Ұлттық қордан балаларға берілетін төлем: әр балаға қанша қаржы түседі?
Елімізде бүгіннен, яғни 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Ұлттық қор – балаларға" жобасы іске қосылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордан балаларға ақша бөлуді қарастыратын заңға өткен жылы 16 қарашада қол қойған болатын.
Аталған жобаға сәйкес, еліміздегі кәмелет жасына дейінгі барлық балалардың есеп-шоттарына жыл сайын ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы теңдей бөлініп аударылып отырады. Оны 18 жасқа толғанда шешіп алуға болады.
Ақша есеп-шоттарға 2024 жылдың 1 ақпанынан түсе бастайды. Ал сол 1 ақпаннан кейін 18 жасқа толатын балалар бір жылдық төлемін шешіп ала алады.
Ұлттық қорды басқару Ұлттық банктің құзырында болғанымен, «Ұлттық қор — балаларға» жобасының үйлестірушісі — Қаржы министрлігі.
Ал операторы — Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ).
БЖЗҚ міндеті – нысаналы талаптарды (міндеттемелерді), нысаналы активтерді, нысаналы жинақтау шоттарындағы нысаналы жинақтарды есепке алу, нысаналы жинақтар төлемін жүзеге асыру.
Бала 18 жасқа толғанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында оған арналған нысаналы жинақтау шоттары ашылады. Бұл шоттағы ақшаны тұрғын үйге және білім алуға пайдалануға болады.
БЖЗҚ 18 жасқа дейінгі балалар туралы деректерді (ТАӘ, ЖСН) "Жеке тұлғалар" Мемлекеттік деректер қорынан алады. Бір балаға арналған мақсатты талаптардың сомасы осы мәліметтер негізінде есептеледі. Баласының бағдарламаға қатысушы болғаны туралы ақпаратты ата-аналар egov.kz порталындағы жеке кабинеттен ала алады.
Жалпы болжам бойынша, аталған жобаға қатысушы әр баланың есеп-шотына жыл сайын 150-160 АҚШ доллары көлемінде ақша түсуі мүмкін. Бірақ «Отбасы банкінің» басшысы Ләззат Ибрагимова 16 қарашада бұл көлемнің қатысушылардың санына байланысты өзгеріп отыратынын жеткізген еді. Сондықтан әр баланың кәмелет жасына толғанда Ұлттық қордың нақты қанша ақшасын пайдалана алатынын тап басып айту қиын.
