Рухани құндылыққа, қазақтың салт-дәстүріне діни ағым өкілдері неге жау?
Соңғы кездері осы мәселе күйіп тұр. Кейбір діндарлар әр жерде әртүрлі нәрсені айтып, халықтың түсініспеушілігін, тіпті наразылығын тудыруда. Олардың мұндайды қандай мақсатпен айтатынын біз білмейміз, бірақ жұртқа «адаспаңдар» деп алып, өздерінің шатасып жүргені хақ.

Фотоколлаж: adyrna.kz
Қазақтың қасиетті домбырасын харам дейді, инабаттылықты дәріптейтін әдемі дәстүрлеріміз – беташарды, келіннің сәлем салуын және тағы басқаларды шариғат заңына қайшы дейді. Әйтеуір, қай-қайсысы да халықты ұлттық құндылықтарымыздан, салт-дәстүрлерімізден аулақ жүруге үндеуге бейіл.
Біз осы тұрғыда белгілі этнограф Болат Бопайұлымен әңгімелескен едік. Ол жоғарыда аталған рухани дүниелеріміздің мән-маңызына тоқталып, бұлардың бір күнде пайда болмағанын атап өтті.
«Қазақ халқының рухани құндылықтары мен салт-дәстүрлері ғасырлар бойы қалыптасқан. Олар халықтың өмір салтына, дүниетанымына, моральдық нормаларына негізделген. Бұлардың ішінде қонақжайлылық, үлкенді құрметтеу, отбасылық құндылықтар сияқты қасиеттер бар.
Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде домбыра, беташар, келіннің сәлем салуы сияқты салт-дәстүрлер үлкен маңызға ие. Бұл дәстүрлер – халықтың рухани мұрасының бөлігі. Алайда, өзіңіз айтқандай, кейбір діни ағым өкілдері бұл дәстүрлерге қарсы шығып жатады. Мұның бірнеше себептері бар.
Мысалы, домбыра – қазақ халқының ұлттық аспабы. Ал оның әуендері – рухани мәдениеттің маңызды бөлігі. Дегенмен, кейбір діни ағымдар музыка мен аспаптарды қолдануды дінге сәйкес емес деп санайды, оларды діннен ауытқу деп есептейді. Исламның кейбір қатал ағымдары музыканы күнә деп қарастырады. Сондықтан олар домбыраның қолданылуына қарсы шығады.
Беташар — қазақтың үйлену тойындағы салттардың бірі. Онда келіннің бетін ашып, жаңа отбасымен таныстырады. Бұл салтта көбінесе діни емес өлеңдер оқылып, халықтың әдет-ғұрпына сай рәсімдер орындалады. Кейбір діни ағымдар бұл салтты исламдық емес деп санайды. Өйткені олардың көзқарасы бойынша мұндай дәстүрлер дінге өте қайшы.
Ал енді келіннің сәлем салуына келсек, бұл дәстүр бойынша, келін үлкендерге құрмет көрсетіп, арнайы иіліп сәлем салады. Кейбір діни ағымдар бұл әрекетті ширк (Құдайға серік қосу) деп қабылдауы мүмкін. өйткені олар мұндай құрмет көрсету тек Аллаға арналуы керек деп санайды», – дейді Болат Бопайұлы.
Ол діни ағым өкілдерінің ұлттық құндылықтарымыз бен
салт-дәстүрлерімізге неге жау екенін түсіндіре отырып, ақыры діни алауыздыққа алып баратын осындай әрекеттерді болдырмаудың жолдарын да айтып берді.
«Әртүрлі діни және ұлттық топтар арасындағы диалогты нығайту, түсіністік пен сыйластықты арттыру маңызды. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен рухани құндылықтары діни қағидалармен үйлесімді түрде қатар өмір сүре алатынын көрсету және насихаттау қажет. Қорытындылай келгенде, рухани құндылықтар мен салт-дәстүрлерді сақтай отырып, оларды қазіргі заманғы діни ағымдармен үйлестіре білген жөн. Бұл үдерісте, жоғарыда айтқанымдай, диалог пен өзара түсіністік басты рөл атқарады», – дейді этнограф.
Оның айтуынша, кейбір діни ағымдар дінді тек бастапқы қалпында, таза күйінде ұстануды талап етеді. Олар ұлттық салт-дәстүрлерді дінге қоспаған дұрыс деп санайды. Бірақ оның да «таза күй» екеніне көпшіліктің күмәні бар. Яғни, кейде имамдар жергілікті халықтың діни сауатсыздығын пайдаланып, өздерінің көзқарастарын үстем етіп көрсеткілері келеді де, сыңаржақ көзқарастарын алға тартады дейді Болат Бопайұлы.
Жалпы, имамдардың наразылығы жаңа біз айтқан үш нәрсеге ғана тіреліп тұрған жоқ. Оған мысалды көптеп келтіруге болады. Бұл жағдай, әсіресе, соңғы кездері үдеп барады. Кейбір діни ағым өкілдері адам айтса нанғысыз «дәлелдерін» келтіріп бағуда. Бұл жақсылыққа апармайды. Сондықтан да ендігі жерде дін мен дәстүрдің үйлесімдігіне жол таба білуге тиіспіз.
Оразәлі БАЙМҰРАТ
