Шымкентте әлеуметтік бейімдеу орталығын салу аса қажет болып тұр
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығына барып, мекеменің жұмысымен танысты. Бұл туралы әкімнің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Мұнда тұрғылықты жері, жеке басын куәләндыратын құжаттары жоқ, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметі есебінде тұратын адамдар қабылданады. Оларға 7 бағыт бойынша әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Төрт мезгіл ас-суы беріліп, уақытша баспана ұсынылады.
Орталық 160 орынға шақталған. Бірақ күн қатты суыған кезде мұнда келушілер көбейіп кетеді. Ал мекеме қызметкерлері қыс мезгілінде далада қалып қойғандарды барынша қабылдауға дайын екенін айтады.
«Біз алғашқы медициналық көмек көресетеміз. Келген адамның қан қысымын, жүрек қығысын, денсаулығын толық тексеріп аламыз. Ал құжат бойынша 8 қызметкер жұмыс істейді. Олар мекен-жайын анықтайды», – дейді бейімдеу орталығының маманы Серікболсын Әбдіқайымов.
Шымкентте өткен қыстағы аязда 10 күн ішінде 50 адам жүгініпті. Сондай қара суықта далада қалған жандардың әрқайсысын орталық мамандары оқшаулау бөлмесіне орналастырып, алғашқы көмек көрсетеді.
Мұнда келгендердің біразын үсік шалса, енді бірі өз еркімен қозғала алмайтын күйге жеткен. Арасында ащы суға салынып, отбасынан алыстап кеткендер де ұшырасады.
Айтқандай, бұл орталықты бірер жылдан бері паналап жүргендер де бар. Сондай тағдыр тауқыметін тартқандардың бірі – Ералы Байбеков бейімдеу мекемесіне өз еркімен келгенін айтады.
«2021 жылы келгенмін. Жақсы қарап жатыр. Дәрігерлер де жақсы. Балаларым Ресейде. Мұнда өзім келдім», – дейді үй-жайсыз қалған ол.
Сондай-ақ, мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар келетін болса, оларға әлеуметтік статус алуға көмек беріледі.

Орталық ғимараты 1983 жылы салынған. Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы болып 2000 жылы ашылған. 2006-2007 жылдары ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу жүйесі мен шатыры ауыстырылыпты. Қазір жеке тұлғаға тиесілі жер телімін мемлекет қажеттілігіне алып, қосымша 50 орындық 2 қабатты заманауи ғимарат құрылысын жүргізу көзделуде. Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастар басқармасына жер телімін мемлекет мұқтаждығына алу үшін ұсыныс хаттар жолданған.
Қала әкімі аталған басқарманың басшысына орталық аумағындағы 0,0535 га жер телімінің легализациясымен жеке тұлғаға заңдастырылу мәселесін зерделеп, шұғыл ретке келтіруді тапсырды. Ал сала басшысына әлеуметтік бейімдеу орталығы ғимаратына күрделі жөндеуден өткізу және қосымша ғимарат салу үшін зерделеу жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырма берді.
