай интернет жылдамдығын асыру мақсатында биыл 126 орынға 5G технологиясы негізінде базалық станция орнатылғанын, солардың бірі Ж.Шанин атындағы театр ғимаратының шатырына қойылғанын бұған дейін хабарлағанбыз.

Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов театр шатырындағы базалық станциының осы өнер ордасы маңындағы 1 шақырым аумақты жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтитынын жеткізді. Оның айтуынша, 4G технологиясымен таралатын интернет жылдамдығы секундына 10 Мбит-тен жоғары болса, қазіргі озық технологиядағы станцияда 100-200 Мбит аралығында болады.

«Бүгінде тұрғындар интернет жылдамдығы төмендегені жайында жиі шағым айтып жүр. Шындап келгенде бір базалық станция мың абонентке интернет таратуға қауқарлы. Қазіргі ресми мәліметке сәйкес, қала халқының саны 1,2 миллион болғанымен, шаһарға күнделікті келіп жұмыс істейтін, келіп-кететін қонақтар, студенттер барлығы интернетті кеңінен қолданатынын да ескеру қажет. Сондықтан да қолданыстағы 1200-ден аса базалық станцияның қуаты жетпей отыр. Одан бөлек, кейбір аумақта халықтың тығыз қоныстануы, жер бедерінің сай жерде орналасқаны да желінің таралуына әсер етеді. Интернет жылдамдығынан мәселе туындамауы үшін қаламызда кем дегенде базалық станция саны 3 мыңнан асуы керек. Біздің басқарма байланыс операторларымен бірлесе отырып осы мәселені шешуде кешенді жоспар әзірлеп жатыр. Тұрғындарды сапалы интернет желісімен қамту үшін байланыс операторларына қолданыстағы 3G мен 4G станцияларын қайта жаңғыртуды және олардың санын қажеттілікке сай көбейтуді ұсынып отырмыз», – дейді Мұхит Кемелов.

Қала тұрғындарына интернетті қолжетімді етуе талшықтық оптикалық желінің де үлкен ықпалы бар. Бұл тұрғыда да тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Осы жүйемен шаһардың шеткері аумақтарын қамтып отырған «Ilink.net» компаниясының директоры Жандос Түкібаевтың айтуынша, олар оптикалық желіні 7 ықшамауданға жеткізген.

«Негізінен, оптикалық желіні елді мекендермен салыстырғанда қала орталығына тарту әлдеқайда тиімді. Өйткені бірнеше көпқабатты үйдегі пәтер саны бір ықшамаудан халқына пара-пар. Мұндай жерге компаниялар аз шығынмен көп абонентке ие болады. Біз Шымкент қаласының нарығына кіргелі тек елді мекендерге оптикалық желі тарту жұмысын атқарып жатырмыз. Шымкент қаласында қазір 10 мыңнан астам абонентіміз бар. Одан өзге кәсіпкерлік нысандарды да желімен қамтуға атсалысып жатырмыз», – дейді Жандос Түкібаев.

0
0
153

Осы тақырып бойынша

Күнгейдегі мегаполисті цифрландыру жоспарға сай жүзеге асырылып жатыр - Yvision.kz