Мазмұнға өту
Обложка сообщества Шымкент жаңалықтары

Шымкентте былтыр жазда құрылған Тұран ауданының даму барысы туралы айтылды

Әкім өзі басқаратын бесінші ауданның даму ерекшеліктері туралы айтып берді.

Тұран ауданының құрылуы халықпен кері байланыстың нығаюына ықпал етіп, тұрғындарды мазалайтын өзекті мәселелердің дер кезінде шешілуіне жол ашты.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Тұран ауданының әкімі Боранбай Болатбеков мәлімдеді.

—Шымкент қаласында жаңадан бесінші ауданның құрылуы — халықпен кері байланыстың нығаюына ықпал етіп, тұрғындарды мазалайтын өзекті мәселелердің дер кезінде шешілуіне жол ашты. Мәселен, тұрғындар көшені жарықтандыру мәселесін бізге айтады. Біз энергетика басқармасына өтінім беретін едік. Осы жағдайды қала басшылығына түсіндіріп едік, жарықтандыру бағытына бөлінетін қаржы бойынша шешім қабылдау өкілеттілігін аудан әкімдіктеріне берді. Соның нәтижесінде биыл Тұран ауданында 22 көше жарықтандырылса, 2024 жылы 200 көшені жарықтандыруды жоспарлап отырмыз, — деді Б.Болатбеков.

Брифинг барысында аудан әкімі жол құрылысы, шағал тас төсеу, сапалы электр қуатымен, ауыз сумен қамту, газдандыру бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Сондай-ақ, «Халық қатысатын бюджет» жобасының орындалу барысы туралы да баяндалды.

Шымкент қаласына қарасты Тұран ауданы 2022 жылы 7 шілдеде құрылды. Ауданның аумағы – 36,3 мың гектар (мегаполис аумағының 32 пайызы), халық саны 220 мың адамнан асады.

Ауданға 21 елді мекен мен тұрғын алабы және орталық аумақтар кіреді. Сондай-ақ, аталған ауданда 533 даңғыл мен көше болса, тұрғын үйлер саны - 39 357. Соның ішінде көпқабатты үйлер 526. Ал әлеуметтік нысандар бойынша 25 мектеп, 18 балабақша, 6 колледж, 6 денсаулық мекемесі, 5 саябақ бар. Жалпы, Тұран ауданы 9 секторға бөлінген. Ол Шымкенттің батыс бөлігінде орналасқан. Қаланың солтүстік-батыс жағында Жаңаталап ықшамауданынан Үргінбай ата және Жанкелді батыр көшелерінің қиылысынан басталады. Одан әрі Жанкелді көшесінің бойымен Бадам өзенінің арнасынан оңтүстік-шығыс бағытта Жаңаталап тұрғын алабын, Игілік тұрғын алабын, солтүстікке қарай Қорғасын-2 ықшамауданын айналып өтіп, Шардара көшесінің қиылысына жетеді.

0
0
261

Осы тақырып бойынша