Мазмұнға өту
Обложка сообщества Шымкент жаңалықтары

Мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініш-тілектері тыңдалды

Шымкентте халықты әлеуметтік қорғау саласының басшылары арнаулы орталықтағы мүгедектігі бар адамдармен кездесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдады.

Шымкент қаласының тұрғыны Фаранас Исмаилова 8 жылдан бері дертке шалдығып, мүгедектер арбасына таңылған. Қазіргі таңда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты № 4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында емдік-оңалту шараларын қабылдауда. Мамандардың қызметі мен қабылдап жатқан еміне дән риза. Орталыққа арнайы ат басын бұрған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Руслан Тұңғышбаев пен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы Раушан Сейдакбардан тіпті қызмет алу күндерін көбейтуді өтінді.

Мүгедектігі бар азаматтар жеке оңалту парақшасына сәйкес қажетті құралдармен қамтамасыз етіледі. Қызмет алушылар тарапынан осы мәселеге қатысты бірқатар сұрақтар туындады. Руслан Тұңғышбаев алдағы уақытта оңалту парақшасындағы дәрігер нұсқаулықтарының орындалуын қатаң бақылауда ұстайтынын баса айтты. Ерекше күтімді қажет ететін жандар сондай-ақ сала басшыларынан әлеуметтік портал арқылы алатын мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қол арба мәселесі мен сауығып, аяққа тұрулары үшін тренажерлық залды көбейту керектігін жеткізді.

70 орынға лайықталған «№ 4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» 18 жастан асқан І-ІІ топтағы психоневрологиялық, тірек-қимыл аурулары бар азаматтарға жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Ғимарат толығымен бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Емдік дене шынықтыру, массаж және емдік-физиотерапия мен емдік ванна кабинеттері, еңбек терапиясы, мәдени бөлімдер және психологиялық-сенсорлық кабинеттер қарастырылған.

Айта кету керек, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы маусым айында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойған еді.

Бұған дейін депутаттар мүгедек адамдарға қатысты дискриминацияға жол бермеу мақсатында заңға бірқатар нормалар енгізген болатын. Енді мүмкіндігі шектеулі адамдарға қатысты "мүгедек" емес, "мүгедектігі бар адам" термині қолданылады. "Ұлы Отан соғысының мүгедегі" деген сөз "Ұлы Отан соғысы кезінде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы және ауруы салдарынан мүгедектігі бар адам" деген сөздермен ауыстырылады.

Әлемдік тәжірибеде "рeople-first language" деген түсінік бар. Яғни бірінші кезекте оның адам баласы екеніне мән беріліп, ауру-сырқаты жөнінде кейін айтылуы қажет.

0
0
197

Осы тақырып бойынша