Сегізінші қыркүйек
Мені сізбен кездестірген қоңыр күз…
Сол қыркүйек əлі менің есімде. Одан бері үш жылдан артық уақыт өтті ғой. Бұл “таныстық та” мен үшін тағдыр емес. Сіз, өзіңіз де білесіз ғой! Арамыз жер мен көктей екенін. Бәлкім бұл таныстығымыз маған сабақ та болған шығар… Қандай сабақ дейсіз бе? Оны сосын айтармын) Сіздің тарапыңыздан жасалынған көмектеріңіз бен ақылдарыңызды ешқашан ұмытпаймын. Сіз менің өмірімді аз да болса өзгерткен сияқтысыз. Сіз деп сыйлассақ та жасымыз бір. Бірақ ол тек қана сан екенін мен жақсы білем. Сіздің санаңыз менікінен əлдеқайда биік. Сіздің жеткен жетістіктеріңіз бір басыңызға жетерлік. Əлі де сізді биіктен көретініме сенімдімін. Жалғыз мен емес, сіз өзіңіз де солай ойлайсыз ғой. Сіз мақтауды ұнатпайсыз, сондықтан мен сізді мақтамаймын. “Жоғары оқу орыныма бергенімнен алғаным көп” десеңіз де көп жұмыстар атқардыңыз ғой. Баз біреулер мына қыз не жазып отыр деп, түсінбейтін де болар. Əрине, түсінбейді. Түсінбестікке толы күндерден қашан шығарым белгісіз. Сізбен таныстырған қоңыр күзге разы болсам да, бір жағынан, өкініш те бар. Ол өкініш менің жүрегімде қалып қойған жаңа із. Ол із сіздікі… Ол іздің орынын сізден басқа ешкім толтырмайтынын да білесіз. Сіз бен біз болып сыйласамыз, мұңдасамыз. Бірақ сіз менің, мына қыз жүрегімде не болғанын білмейсіз де ғой. Сізге деген сезімімді өлсем де айтпаспын. Осы құрып кеткір, намысшылдығымнын кеселінен талай рет опық жесем де, атыма кір келтірмеспін. Ол сезімімді біліп қалсаңыз, мені мысқылдарсыз, бәлкім аярсыз, ол жағы сізге ғана мəлім.
Сіз бен біз қарама-қарсымыз. Сіз от болсаңыз мен сумын, немесе керісінше… Сіз күнсіз, мен аймын, мың ғасырда бір рет қана кезігетін. Мен күннің шығысы болсам, сіз батысысыз… сіз биіксіз, сіз тым биіксіз… қолым түгіл, саусақтарымның ұшы жетпес… Сіз армансыз… бәлкім қиял да боларсыз… Дегенмен де мені өзгерткеніңізге рақмет… уақыт өте сіз де елеске айналарсыз… мен енді қаламаймын… енді сізбен сөйлеспеймін, мазаңызды алмаймын. Сіз де мені мазаламаңыз! Бар тілерім аяулы жан мен бақыт қана! Бірақ сол аяулы жан мен емеспін. Мен оған өкінбеймін. Мен сізді сағынармын, сағынамын…
Көшеде өткендердің арасынан менің жанарым сізді іздейді. Абай көшесі мен Байтұрсынова көшесі қиылысы соңғы көрісу еді… сіз кете бердіңіз, мен болсам ізіңізге қарап қалдым… Сіз де тектінің ұрпағы болғаныңыздан, мінезіңіз тік, сөзіңіз тура еді ғой. Сол қасиетіңізбен-ақ қаратқан жоқсыз ба?! Мен сізді ұмытпаймын. Қош болыңыз Маңғыстаудың жігіті… Мен сияқты Өскеменнің қызы қазақи жігітке әсте сай емес болар. Сіздің де іздегеніңіз басқа екенін жақсы білемін.. Қош сау болыңыз!
P.S. Иесі бар хат сияқты жазылған жазбам өткен күндерімнің асыл естелігі. Бұл сезім екі мың он алтының күзінде бүр жарып, гүлдеместен келесі жылдың күзінде өшкен. Бәлкім, бұл сезім менің бала махаббаттымнан кейінгі жауабын таппаған сезімім болар. Қазір жүрегіме діріл сездірмесе де сол күзде сездірген, сол күзде мені өзгерткен, сол күзде маған бақыт берген. Сондықтан мен оны махаббатқа баламасам да, жүргімнен орын тапқан асыл естелік ретінде білемін. Жиі ғашық болмаймын, бір жігітке көңілім ауса ұзаққа кетеді. Сондықтан, қазіргі уақытта өзімді ғашықтықтан алыс ұстап жүрмін... Қыз атаулыға жігітке ғашық болу ең қиын сезім, не ашып айта лмайды, не білдіре алмайды. Сондықтан, бұл сезімнің есігін жауып, өмірдің басқа кереметтерін де сезінуге жол берген дұрыс болар. Есіктің ар жағынан өзі-ақ іздеп келер...
