Шағын және орта кәсіпкерлікті ірі өндіріс орындарына айналдыру көзделіп отыр
Шымкент қаласында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін бірнеше бағыт бойынша мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатыр.

Ресми ақпартқа сүйенсек, қалада 130 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысан бар. 2023 жылдың екінші тоқсандағы мәліметке сәйкес, ондағы өндірілген өнімнің көлемі 1,1 триллион теңге болып, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 32,9 пайызға артқанын көрсетті.
Кәсіпкерлікті ілгерілетіп, отандық өнімдердің үлесін арттыру үшін жыл басынан бері 3 592 жобаға 18,3 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілген.
Мемлекет тарапынан қабылданған ұлттық жобаның негізгі мақсаты – шағын және орта кәсіпкерлікті ірі өндіріс орындарына айналдыру. Ең алдымен кәсібін өркендетуге ниеттенген кәсіпкерге Ұлттық жобаның аясында 8 пайызбен 3 миллиард теңгеге дейін жеңілдетілген несие қарастырылған. Ал инновациялық жобаны жүзеге асыру үшін үлкен өндіріске қажетті ғимараттың жалдау ақысының белгілі бір бөлігін мемлекет өтеп береді. Мәселен, алғашқы жылы 75 пайызы, екінші жылы 50 пайызын, үшінші жылы 25 пайызы субсидияланады.
Ал өндіріс орыны өркендеп, дамып жатса, бағытына қарай қаладағы 5 индустриалды аймақтан орын беріледі. Бұл аймақтарда ауқымды жобаны жүзеге асыратын инвесторларға бірқатар жеңілдіктер ұсынылады. Оның ішінде, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жеңіл өнеркәсіп, химия өнеркәсібі, машина жасауға бағытталған. Кәсіпорын салуды көздеген инвесторға мемлекет тарапынан дайын инфрақұрылым, корпоративтік табыс салығы, жер салығы және мүлік салығын төлеуден босату, бұл аумақта өндірілетін тауарларға қосылатын салықтан, шикізат пен материалдар импортына қосылған құн салығынан, жобаны жүзеге асыру үшін шеттен әкелінетін қажетті жабдықтар мен қосалқы бөлшектерді жеткізу кезінде кедендік баж салығынан босату және коммуналдық қызметтің төмен құны секілді жағдайлар жасалады.
Одан бөлек, «Оңтүстік», «Тассай» және «Жұлдыз» индустриялық аймақтары аумағында «бір терезе» қағидасына негізделген жобаларды қолдау, ыңғайлы логистикалық орналасу, тауарлар мен қызметтерді жылжыту, дайын инфрақұрылым және жер телімін нарықтық бағадан төмен сатып алу немесе жалға алу мүмкіндігі қаралған.
Айта кету керек, президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 12 қыркүйекте отандық бизнес өкілдерімен кездесуі кезінде өзінің Қазақстан халқына жолдауында елімізді дамытуға арналған тың тәсілдер ұсынғанын еске салған еді.
«Біз экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға жеткізуіміз керек. Ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет. Осы бағытта біраз шаруа атқарылды. Дегенмен кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де болса бәсең, өз әлеуетіне сай емес деуге болады. Бізге шын мәнінде сапалы серпіліс қажет», – деген болатын мемлекет басшысы.
