Мазмұнға өту
Обложка сообщества Шымкент жаңалықтары

Шымкентте 30-дан астам көпқабатты үй жөндеуден өткізілді

Шымкент қаласында биыл жөндеуді қажет ететін 32 көпқабатты үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Осы жұмыс барысында 11 үйге күрделі, 21 көпқабатты үйге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Ағымдағы жөндеуден өткен үйлердің басым бөлігі Қаратау және Абай аудандарында орналасқан. Олардың ішінде Нұрсәт ықшамауданындағы 10 көпқабатты түрғын үй және Абай ауданының 189-орамындағы 11 көпқабатты тұрғын үй бар.

Жөндеу барысында көпқабатты үйлердің кіреберісі әрленіп, шатыры жаңаланған және жертөледегі тозығы жеткен кәріз жүйелері жаңасына ауыстырылған.

Ал, Нұрсәт ықшамауданындағы 3 көпқабатты тұрғын үйдің жеделсатысы істен шығуына байланысты қазір оған жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, шаһарда 16 көпқабатты тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстарын бюджеттік кредит есебінен тұрғынжай меншік иелерінің келісімімен қайтарымды негізде жүзеге асырылу жоспарланып, қазіргі таңда 11 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. 4 көпқабатты үйде жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Қайтарымды қаржы негізінде жүргізілген жөндеу жұмыстары аталған тұрғын үйлердің тұрғындарының 70 пайыз келісімі бойынша жүзеге асырылды. Сонымен қатар, меншік иелері жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемені өздері таңдады. Еске сала кетейік, биыл үшінші мегаполисте тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесін шешу мақсатында реновация бағдарламасы іске қосылған еді. Жаңа бағдарлама қаланың сәулеттік келбетіне кері әсер ететін ескірген ғимараттарды жойып, мегаполистің сәулеттік ерекшелігіне сай зәулім үйлер қатарын арттыру үшін қолға алынған.

Бағдарлама аясында бірінші кезекте тозығы жеткен тұрғын үйлер және тұрғындардың келісімімен басқа да үйлер бұзылуы тиіс. Сондай-ақ, тозығы жеткен үйлер аумағында орналасқан ғимараттар бағдарлама әкімшісіне реновациялауға жататын үйлердің тізбесіне қосуға өтініш білдіруге мүмкіндік берілді. Жоба жасалғанда абаттандыру жұмыстарына қажет болған жағдайда тұрғын емес үй-жайлар да бұзылды. 2023 жылы жалпы саны 86 пәтерден тұратын 6 тұрғын үйді бұзу жоспарланған болатын. Аталған үйлер Абай ауданында – 1, Әл-Фараби ауданында – 1, Еңбекші ауданында – 1, Тұран ауданында – 3.

Ал 2022 жылы Шымкентте 60 көпқабатты тұрғын үйге күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілгенін айта кеткен жөн. Қалада үйлерді қалпына келтіру жұмыстары алдағы жылдары да жүргізіле береді.

0
0
387

Осы тақырып бойынша