Шымкентте медициналық ұйымдар күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті
Шымкент қаласында қызылша дерті бойынша эпидемиологиялық жағдайға байланысты жедел жәрдем қызметі, стационар мен емханалар күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Қазіргі кезде қызылшамен сырқаттану дерегі көбейіп барады. Сондықтан қалалық Жұқпалы аурулар ауруханасының төсек қоры 120-дан 260-қа дейін көбейтілді. Қосымша қалалық Клиникалық балалар ауруханасында 30 төсектік оқшаулау бөлімшесі ашылды.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген науқастарға дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін қабылдау бөлімі 5 боксқа ұлғайтылып, қажеттілігіне қарай стационарда бекет көбейтіледі. Оған қоса, күнделікті 5 дәрігер кезекшілікпен емделушілерге көмек көрсетуде. Сондай-ақ қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен Жұқпалы аурулар ауруханасына көмек көрсету есебінде емханалардан 2 дәрігер кезекпен медициналық жәрдем беріп жатыр.
Сонымен қатар қаладағы барлық емханаларда мобильді бригадалардың жұмысы күшейтілген. Тәулік бойы ауруханада амбулаториялық науқастарға консультациялық көмек көрсету ісі ұйымдастырылған.
Қазіргі уақытта қалада қызылшаға қарсы жалпы иммундау қарқынды жүргізілуде. Бүгінге дейін 29 892 азаматқа екпе егіліп, яғни бұл жалпы жоспардың 25,3 пайызын құрап отыр. Иммундауға 6 айдан бастап 11 ай 29 күнге дейінгі және 2 жастан 4 жасқа дейінгі балалар мен медицина қызметкерлері жатады. Иммундау процесін жүргізу үшін 187 егу пункті ұйымдастырылып, 49 көшпелі егу бригадасы жасақталған.
Айта кетейік, қызылшаның асқынуы ортаңғы құлақтың қабынуы, соқырлық, бронхопневмония, жатыр мойны лимфа түйіндерінің қабынуы, ларингит және энцефалитке әкелуі мүмкін. Сондықтан медицина мамандары ата-аналарға жауапкершілік танытып, балаларын вирустан сақтандыру үшін екпе салдыруға шақырып отыр.
Айта кетейік, қызылша дерті байланыс және ауа арқылы ауа тамшылары жолымен таралады. Вирус сыртқы ортаға ауырған адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде бөлінеді. Вирустың тез тарайтыны соншалықты, сыртқы ортада тұрақсыздығына қарамастан, ауа толқынымен ғимараттың вентиляциялық жүйесі арқылы таралған жағдайлар да болған.
Бұл аурумен ауырып жазылған адам өмір бойы иммунитетін сақтайды.
Қызылшамен ауырған аналардан туылған балалар 3 айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені осы аралықта олардың қанында анасынан берілген антиденелері сақталады.
Бұл дертке бұрын шалдықпаған және оған қарсы егілмеген адамдар қызылшаны жұқтыруға бейім болады және кез-келген жаста ауру жұқтыруы мүмкін.
Науқаспен байланыста болғандар 21 күн медициналық бақылауда болады және 72 сағат ішінде егуге жататындар егіледі.
