Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. ЖАСТАРДЫҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ – «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ» МӘН МАҢЫЗЫ
Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан халқына Жолдауында ең негізгі бағыттардың бірі ретінде «Ғылымға негізделген экономика ең алдымен Қазақстан ғылымының потенциалының мүмкіндігін көтеру»,-деп көрсетті. Елбасы көрсеткендей жаңа зерттеулер мен инновацияларды көлемді қаржыландыруды жоспарлау ел болашағына құйылатын ұзақ мерзімді инвестиция болып табылатыны сөзсіз.
Қазіргі таңда әлем жылдам өзгеруе, жаңа дәуір келді, біздің көз алдымызда өзгеше мүмкіндіктері бар әлемдік шынайылық пен жаңашылдықтар.
Бүгінде Қазақстан экономикасына әлемдік нарықтағы қиындықтар тудырған бір қатар сыртқы факторлар кері әсер етуде, әлемдік дағдарыстардың болуы бізге байланысты емес. Ешкім әлемдік дағдарыстың пайда болуынан сақтана алмайды.
Бүгінде бізге ғылымның қандай бағытының керектігін, сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен қорғалатын диссертациялардың сапаларын бағалаудың қажеттілігін түсіну керек. Өндірістің барлық салаларын біліммен, ғылыммен қаруланған жас мамандармен қамтамасыз ету қажет, бірақ оның барлығы тікелей қазіргі қоғамдағы ғылымның қаншалықты танымалдығына байланысты екендігінде. Сондықтанда ғылымды танымал ету ең маңызды жаһандық мәселелердің бірі болып саналады.
Көпшілік жастар ғылымға аса бір құлшыныс таныта бермейді. Олар үшін құндылықтар да, олардың көзқарастары да басқаша. Жоғарғы оқу орындарының көптеген түлектері жылдам жетістікке жетуге тырысады, сол себептен олар бизнес саласына және басқа салаларға жеңіл табыс көзін іздеп кетеді. Және де ғылыми қызметпен айналысуға уақыттарын жұмсағылары келмейді, өздігінен ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызығушылық танытпайды, сол себепті ғылыми жұмыстарды дұрыс ұйымдастыру арқылы, ынталандырудың түрлі формалары мен әдістерін пайдалану арқылы жастарды ғылымға қызықтыру қажет.
Мұндай қолдаулар мен қызықтырулар әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде жас ғалымдар үшін аса маңызды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университет басшылығы шет елдермен түрлі байланыстар жасап, мүмкіндіктерге жол ашуға, барынша көмек корсетуге тырысуда. Ал бұндай қадамдар барлық жерлерде жасала бермейді. Ал жастар үшін бұл аса маңызды.
Ғылымда тез табысқа жете бермейсің, себебі ғылым ауыр еңбекті, көп тер төгуді қажет етеді. Көпшілік жастар үшін ол түсініксіз, күрделі әрі жалықтыратын іс. Және де әлі ғылымды танып білмеген, мүмкіндіктері мен икемділіктері бар көптеген жастар үшін ғылымға қол жеткізу қиын тәрізді көрінеді. Ғылым әлеміндегі үлкендердің өздері де көпшілік жағдайда, жастарға түсіндіріп, ғылымға тартуды көп қажет деп есептемейді, көңіл бөлмейді. Кейбір жастардың ынталарын қайтарады, өздеріне деген сенімділіктерін жоғалтуға ықпал еткендіктерін түсінбейтін жағдайлар да кездеседі. Ал жастар үшін қолдау мен қолпаштау ауадай қажет. Алға ұмтылуларына дем береді. Үлкен ғылым жолындағы аға-әпкелердің шыдамдылығы мен төзімділігі, тәжірибелерімен бөлісуі, алға жетелеуі аса маңызды.
Міне, осындай жағдайлардың әсерінен кейін кейбір жастар ғылымға барғанымен де, ешнәрсені түсініп парығына жете алмайды, ғылымды дамытуға ат салыспайды. Көпшілік жастар ғылыми атақ пен дәрежені алуға құмартқанымен де, ғылымды дамытуға келгенде салғырттық танытады.
Жастардың ғылымға көз қарасын қысқаша сараптай келе мені жас ғалым ретінде мынандай сұрақтар жиі мазалайды:
· Біз өзімізге есеп береміз бе? Біз ғылымды қалай дамытамыз? Егер біз ғылымға келмей жатып, ғылыми диссертациямызды қорғаған күннен бастап, салғырттық танытсақ, ғылымды қалай дамытпақпыз?
· Біз ғылыммен тек ғылыми атақ алу үшін, өзіміздің жеке басымыздың мақсаттарын орындау үшін және қоғамда өзіміздің жақсы орынымызды алу үшін ғана айналысамыз ба?
· Неге ғылыми диссертацияны қорғап, ғылыми атақ алғаннан кейін де ғылыми қызметкерлердің ғылымға сіңірген еңбектері мен қосқан үлестері, ғылымды қалай дамытып жатқандықтары бақыланбайды?
· Жастарды кімдер және қалай ғылымға тартып қызықтырып, ынталандыруы тиіс және үгіт-насихат жүргізу қажет пе?
· Жастардың ғылымға икемділігі мен бейімділігін қалай анықтау қажет, мысалы IQ тестін оқушылар мен студенттердің интеллектуалды функциясын өлшеу үшін сапалы өткізу мен оның нәтижесін қалай тиімді пайдалану керек?
· Біздің елімізде ғылыми зерттеулер мен жаңалықтардың экономикалық тиімділігінің коэффиценті неге тең?
Жоғарыда аталған сұрақтардың сараптамасы жоғарғы оқу орындары мен ғылыми мектептердің аясын қамтиды, сондай-ақ әрбір ғылыми қызметкерлерге де қатысты. Бұл сұрақтардың өзектілігін әрқайсымыздың ғылыми еңбегіміздің сапасын бағалаудағы сандық өлшемін көргенде ғана байқай аламыз.
Әрине, адамның ақыл-ой еңбегі мен әрекетінің қатты дамып жатқан кезеңінде шешілген маселелерден гөрі, шешілмеген мәселелердің көп екендігі белгілі, яғни ғалымның ашар жаңалығы көп. Ғылымның рөлі мен маңыздылығы зор.
Ғылымды дәріптеуде негізгі күш қарапайым оқытушының еншісіне тиеді. Студенттердің ғылымға қызығушылығы көбінесе оқытушының кәсіби шеберлігі мен білім деңгейіне, мәдени ұстанымына байланысты болады. Оқытушылар ішінде қалыпты жағдайдан өзгешерек білім берудің қызықты жолдарын іздестіріп, жастарды білім мен ғылымға қызықтырып жетелейтін оқытушылар баршылық. Осындай ұстаздардың жолын қуатын болашақ ұстаздарды педагогикалық жоғарғы оқу орындары инновациялық интеллектуалдық шеберліктермен көптеп қаруландыруы тиіс. Болашақ ұстаздардың интеллектуалдық шеберліктерін шыңдау үшін бірқатар қажетті жағдайлар жасалған кезде ғана, ұстаздан талап етілетін тұлғалық, зерттеушілік, кәсіби шеберлікке қойылатын барлық жоғары талаптары орындалады.
Бұл үшін не қажет? Алдымен, педагогика мамандығының ғылымдағы әлеуметтік маңыздылығы нормативтік құжаттарда анық көрсетілуі, әрі жас ұрпақты тәрбиелеу үрдісінде тұлғаны рухани тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратындығын негіздеудің қажеттілігі туындайды.
Болашақта ғылымның өзекті мәселелерін шешуде жас және жасөспірім ғалымдардың сатылап өсуіне мүмкіндік беретін жоғары оқу орындары мен мектептерде бірегей ерекше білім беру ортасын дамыту және кеңейту қажеттілігі де сұралады.
Бүгінгі таңда тығыз байланыс пен ынтымақтастық, яғни білім беруде жоғарғы оқу орындары мен мектептер арасындағы қарым-қатынас ғылымның әлеміндегі өз позициясын нығайтуға ғана емес, тиімді түрде дамытуға да мүмкіндік береді.
Нәтижесінде, жас және жасөспірім ғалымдар өздерінің интеллектуалды және шығармашылық әлеуетін пайдалана отырып, өмірде, кәсіптік салада өзекті мәселелерді анықтауда, оларды дұрыс бағалауда, талдауда, түсіндіруде, инновациялық және танымдық жағдайларға бейімделуде, қолданыстағы ақпаратты мақсатты түрде өңдеу мен синтездеуде, тәуелсіз іздеу, толықтыру, оңтайлы пайдалану үлгілерін білуде, зерттеу нәтижелерін болжауда едәуір тәжірибелік біліктілік пен дағдыларды игереді.
Сондықтанда, жастардың ғылым туралы ой-пікірлерін өзгертіп, ғылымды танымал ету үшін кеңінен насихаттау да қажет. Оқушыларға арналған ғылыми мектептерді ұйымдастыруды дамыту, олардың барлық оқушылар үшін (мүмкіндігі шектеулі балалар үшін) қолжетімді болуын қамтамасыз ету де өзекті. Жас ғалымдардың еншісіндегі ғылыми зерттеулер мен грантты қаржыландырылған жобалардың экономикалық тиімділігін кешенді бағалау мен соңғы 5-жылғы магистр және PhD түлектерінің ғылыми еңбектерінің әлеуметтік экономикалық тиімділігін бағалауды қолға алған да жөн. Оқушылар мен студенттер арасында интеллектуалды функциясын өлшеу үшін IQ тестін жүйелендіру және оның нәтижесін тиімді пайдаланудың да септігі мол.
Ұлттық идеологияны дамыта отырып, жастардың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру - заман талабы. Адами капитал –жаңғыру негізі болғандықтан, білім беру сапасына баса назар аударылуда, білім берудің озық жүйесін құру қолға алынуда.
Жастар өзгерістерге тез бейімделіп, озық білім мен құзыреттіліктерді игеруі үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев 2018 жылдың 10 қаңтарындағы Жолдауында: «Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуы тиіс» - деген болатын. Ендеше, ертеңгі болашақ жастардың қолында. Ғылым мен білімді игерген жастар еңселі еліміздің салауатты да салтанатты өміріне кепілдік беруі тиіс.
PhD Ожикенова А.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
