Шымкентте азық-түлік бағасын өсіруге жол берілмейді
Қала әкімдігі жағдайды бақылауда ұстап отыр.

Бүгінде Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын қымбаттатуға жол бермеу мақсатында бірқатар шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, айналым механизмі аясында кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз қаражаттар беру, делдалдық қызметті шектеу шаралары қолға алынған және қала аумағында азық-түлік жәрмеңкелері тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы хабарлады.
Басқарма ұсынған деректер бойынша, тұрақтандыру қорынан бөлінген қаражаттың есебінен айналым механизмі аясында «Magnum» және «Gramad» секілді ірі сауда желілеріне 2,5 миллиард теңге қарыз берілген. Сол арқылы аталған сауда желілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін келісім-шартта көрсетілген баға бойынша арзандатып сатады. Сондай-ақ, халық тығыз орналасқан аймақтарда үй маңында орналасқан дүкендерге де осы механизммен 1 миллиард теңге бөлініпті.
Сонымен қатар тұрақтандыру қорынан бөлінетін қаражаттың есебінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін өндіретін компанияларға да қарыз қаражаты беріледі.
Аталған басқарманың деректеріне сүйенсек, сиыр етін өндіруші «Каскасу-С», «Байтерек» және «Алтын төбе» шаруа қожалықтарына – 680 миллион теңге, көкөніс өсіретін жеке кәсіпкерлер Колесников және Сейдахметовке – 700 миллион теңге, тауық еті мен жұмыртқасын өндіретін «Шымкент құс» және «Қайнар құс» серіктестіктеріне – 370 миллион теңге берілген. Сондай-ақ, құмшекер, күнбағыс майы мен ұн өндіретін компаниялар мен наубайханаларға да айналым механизмі аясында қолдау көрсетілген. Соның есебінен кәсіпкерлер өз өнімдерін арзандатылған бағамен нарыққа шығарады.
Шымкент қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының деректері бойынша күнбағыс майы, құмшекер және қарақұмық жармасы бойынша жеткізуші қызметімен айналысатын кәсіпкерлермен 1,2 миллиард теңгенің келісім-шарттары түзілген. Бағаны қадағалау және делдалдық қызметті шектеу мақсатында жыл басынан бері арнайы комиссияның 80 отырысы өтіп, аптасына 2 реттен көшпелі жиналыстар ұйымдастырылып келеді.
Бұдан бөлек апта сайын қаланың 8 жерінде азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылып, күнделікті тұтынатын тауарлар нарықтан 10-15 пайыз төмен бағамен сатылып жатыр.
