Шымкентте мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болған тұрғындар қатары артып келеді
Қалада 324 азамат арендалық пәтермен қамтылды.

Шымкент қаласы бойынша халықты баспанамен қамтуда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қалалық Тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваның айтуынша, биыл мемлекеттік бағдарлама аясында бірқатар тұрғындар баспанаға қол жеткізді.
Атап айтқанда, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын, көпбалалы отбасыларды және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай ақ бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерін арендалық пәтермен қамту жоспарланған еді. Қазіргі уақытта түрлі санаттағы 324 азамат арендалық тұрғын үйге қол жеткізді. Бұдан бөлек, тұрғын үй кезегінде тіркелген азаматтарға қосымша 505 арендалық пәтерді сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Оның 151-і балаларға, 135-і көпбалалы отбасыларға, 219-ы әлсіз топтарға арналған.
Жыл басынан бері 1 249 азамат ипотекалық негізде тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Оның ішінде, «5-20-25» бағдарламасымен 701 пәтер, «2-10-20 Бақытты отбасы» бағыты бойынша 486 пәтер, «Шаңырақ» бойынша 62 пәтер берілді. 2023 жылдың соңына дейін жаңа тұжырымдаға сәйкес, «5-10-20» бағдарламасы бойынша 540 пәтерлі 10 тұрғын үй, «2-10-20» бағдарламасы бойынша 324 пәтерлі 6 тұрғын үймен ипотекалық бағытта азаматтар қамтылады.
Жалпы, 2023 жылға 200 миллион теңге қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын тапсыру жоспарланып, төлем қабілеттілігін растаған 201 азаматқа 178,8 миллион теңге берілді. Өтінім қабылдау жалғасуда.
Айта кетейік, өткен айда Шымкент қаласында жұмыс істейтін жастарға 2023 жылдың соңына дейін арендалық бағытта 888 пәтер берілетіні хабарланған еді. Бұл туралы да Шымкент қаласы Тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаева айтқан болатын.
Биылдан бастап 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар санатына еніп, баспанамен қамтылуда мемлекеттік қолдауға ие болады. Мемлекеттік жастар саясаты жөнінде қабылданған заң бірнеше жаңа нормаларды қамтиды.
Бағдарламаға қатысушыға қойылатын негізгі талаптар:
- жұмыс істейтін және 35 жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматы болса;
- өтініш берушінің ай сайынғы табысы 40 АЕК-тен (айлық есептік көрсеткіштен) кем емес болуы (соңғы 6 ай ішіндегі);
- тұрғылықты мекен-жайы Шымкент қаласында үш жыл болуы;
- иеліктерінде соңғы 5 жылда ҚР аумағында тұрғын үй тіркелмеуі.
