Кәсіп ашқандарға қайтарымсыз гранттың шапағаты тиіп жатыр
Шымкенттік көпбалалы ана гранттың көмегімен жылыжайда құлпынай өсіріп, өнім ала бастады.

Шымкент қаласының тұрғыны Субхидам Мойдинова мемлекеттен алған қайтарымсыз грант қаржысына үй ауласындағы 1,5 соттық жерге жылыжай орнатып, 1500-ге жуық құлпынай көшетін отырғызған. Көпбалалы әрі ерекше бала асыраушы отбасы бұл күндері құлпынайдың кабрилла сортынан алғашқы өнімін ала бастады. Еңбекқор ана істің көзін тауып, аядай жерден жылына үш рет өнім алуды жоспарлап отыр. Өнімді мол алу үшін тамшылатып суару әдісін қолданады.
«Ниет болса барлығына қол жеткізуге болады екен. Үйде бала-шағаммен құр отырмайын деп осы істі бастадым. Әзірге құлпынайды дүкендерге өткізіп жатырмын. Шыны керек осы табысыма қайтарымсыз грант үлкен көмек болды», – дейді Субхидам Мойдинова.

Халықтың тұрмысын жақсартуда мемлекеттік қайтарымсыз гранттың үлесі орасан. Биыл Шымкентте «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы шеңберінде әлеуметтік осал топты азаматтарға арналған грант жалпы саны 452 азаматқа берілді. Грант алған азаматтар тағам өнеркәсібі, мал шаруашылығы, қызмет көрсету салалары, қолөнер және тігін тігу кәсіптерімен айналысуда. Қайтарымсыз грант осылайша отандық, оның ішінде шымкенттік өнім көлемін арттыруға септігін тигізуде.
Осы тұста кәсіп бастауға қайтарымсыз грантты қалай алуға болатыны, оның көлемі қанша екені жөнінде айтып өтсек дейміз.
Грант мөлшері 400 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), яғни 2023 жылы 1 миллион 380 мың теңге болады. Оны алу үшін business.enbek.kz порталына тіркеліп, сол жерден өтініш жазу керек.
Сондай-ақ грантты иелену үшін бірқатар шарттарға сай болу қажет. Негізі, жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыруға арналған мемлекеттік грантқа тіркелген жұмыссыздар мен жеке кәсіпкерлер (тіркелгеніне үш жылдан аспауы керек) үміткер бола алады.
Одан кейін өтініш беруші мынадай әлеуметтік санаттардың біріне жатуға тиіс:
- көпбалалы отбасы мүшелері (күйеуі, әйелі);
- мүгедектігі бар адамдар;
- "қандас" мәртебесі бар адамдар;
- қоныс аударушылар және олардың еңбекке қабілетті отбасы мүшелері;
- аз қамтылған отбасы мүшелері;
- асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар;
- мүгедек баланы тәрбиелеуші ретінде жәрдемақы алатын адамдар.
Сонымен қатар, үміткердің "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқығаны туралы сертификаты (үш жылдан аспайтын) болуы керек.
Өтініш беруші осының бәріне сай болып жатса, ол қайтарымсыз грантты бір рет қана ала алады.
Грантты қажетті еңбек құралдарын, мүкәммалды, технологиялық жабдықты, жануарларды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, көшеттерді сатып алу және үй-жайларды жалға алу мақсатында алуға болады.
