Мемлекеттік активтерді беру ісінің заңдылығы мұқият тексеріледі
Шымкентте мемлекеттік активтердің берілу тәртібінің заңдылығын тексеретін жұмыс тобы құрылды.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жекешелендірілген және сенімгерлікке берілген мемлекеттік активтердің беру тәртібінің заңдылығын тексеру жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкім шығарды.
Құрылған жұмыс тобының құрамына қала әкімінің орынбасарлары, қалалық құқық қорғау органдарының басшылығы, қоғамдық кеңес мүшелері және басқа да заңдылыққа жауапты мекеме өкілдері енгізілді.
Жұмыс тобы бұрын мемлекетке тиесілі болған, кейіннен жеке меншікке немесе сенімгерлік басқаруға берілген қаладағы жер телімдері, ғимараттар, саябақтар немесе басқа да нысандардың беру тәртібінің заңдылығын анықтайтын болады.
Сондай-ақ, бұл жұмыс тобы алдағы уақытта да мемлекеттің меншігіндегі мүліктердің жеке меншікке заңсыз беріліп кетпеуін қатаң қадағалайды.
Бұл тұрғыда қала әкімі « Жұмыс тобының іс-әрекеті барынша ашық және әділетті болуын өзім тікелей бақылауда ұстаймын», – деді.
Айта кететін мәселе, осы уақытқа дейін заңға сәйкес алған мүліктер мен жер телімдері иелерінің алаңдауына негіз жоқ. Себебі, аталған жұмыс тобы мемлекеттік мүлікті заңсыз иемденген тұлғаларға ғана қатысты жұмыс жүргізетін болады.
Бүкіл ел болып Әділетті Қазақстанды құруға бет алғандықтан әрбір істе заң үстемдігін, ашықтық пен жариялылық қағидалары басшылыққа алынуы керек.
Осылайша, бүкіл ел болып Әділетті Қазақстанды құруға бет алғандықтан әрбір істе заң үстемдігін, ашықтық пен жариялылық қағидалары басшылыққа алынуы керек. Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та осыны қадап айтумен келеді.
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты биылғы халыққа жолдауында аталған мәселеге кеңінен тоқталды.
«Біз ашық әрі бәсекеге қабілетті экономика құрып жатырмыз. Сондықтан қайтарылған активтің бәрін ашық түрде және мемлекет үшін тиімді шартпен нарыққа шығару керек.
Жалпы, жекешелендіру және халықтық ІРО жұмыстарын барынша тездету қажет. Басты мақсат – активтерді басқару ісінің ашықтығын және тиімділігін барынша арттыру. «Самұрық-Қазына» қорының бейінді емес активтерінің бәрі жеке меншікке және халықтық ІРО-ға өтуі керек.
Үкімет бұл жұмысты 2024 жылдан бастап қолға алады. Келесі жылы «Air Astana» компаниясы халықтық ІРО-ға шығарылады. «QazaqGaz» кәсіпорны да осы жұмысқа дайындалуы керек. Ірі компаниялардағы мемлекет активтері саудаға шығуға тиіс», – делінген президент жолдауында.
