Мазмұнға өту
Обложка сообщества Шымкент жаңалықтары

Медицина мамандары шет елде кәсіби шеберлігін шыңдады

30-дан астам шымкенттік дәрігер Түркияда біліктілігін арттырды.

Түркияда ұйымдастырылған біліктілікті арттыру бағытындағы кешенді шараларға күнгейлік мегаполистің медицина ұйымдарындағы бейінді мамандар – акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар, реабилитологтар, гематологтар, онкогематологтар, хирургтер, урологтар, травматологтар, неврологтар, эндокринологтар, кардиологтар мен онкохирургтер қатысты.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Шымкенттік дәрігерлердің кәсіби біліктілігін шыңдау мақсатында Денсаулық сақтау басқармасы Түркия мемлекетінің алдыңғы қатарлы мамандандырылған «Acibadem Healthcare Group Hospitals/ Acibadem University» орталығымен келісім-шарт жасаған. Ортақ келісім негізінде 32 медицина қызметкері біліктілігін арттырып қайтты.

Дәрігерлер тәжірибе алмасу барысында кәсіби дағдыларын жетілдіріп, түрлі тақырыпта дәрістер тыңдады. Сондай-ақ аталған университеттің семинарлары мен шеберлік сабақтарына қатысты. Хирургиядағы теориялық және практикалық жаңа әдістерді үйреніп, озық технологияға негізделген операция түрлерін меңгерді.

Енді «Acibadem Healthcare Group Hospitals/ Acibadem University» орталығы деген не, соған тоқталсақ.

Acıbadem медициналық университеті – Стамбұлда 2007 жылы ашылған жекеменшік оқу орыны. Университет көптеген медициналық пәндерді біріктіреді және денсаулыққа қатысты көптеген курстар мен кәсіби оқу бағдарламаларын ұсынады. Ол көптеген мамандықтарды, оқытудың жоғары кәсіби деңгейін, жоғары технологияларды және оқытудың инновациялық тәсілдерін ұсына отырып, студенттерге өзінің бейімді жағын табуға, мамандығы бойынша дұрыс шешім қабылдауға және кәсіби табысқа жетуге мүмкіндік береді. Осының арқасында университет түлектері Түркияда ғана емес, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болып жүр.

Медицина ғылымына мамандандырылған бұл оқу орынын Түркиядағы алдыңғы қатарлы медициналық мекеме – Acıbadem Healthcare Group-тың негізін қалаушы кәсіпкер Мехмет Әли Айдынлар ашқан. Ал Acıbadem Healthcare Group – төрт елде орналасқан жекеменшік көпсалалы клиникалар желісі.

Жалпы, шымкенттік дәрігерлер түркиялық әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатып келеді. Мысалы, биыл мамыр айының аяғында осы қалаға Түркияның белгілі дәрігері, Стамбұлдағы Жеррахпаша университетінің кафедра меңгерушісі Оскара Джидем бастаған бір топ маман келген еді. Олар осында бірнеше күн бойы ауыр науқастарды қабылдап, кеңесін айтқан.

Шетелдік медицина мамандары эпилепсияға шалдыққан науқастарға кеңес беріп, ауруды емдеу әдістері бойынша жергілікті дәрігерлермен тәжірибе алмасқан болатын.

0
0
214

Осы тақырып бойынша