Әкім жергілікті жұрттың өтініш-тілегін орындауға ерекше мән беріп отыр
Шымкентте тұрғындарға қолайлы жағдай жасау шаһар басшылығының басты назарында тұр.

Қала басшысы Ғабит Сыздықбеков жергілікті жұрттың тілегі мен қауіпсіздігін ескеріп, мәселелермен арнайы барып танысты.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Ең алдымен, Тұран–2 шағын ауданындағы жедел сатысы істен шығып, тұрғындарды алаңдатқан № 40 «А» үйінің жағдайын бақылады. Тоғыз қабатты тұрғын үйдің құрылысы 2020 жылдың желтоқсанында аяқталып, 2021 жылдың 2-жартыжылдығында ел игілігіне берілген. Жеделсаты өндірістік қауіпсіздік сынағынан өткізіліп, қолданысқа тапсырылған. Түркияда шығарылған лифт (SRL 1000-KZ0015) 1000 келіге дейін жүк көтеруге қауқарлы болған.

Қазіргі уақытта лифт қондырғысы тоқтатылып, тиісті басқарма тарапынан жоспардан тыс тексеру жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, құрылғының іске қосылуы арнайы комиссияның шешімімен қабылданады. Қала басшысы жауаптыларға жеделсатыны тез арада қалпына келтіру бойынша тапсырма берді.
Екінші кезекте қала әкімі Жандосов көшесінің тұрғындары дабыл қаққан мәселеге көңіл аударды.
Кәсіпкер Жандосов көшесі № 29/1 «А» мекенжайында халық қатынайтын жолды жауып, айналасын қоршауға кіріскен. Мемлекеттік жер кадастрынан алынған мәліметке сәйкес, 2004 жылы 0,0638 гектар жер учаскісіне дүкенді жобалау және салу мақсатында қаулы шығарылған. Алайда сәулет жоспарлау тапсырмасы (СЖТ) әзірленгенімен, жобасы келісілмеген. Ал 2014 жылы сатып-алу келісімшарты негізінде жеке меншікке рәсімделген.
Мәселемен танысқан қала басшысы тұрғындар қатынайтын жол жабылмайтынын нақты айтты. Сондай-ақ жауаптыларға жағдайды назарға алып, мәселені заң аясында шешуді жүктеді.
Мегаполисте тұрғындарға үйінде немесе тұрып жатқан аумағында ғана емес, қоғамдық орындар мен үлкен көшелерде де қолайлы жағдай тудыруға мән беріліп жатыр. Мысалы, жақында «Алаш» базары маңында жаяу жүргіншілерге арналған жер асты өткелдері пайдалануға берілді. Оның құрылысы жарты жыл жүргізілген. Енді осы аумақтағы жаяу жүргіншілердің қатынауы жеңілдеп, көлік кептелісі азаятын болды.
Темірлан тас жолы арқылы өтетін жер асты жаяу жүргіншілер өткелінің ұзындығы – 42,5 метр, ені – 6,1 метр, биіктігі – 2,65 метр. Жобаға сәйкес, А-2 автомобиль жолындағы өткел ұзындығы — 36,5 метр, ені – 6,8 метр, биіктігі – 2,6 метрді.
Айта кетейік, қазір «Бекжан» базары маңында А-2 автомобиль жолы арқылы өтетін жер асты өткелінің құрылыс-монтаж жұмыстары да аяқталуға жақын. Өндірістік кестеге сәйкес нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
