Ұлттық қордан $1,1 млрд сату көзделген
Ұлттық Банк осы сәуір айында Ұлттық қордан 1 млрд АҚШ долларынан 1,1 млрд АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатуды көздеп отыр.

Бұл әрекет республикалық бюджетке трансферттер бөлуге Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша жасалмақ. Наурыз айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 0,9%-ға нығайып, 1 АҚШ доллары 446,77 теңгеге дейін қалыптасқан. Қазақстан қор биржасында сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 187 млн АҚШ долларынан 225 млн АҚШ долларына дейін ұлғайған. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 3,8 млрд АҚШ долларын құраған. «Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін наурызда 748 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 19%-ын және күніне 44 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады. Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операция жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді. Бұл тәжірибе Ұлттық қордағы операциялардың валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді» - деп жазылған Ұлттық банктің ресми сайтында.
