Сессия жабылып, Парламент каникулға кетті
Бүгін Парламенттің қос палатасының осы саяси маусымдағы соңғы бірлескен отырысы өтті. Онда депутаттар атқарылған жұмысты қорытындылады. Сөйтіп, VIII шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясы жабылды.

Фото: egemen.kz
«Палаталардың 5 бірлескен отырысы, Мәжілістің 39 жалпы отырысы және Сенаттың 43 жалпы отырысы өтті. Сессия барысында екі палатаның қарауында 179 заң жобасы болды. Оның 102-сі қабылданды. Сессия барысында депутаттар бірқатар маңызды заң жобасы бойынша Үкіметпен бірлесе жұмыс істеді. Біз басты қаржы құжатын – республикалық бюджетті қабылдадық.
Біздің жұмысымызда сайлаушылармен тығыз байланыс орнатуға ерекше көңіл бөлінеді. Осы сессияда Парламент депутаттары 800-ге жуық елдімекенді аралап, 2000-ға жуық кездесу өткізді. Сессия барысында Сенат пен Мәжіліс депутаттары Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдарға 727 депутаттық сауал жолдады», – деді соңғы сессияны қорытындылаған сөзінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
