Мазмұнға өту
Обложка сообщества Наука

"Психологияның маңызы"

Қазіргі XXI ғасырда өмір мен қоғамның барлық саласы дамып жатқанда, психологияның да маңызы артып келеді. Психология – адамның жан дүниесі мен рухани болмысын зерттейтіні бәрімізге мәлім. Яғни, ол – сезімдер мен іс-әрекеттердің, мінез-құлық пен ақыл-ойдың көрінісі. Психологияны білетін адам өмірін өзі қалағандай жарқын етуге және барлық армандарын жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Сол себепті, өміріміздің барлық тармақтарында психологияның маңызы зор. Ал, менің өмірімде психология қандай рөл атқарады?

Қазіргі жастардың көбі психология жайлы біледі және қызығады. Мен де солардың қатарынан боламын. Осыдан бір жарым жыл бұрын психологиядағы «визуализация», «аффирмация» деген терминдерді зерттеп бастадым, маған осы тақырыптар өте қызық болды және шын жүрегіммен сендім. Солай, алғаш рет «армандар картасын» жасадым. Ең қызығы, көп уақыт өтпей-ақ жабыстырған суреттерім шындыққа айнала бастады. Осыдан кейін психологияның дәлелденген ғажайып сала екеніне тағы бір мәрте көзім жетті. Жалпы алғанда, психология менің өмірімде маңызды орын алады және болашақта да солай болады деп ойлаймын. Психология арқылы шешілмей жүрген мәлелердің шешімін тауып, күрмеуі қиын сұрақтардың жауабын алдым. Өзімнің ішкі әлеміме бойлай отырып, сыртқы әлемімдегі көп нәрсені жақсы жағына қарай өзгерттім. Психология өз-өзімді танып, қабылдауыма және отбасыммен, туыстарыммен қарым-қатынасымды нығайтуға көмектесті.

Алдағы уақытта психология менің кәсібіме де көмегін тигізетініне сенемін. Менің мамандығым адамдармен, қоғаммен әрдайым тікелей байланыста болғандықтан, психологиядағы «адамзат баласымен тиімді қарым-қатынас орнатуды» үйрену де артық етпейді. Психологияда сөзбен немесе іс-әрекетпен бірден адамның назарын аулауға болатын бірнеше амалдар да бар. Айта берсек, осы сынды дүниелер өте көп. Менің ойымша, болашақ кәсібімде психология пайдасын тигізбесе, зиянын келтірмейді.

Меніңше, көпшілік «психолог» деген сөзден қорықпай, психологияға біраз бет бұрса олардың жеке өмірлері мен кәсіптері рет-ретімен болатыны сөзсіз. Қорытындылай келе, психологияның менің өмірімде және кәсібімде өзіндік маңызды орны бар деп тоқталдым және оны дәлелдедім.

0
0
3694

Осы тақырып бойынша

"Психологияның маңызы" - Yvision.kz