Qazaq Air-ді вьетнамдық компания сатып алып жатыр
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Сингапур бизнес форумының жабылу рәсіміне қатысып, сөз сөйледі. Qazaq Air-ді шетелдік компанияның жекешелендіріп алатыны осы жиында белгілі болды.

Фото: kzavia.com
Мемлекет басшысының айтуынша, географиялық алшақтық пен байланыстың нашарлығы ұзақ жылдар бойы екі мемлекеттің экономикалық ықпалдастығын тежеп келді.
Бүгінде жаһандану мен дамыған инфрақұрылымның арқасында елдер арасындағы өзара байланыс бұрынғыдан әлдеқайда жақсарды. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев отандық «Қазақстан темір жолы» компаниясы мен сингапурлық PSA International компаниясы арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытының немесе «Орта дәліздің» әлеуетін пайдалануға бағытталған синергиялық серіктестікті мысалға келтірді.
"Аталған бағыт Еуразия кеңістігіндегі ынтымақтастықты мүлдем жаңа деңгейге шығара алады. Бұл – Орталық және Шығыс Азиядан Еуропаға шығатын ең төте әрі орнықты жол. Сингапур компаниялары мен қаржы институттары бұл саладағы бизнес пен инвестицияның мүмкіндіктерін зерттеп, айтарлықтай пайдаға кенеле алады деп санаймыз. Вьетнамдық SOVICO Group компаниясының Qazaq Air авиакомпаниясын жекешелендіруін құптаймын. Бұл Қазақстан мен АСЕАН елдері арасындағы әуе қатынастарын жандандыруға мүмкіндік береді", – деді Қазақстан Президенті.
Кейінірек Қасым-Жомарт Тоқаев SOVICO Group компаниясының басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунгпен кездесті.

Бұл кездесу барысында да «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен SOVICO компаниялар тобына кіретін Aviation Holdings Company арасында Qazaq Air авиакомпаниясын сатып алу шарттарына қатысты міндет жүктейтін келісімге қол қойылғаны жария етілді. Алдын ала жасалған уағдаластықтарға сәйкес инвестор 5 жыл ішінде Boeing 737-Max8 және Airbus A320/321 модельді кемінде 20 ұшақ әкелуді жоспарлап отыр. Сатып алу-сату шартына қол қою және мәмілені аяқтау жұмыстары жақын арада іске асырылмақ.
Бүгін Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапармен Сингапурға барғанын бұрынырақ хабарлағанбыз.
